Минск қаласындағы Футбол үйінде Беларусь футбол федерациясы қауымдастығының (АБФФ) Төтенше Атқару комитетінің отырысы өтіп, маңызды шешім қабылданды. Алдағы халықаралық жолдастық матчтың өтетін орны ауысты.
Беларусь пен Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы 5 маусымға жоспарланған кездесу бастапқыда Минскідегі "Динамо" Ұлттық олимпиадалық стадионында өтеді деп жоспарланған еді. Алайда, мамырдың 24–25 күндері стадионда өткен іс-шаралардан кейін алаң айтарлықтай зақымданып, мамандардың қорытындысы бойынша, алаң төсенішін қалпына келтіруге кемінде екі апта қажет.
Осыған байланысты матч Борисов қаласындағы "Борисов-Аренада" өтетін болды. Бұл шешім УЕФА және Қазақстан футбол федерациясымен келісілген.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жолдастық матчтан кейін келесі ойынын 9 маусым күні өткізеді. Бас бапкер Әли Әлиевтің шәкірттері 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Македониямен "Астана-Аренада" кездеседі.