Ұлттық Олимпиада комитеті 25 жылдығын тойлады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3434

Салтанатты кешке елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Азия Олимпиада кеңесінің басшысы шейх Ахмад Аль-Фахад Аль-Сабах қатысты.

Ұлттық Олимпиада комитеті 25 жылдығын тойлады Фото: akorda.kz

Кеш деректі фильмнің көрсетілімінен басталды. Экранда Ұлттық олимпиада комитетінің қызметі, атқарған істері, Қазақстан спортшыларының ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктері мен маңызды жеңістері тізбектеліп, ел спорты мен Олимпиадалық қозғалысы тарихынан сыр шертті.

Еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің ширек ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты кешті елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, барша қазақстандықтарды құттықтады. Қазақстан президенті Олимпиадалық қозғалыстың қазіргі замандағы маңызының зор екендігіне айрықша тоқталып өтті. Әрі Қазақ елі спортшыларының халықаралық аренадағы беделінің одан әрі арта түсеріне сенімді екендігін білдіріп, ел намысын қорғап жүрген қыз-жігіттерімізге толағай табыс тіледі.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев осы кештің құрметі қонағы, Азия Олимпиада кеңесінің басшысы шейх Ахмад Аль-Фахад Аль-Сабахты олимпиадалық қозғалыс пен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін мерейтойлық медальмен марапаттады.

Өз кезегінде шейх Ахмад Аль-Фахад Аль-Сабах ҚР Ұлттық олимпиада комитетін 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, торқалы тойдың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан спортшыларына тың жетістік тіледі.

Бұдан кейін Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бахтың бейнежазба арқылы жіберген құттықтау сөздері көрсетілді. Онда ХОК президенті Қазақстан спортшыларының ерен жетістіктері мен әлемдік спорттағы беделін ілтипатпен атап өтіп, ҚР Ұлттық олимпиада комитетін ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтады.

Содан соң салтанатты кеш эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты. Бірақ тек еліміздің күміс көмей әншілері ғана емес, олармен бірге Қазақ спортының жұлдыздары да бірге ән салып, би биледі. Концерттік бағдарламаның арасында Серік Қонақбаев, Юрий Мельниченко сынды ел спортының көрнекті тұлғалары, бұрынғы чемпиондар, қазіргі қайраткерлер сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді.

Бейнеролик көрсетіліп, ізбасарлар спортына ерекше көңіл бөлініп отырғандығы баяндалды. Жап-жас бүлдіршін-репортерлар Серік Сәпиев пен Данияр Елеусіновке сұрақ қойып, көпшілік алдында сұхбат алды. Қос Олимпиада чемпионы да, спортшылардың атынан бірінші болып сөз сөйлеген Жанбота Алдабергенова да елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан спортын дамытуға айрықша көңіл бөліп, қолдап отырғаны үшін шексіз алғыс білдірді.

Ал концерттік бағдарламаға келер болсақ, Александр Винокуров "А-студио" тобымен ән шырқап, би биледі. Елдос Сметов, Әділбек Ниязымбетов, Жазира Жапарқұл, Гюзель Манюрова сынды спортшы қыз-жігіттеріміздің орындауындағы ән де көпшіліктің көңілінен шықты.

Ольга Рыпакова, Дариға Шәкімова және Жансель Дениз үшеуі Нұрлан Абдулинмен қосылып, қазақша ән шырқады. Серік Қонақбаев, Сергей Котенко, Валерий Тихоненко, Ермахан Ибраимов, Юрий Мельниченко, Александр Винокуров, Мұхтархан Ділдәбеков, Асхат Жіткеев, Иван Дычко сынды әр жылдардағы Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері өз алдына бір бөлек нонет болып шығып, қазақ-орыс тілінде ән салды.

Бұл кеште Олимпиада ойындарында чемпион атанып, жүлдеге іліккен Қазақстан спортшылары өздерінің тек спортта ғана талантты емес екендіктерін паш етті.

Жалпы еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің ширек ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты кешке шет елдерден келген лауазымды қонақтар, мемлекет қайраткерлері, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Астана әкімі Әсет Исекешев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев, спорт комитеті басшылары, аймақтық спорт басқармалары басшылары, ардагер спортшылар, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, жас спортшылар қатысты.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу