Ұлттық құрама хоккейшілері әлем чемпионатында қандай нәтиже көрсетті?

614

Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы ойынын аяқтады. 

Ұлттық құрама хоккейшілері әлем чемпионатында қандай нәтиже көрсетті?

Турнирдің қорытындысы бойынша біздің команда 7 ұпаймен "В" тобында алтыншы орынды, ал жалпыкомандалық турнир кестесінде 11-орынды иеленді. Бұл туралы Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Бұл – біздің хоккейшілер топта бесінші орынды иемденген 2021 жылғы ӘЧ-ден кейінгі екінші нәтиже. Осылайша, 2025 жылы ұлттық команда әлем чемпионатының элиталық дивизионында қатарынан төртінші рет ойнайды. Қазақстандық хоккей тарихында мұндай әлі болмаған. Өткен біріншілікті Қазақстан құрамасы Норвегияға қарсы ойындағы жеңіспен бастады: 0:2 есебімен жеңіліп келе жатқан жерінен есе қайтарып, буллиттер сериясында жеңісті жұлып әкетті (3:4). Команданың алғашқы голын дебютант Максим Мухаметов салды. Плей-оффқа шыққан турнир фавориттері Чехия (1:5), Швейцария (0:5) және Канада (1:5) командаларынан жеңілгеннен кейін біздің команда Словакияға қарсы матчта екі ұпай жинады (4:3). Бұл матчта барлық төрт буллит жетер жеріне жетті. Эмоционалдық және физикалық тұрғыдан ауыр матчтан кейін біздің хоккейшілер турнир иелері – Латвияның тегеурініне төтеп бере алмады да, ірі жеңіліске ұшырады – 0:7. Қарсылас үшін бұл матч плей-оффқа жолдама алуда шешуші болды. Словениямен соңғы кездесу ештеңені шешпеді, Қазақстан мерзімінен бұрын элит-дивизиондағы орнын сақтап қалды. Алайда жеңіс әлемдік рейтингте көтерілу үшін маңызды болды. Матч барысында біздің командаға ұдайы қарсыласты қуып жетіп отыруға тура келіп, әрбір кезеңнің алғашқы минуттарында шайба өткізіп отырды. Алайда Мухаметов салған гол Қазақстанға негізгі уақытта жеңіс сыйлады – 4:3.

Қазақстан мен АҚШ құрамалары турнирдегі ең жас команда болды, ойыншыларының орташа жасы – 25 жасқа дейін. АҚШ құрамына 21 жастағы Тайлер Клеверді қосқан үшінші матчқа дейін біздің команда ең жасы болды. Қайткенде де "В" тобындағы барлық қарсыластардың жасы үлкен болды. Қазақстан құрамасының ең жас ойыншысы Дінмұхамед Қайыржан – 19 жаста, ең жасы үлкен Роман Старченко турнир кезінде 37-ге толды.

Алғаш рет ересектер деңгейіне 10 ойыншы аяқ басты – Максим Мухаметов, Батырлан Мұратов (екеуі де – 1999 ж.т.), Тамирлан Гайтамиров (2000 ж.т.), Мади Диханбек, Әлихан Өмірбеков, Артем Королев, Максим Мусоров, Данил Бутенко (барлығы – 2001 ж.т.), Абай Маңғысбаев (2002 ж.т.), Дінмұхамед Қайыржан (2003 ж.т.). Сондай-ақ элиталық дивизионда алғаш рет бұған дейін бірінші дивизионда ойнаған қорғаушы Кирилл Полохов ойнады.

Турнирде біздің команда соққыларды іске асыру бойынша тоғызыншы орынды, артық құраммен салу бойынша екінші орынды (35,71 пайыз) иеленді. Алайда кем құрам көрсеткіштері бойынша 13-орын – 65,22%.

Қазақстан құрамасының үздік сұрмергені – үш гол салған шабуылшы Максим Мухаметов. Бір қызығы, форвард – құраманың топтық кезеңдегі бірінші және соңғы голдарының авторы. Үздік бомбардир атағын 6 (2+4) ұпай жинаған Евгений Рымарев иеленді. Роман Старченко (1+4) мен Никита Михайлис (2+3) бес ұпайдан жинады. Қорғаушылар арасынан Әділ Бекетаев үздік бомбардир атанды, оның қоржынында 4 (1+3) балл бар. Жалғыз голды ол Канада құрамасының қақпасына салды. Валерий Орехов екі шайбаның авторы атанып, үш балл (2+1) жинады.

Голкипер Андрей Шутов өткен біріншіліктің қаһарманы атанды, оның қақпасына топтық кезеңдегі ең көп соққы – 209 соққы бағытталып, ең көп сейв жасалды – 185. Тойтарылған соққылар пайызы – 88, 52.

Элит-дивизиондағы орынның сақталуы хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуші елді таңдайтын дауыс берудегі Қазақстанның мүмкіндігін арттырды. Чемпионат өткізуден үмітті екінші кандидат – Германия болды. Дауыс беру нәтижесі бойынша Германияның өтініші 102 дауысқа ие болды, бұл 75 пайыз. Қазақстанның өтінішіне 34 адам дауыс беріп, яғни 25 пайыз жинады.

Айта кетейік, әзірге хоккейден биылғы әлем чемпионы анықталмады. Бүгін Канада мен Германия құрамалары кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу