Ұлттық құраманың спорттық киімі бөлшек саудада сатылмайды – министрлік

Интернетте ұлттық құраманың ресми экипировкасына сырттай ұқсайтын өнімдер пайда болды.  

Ұлттық құраманың спорттық киімі бөлшек саудада сатылмайды – министрлік Фото: Видеодан скриншот/ҚР Спорт комитеті

Туризм және спорт министрлігі Қазақстан ұлттық команданың формасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомствоның баспасөз хатшысы Балым Адамиденованың сөзінше, былтыр Туризм және спорт министрлігі алғаш рет ұлттық құрама спортшыларын Under Armour брендінің бірыңғай жазғы және қысқы экипировка жиынтықтарымен қамтамасыз етті.

"Бұл – Қазақстан ұлттық құрамаларының мүшелеріне арналған сапалы кәсіби спорттық киім. Мемлекеттік рәміздер бейнеленген әрбір жиынтық спортшыларға жеке түрде беріледі және еркін сатылымға шығарылмайды. Қазіргі уақытта түрлі интернет-платформаларда ұлттық құраманың ресми экипировкасына сырттай ұқсайтын және соның атынан сатылып жатқан өнімдер пайда болды. Мұндай өнімдердің Қазақстан ұлттық құрамасының ресми формасына қатысы жоқ", – делінген хабарламада.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Under Armour брендінің түпнұсқа спорттық киімдерін, оның ішінде осыған ұқсас спорттық костюмдер мен басқа да экипировка үлгілерін брендтің ресми дүкендерінен сатып алуға болады.

"Алайда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құрамаға тиесілі белгілері бар өнімдер бөлшек саудада сатылмайды. Under Armour компаниясы да өз тарапынан брендті заңсыз пайдалану және контрафактілік өнімдерді тарату фактілеріне қатысты тиісті құқықтық шаралар қабылдап жатыр. Осы ақпаратты ескеріп, Қазақстан ұлттық құрамасының ресми экипировкасы ретінде ұсынылатын жалған өнімдерді сатып алмауға шақырамыз", – деп хабарлады министрліктің баспасөз хатшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу