Ұлттық нақыштағы туындыларды жасап, табыс тауып отыр...

2370

Айдана Ерімбет – отандық интерьер дизайнері.

Ұлттық нақыштағы туындыларды жасап, табыс тауып отыр... Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ол этно үлгідегі жиһаз бен үйге қажетті декорлар жасаумен айналысады. Он жылдан астам тәжірибесі бар маман өзін дизайн саласындағы кәсіпкермін деп те айтады. Otyrar аспалы шамы, Lashyn арт-орындығы, Jylan qaiys үстелі, төте жазумен өрнектелген Astau, Qorqyt креслосы, заттарды салуға арналған Jibek joly табағы, қошқар мүйіз оюы бедерленген орындық, Quraq korpe орындығы, Asyq қобдишасы.

Бұл Айдана Ерімбеттің қолынан шыққан ұлттық бояуға қанық туындылардың бір бөлігі ғана. inbusiness.kz сайтының тілшісі интерьер дизайнерін сөзге тартты.

– Айдана, бұл салаға қалай келдіңіз? Жұмысыңызды қазақы құндылықтарды дәріптеу деп түсіндіруге бола ма?

– Жалпы бұл менің миссиям деп айтсам болады. Өйткені кішкентайымнан ата-анам "осы қыз суретші болады-ау" деп айтып, осы салаға баулыған. Көркемсурет мектебіне барып, ұлттық билермен айналысып, өнерге толыққанды берілген жан болдым. Сондықтан тоғызыншы сыныптан соң колледжге интерьер дизайнері мамандығына оқуға түстім. Себебі әкем маған бұл сала кәсіби тұрғыдан шыңдалуыма көмектесетінін айтып, өз ақылын берді. Әкем бізге жастайынан Майкл Джексонды емес, отандық әншілерді үлгі етіп, Шәмші Қалдаяқовты тыңдатып, спортшылардан Майк Тайсонды емес, Бекзат Саттархановтарды айтып өсірген. Біздің ұлттық қаһармандарымызды көріп өстік. Содан да болар таңдаған мамандығымда туған елімнің атын танытамын деген миссия пайда болды. Ұлттық тақырыптарды зерттеуге қатты қызықтым. Шынымды айтсам, ол кезде материалдар жоқтың қасы. Кейін Алматыдағы политехникалық университетке сәулетші мамандығына түсіп, қашықтан оқыдым. Көпбалалы отбасыдан шыққандықтан, оқуға төлеуге мүмкіндік болған жоқ. Оқу мен жұмысты қатар алып жүрдім. Сол кезде дизайн студияда тәжірибе жинай бастадым.

– Қазір елімізде интерьер дизайн саласы қалай дамып жатыр? Халық тарапынан сұраныс қандай деңгейде?

– Бұл сала сұранысқа ие әрі қаржылық тұрғыдан өте тиімді. Сондықтан интерьер дизайн саласына көбі келеді. Бірақ нарықта сапа деңгейі де сәл түсіп кете береді. Адамдар екі ай оқиды да, "күшті маманмын" деп ойлайды. Бұл дұрыс не бұрыс деп айта алмаймын, әркімнің өмірде өз жолы бар. Алайда өз мамандығыма келген кезде сапаға, қызметке деген талабым өте биік. 2018 жылы дизайн студиямды ашып, қызықты жобаларды жүзеге асырдым. Интерьер дизайны дегеніміз ең алдымен сервис. Осы салада жүрген 11 жыл ішінде түсінгенім әртүрлі дизайн деңгейін қажет ететін клиенттер болады. Біреуіне мына дизайн қалыпты болса, екіншісі еуропалық үлгіге немесе қазіргі трендке еліктейді, ал біреулердің талғамы тіптен биік. Оларға ерекше дизайнерлер керек, алайда Қазақстанда мұндай клиенттер өте сирек. Себебі оның бюджеті де жоғары. Қаншама қазақ отбасының үйін жасап, құруға көмектесіп жүрмін, сондағы өнер саласына қызығушылық жоқ болғанына кейбір кезде таң қаламын. Мәселен, үй салған кезде бәрі керек жиһазды сатып алады. Оның бәрі – экспорт. Шетелден келген бұйымдармен үйін толтырады. Бірақ қазақы бұйымдар жоқ, қырғыздың немесе өзіміздің сырмақтар болуы мүмкін. Ұлттық сезім болу үшін бәрі үйден басталуы керек. Тәрбие бір басқа болса, материалдық дүние бөлек. Жұмысымның жай сервис болғанын қалаған жоқпын, сондықтан да мән-мағынаға ие, тарихта орын алатындай ауқымды жоба жасағым келді. Өнер саласына келген кезде қарасам, өнер туындыларының бәрінің бағасы біздің миллионерлерге ғана арналған. Мұнда қалай интеграция жасай аламын деп ойландым. Үйге жөндеу жұмыстарын жасаған кезде адамдар белгілі бір бюджетпен кіріп жатады. Мұнда да сәл қиындық туындайды. Масс-маркет пен өнер саласын алсақ, екеуінің арасы жер мен көктей. Осыдан кейін мен collectible design саласына қатты назар аудара бастадым.

– Толығырақ тоқталсаңыз...

– Коллекциялық дизайн саласында әр бұйымның атқаратын қызметі болады, олар эстетикалық талғамға да сай. Мәселен, орындық, шам, астауды күнделікті өмірде қолданамыз. Олар қазіргі заманның интерьеріне де сәйкес келеді. Оларда ұлттық идея бар. Оған қазақтар ғана емес, шетелдіктер де қызыға алады. Мәселен, 3-4 жасар бала оюмен ойнап, оның түстері есінде қалады. Яғни мұнда құндылық та бар. Мен де осы коллекциялық дизайнды қолымнан келгенше жүзеге асырғым келеді. Мұнда баға жағынан нарық деңгейіне сай қолжетімді бұйымдармен қатар, көрмелерге арналған музей форматындағы бұйымдар да бар. Осы миссия экспортқа да өте қолайлы, ішкі нарыққа да тез тарала алады. Қазір жойылып бара жатқан қолөнер саласындағы түрлі бағыттарды да дамытады.

– Сіз қай жақтың шеберлерімен жұмыс істейсіз?

– Шеберлер Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрады. Мысалы, ағаш мүсіншісін алсақ, біз Зеренді, Көкшетау жақтағы апатты ағаштарды жинақтап, оларды мүсінге дайындаймыз. Мұның өзі жарты жылдай уақытты алады. Біз отандық материалдармен жұмыс істейміз. Мәселен, Lashyn арт-орындығын алайық. Мүсінді жасауға да әжептеуір уақыт кетеді. Көкшетаудың қайыңынан жасалады, орындықтың негізіне кейде киізді пайдаланамыз. Бұл да отандық шеберлердің қолымен жасалады. Dubai Design Week-ке қатысқан кезде шетелдіктер Lashyn-ға қызығып, туынды Италия, Нидерландыдан асты. Шынымды айтсам, ұлттық тақырыпта қызықпайтын клиенттердің өзі осы арт-орындықты алып жатады. Себебі оның қазақы тарихы бар. Кішкентай шеберханаларға астау немесе арт-орындыққа тапсырыс беріп отырған кезде жергілікті материалдарды өңдей бастаймыз, шеберханалар өсе бастайды. Шығармашылық топта Inhouse мамандар, аутсорс мамандар бар. Биыл тағы да жобамызды кеңейтуге толыққанды бизнес процестер дайындалды.

– Болашақта шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?

– Осы уақытқа дейін көп маманмен жұмыс істедім. Оларға білгенімді үйреттім, олар да өздеріне керек тәжірибе жинақтап алды деген ойдамын. 4 жыл, 2 жыл жұмыс істегендер бар. Бәрімізді осы өнер саласы біріктірді. Шығармашыл үндестігіміз ойдағыдай жүзеге асты деп ойлаймын. Мен уақытқа байланған дүниелерді ұнатпаймын, мәңгілік дүниелер жаныма жақын. Әрине, саламда онлайн курс ашып жатқан тұлғалар өте көп. Бірақ бұл уақытша құбылыс сияқты.

– Өзіңіздің жасап жатқан жұмысыңызды қандай топтарға бөлесіз?

– Біздің дизайн студияда көп жоба тұрғын үйлермен байланысты. Онда кейде ұлттық нақыштың бірде-бір тамшысы болмауы мүмкін. Өйткені көбі мені дизайнер ретінде біледі. Бұдан басқа өз миссиямды жүзеге асыруға тырысып, этножобаларды көп аламын. Көбінесе олар – коммерциялық жобалар. Дейтұрғанмен, әрқайсының концепциясы әртүрлі. Мысалы, жақында Өскемендегі бір қазақы мейрамхананың интерьерін дайындадық. Шығыс Қазақстан облысының көрікті жерлерін көрсетуді мақсат етіп, басқа бір концепция ойлап таптық. Жалпы қазақы деген нақыш тек қазақы ғана бола бермеуі керек. Тарихты оқысақ та, оның түрлі кезеңдерден тұратынын білеміз. Тағы бір үлкен жобаны бітірдік. Онда да этнодекорлар қолданылды. Бірақ бұл тұрғын үй болғандықтан, сақ кезеңіндегі ежелгі өнерді таңдадық.

Жалпы алғанда бізде қазір түрлі бағыт дамып келе жатыр. Дизайн студияда коммерциялық және тұрғын үй жобаларын жүзеге асырамыз, сонымен қатар бізде галереяның бұйымдарын аудиторияның назарына ұсынатын боламыз. Бұйымдарды дайындау өте күрделі процесс. Соңғы жасаған жұмыстарымның бәрінде ұлттық дәм тамған идеялар бар. Тағы бір бағыт – өнер саласындағы қазақы әдебиеттерді жинап, оны галереямда ұсыну және дәріптеу. Фэшн, графика немесе этнография саласындағы дизайнерлер осындай әдебиет арқылы ақпарат алатын болса, бұл ертең дұрыс ақпарат болып таралады. Егер біз интернетте таралған дүниелерден шығаратын болсақ, оның тереңділігі болмайды. Сондықтан осы салада еңбек еткен тұлғалардың кітаптарын іздеп, зерттеу арқылы бұйымдарымда қызықты идеяны тауып жатамын. Болашақта кітап шығару ойымда бар.

 

– Тұрғын үйлерге интерьер жасауға сұраныс көп келеді деп айттыңыз. Шамамен бір қазақстандық қанша қаражат жұмсауға дайын болуы керек? Бағасы қолжетімді ме?

– Әрине, қолжетімді. Бірақ бізде сапа және дизайн концепцияның деңгейі бар. Инстаграм арқылы жобаларымызды қарап, кейін келіп жататындар бар. Олардың бюджеті сай болмаса, бас тартуға тиіспіз. Себебі біз қалаған бюджет сапаға сәйкес келеді. Командаммен қатар жөндеу жұмыстарына қаншама адам қатысады.

– Сіздің идеяңыздан туындаған этностильдегі декорларды қайдан алуға болады?

– Сату бөлімі енді құрылып жатыр. Бұйымдарды сату каналдарын да біртіндеп өсірудеміз. Біздің өз клиенттеріміз бар, оларға маусымдық каталог жіберіп отырамыз. Мысалы, Наурызға арналған каталог жібереміз. Сондай-ақ көп хат, сауал Инстаграмға келіп түседі. Инстаграмда контент жасаймыз, қызығушылық білдіргендер бұйымдарды алып жатады. Бұдан бөлек шетелдік онлайн платформаларға біртіндеп шығуды да мақсат етіп отырмыз. Бірақ оған дейін өндіріс барысын реттеп алуымыз керек. Жалпы бұл step by step жүзеге асатын жұмыс.

– Ұлттық өнерді жандандырғысы келетін, интерьер саласына қызығып жүрген жас мамандарға қандай кеңес бересіз?

– Ең алдымен базаны білу керек. Егер де бұл саланы таңдайтын болсаңыздар, онымен толыққанды танысу қажет. Университет, колледжді бітірсеңіздер де, студияда, командада жұмыс істеп көрген абзал. Бұл – үлкен мектеп. Сонымен қатар белгілі бір бағытты таңдап алған да жөн. Мәселен, осы мамандықты қосымша бір хоббиіңізбен интеграциялайтын болсаңыздар, медицина, бьюти индустрия, этнография, география болсын, ертең теңдесі жоқ маман болып шығасыздар. Өйткені интерьер дизайны бір ниша болғанымен, оның қазір тармағы өте көп. Әрбір әріптесімнің өзінің белгілі бір саласы бар. Бастапқыда стратегия құрып, қимылдайтын болса, дұрыс бағыт болады. Біздің Қазақстанның нарығы жас. Бірақ әрқайсымыз ортанқол дизайнер болсақ, нарықта ешқандай сапа болмайды. Керісінше әрбіріміз дамитын болсақ, отандық қана емес, шетелдік нарықта да сұранысқа ие болуға болады.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу