Ұлттық олимпиадалық комитет Қазақстанда спортты дамытуда не істеп жатыр?

825

Олимпиадалық қозғалыс барлық әлемді біріктіріп, бұл ретте спортшылардың жетістіктері әрбір ел халқының ұлттық мақтанышына айналады. Бірақ жоғары жетістіктер спорты бұқаралық спорттан, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортынан жеке дамымауы тиіс. Бірыңғай жүйеде ғана олар қоғамға пайда әкеле алады.    

Ұлттық олимпиадалық комитет Қазақстанда спортты дамытуда не істеп жатыр? Фото: olympic.kz

Дүние жүзінде 206 Ұлттық олимпиадалық комитет (ҰОК) бар. Халықаралық олимпиада комитетінің басшылығымен олар өз мемлекетіндегі Олимпиада қозғалысының құндылықтарын дамытып, насихаттайды әрі қорғайды. Сондай-ақ Олимпиада ойындарына қатысу үшін спортшыларды іріктеуге және қолдауға жауапты. ҚР ҰОК спортқа мемлекеттік бюджетті бөлумен байланысты емес қоғамдық ұйым бола отырып, 2015-2021 жылдары қазақстандық спортты жүйелі дамытудың бірқатар бастамасын ұсынған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстанның спорт жүйесіндегі ҚР ҰОК мәртебесі

"Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитеті" ҚБ (ҚР ҰОК) Халықаралық олимпиада комитетінің мойындауына байланысты еліміздегі Ұлттық олимпиада қозғалысын басқарып, Халықаралық олимпиада комитетінде Қазақстан атынан өкілдік етеді.

ҚР ҰОК жарғылық қызметі аясында, сонымен қатар "Дене шынықтыру және спорт туралы" ҚР Заңында белгіленген құқықтық мәртебені басшылыққа ала отырып, жоғары жетістіктер спортын және бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді.

ҚР ҰОК Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт субъектісі емес, Қазақстан Республикасында спортты дамытуға тікелей жауапты емес. ҚР ҰОК мемлекеттік функцияларды орындамайды.

ҚР ҰОК 2018-2021 жылдары мемлекеттік тапсырманы орындау кезінде шарттың мәні бюджет қаражаты есебінен олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар мүшелерінің халықаралық спорттық жарыстарға қатысуға дайындығын (жаттығу, жарыс процесін ұйымдастыру, материалдық-техникалық, медициналық-биологиялық, кадрлық қамтамасыз ету, спортшыларға, жаттықтырушыларға, мамандарға төлемдер) орындау ғана болды. ҚР ҰОК қызметінің басқа да түрлері мемлекеттік тапсырма қаражаты есебінен қаржыландырылмаған.

 

ҰОК-тың дене шынықтыру және спортты жетілдіру бағытындағы қызметі

      Жоғарыда аталған құқықтық жағдайды ескере отырып, ҚР ҰОК тиісті бағыттарда жұмыс істеуіне қарай мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың атына қолданыстағы дене шынықтыру және спорт жүйесін, спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру, ұлттық құрама командаларды даярлау және қамтамасыз ету жағдайларын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізді.

Көрсетілген кезеңде ҚР ҰОК мемлекеттік органдардың атына келесі маңызды мәселелерге байланысты жүгінді.

 

Спорт түрлерін саралау мен оның орындалуы

ҚР ҰОК республикалық және жергілікті деңгейлерде бюджеттік қаржыландыру үшін басым спорт түрлерін айқындау мақсатында ҚР заңнамасына спорт түрлерін саралау тетігін енгізуге бастамашылық білдірді. Бұл тетік қабылданды әрі 2017 жылдың шілдесінен бастап заңнамада қарастырылған.

Спорт түрлерін саралау жүйесі барлық деңгейдегі спорт түрлері бойынша, атап айтқанда қалалар мен облыстардың спортшыларын даярлауды қамтамасыз ететін өңірден бастап, ҚР Ұлттық құрама командаларын даярлауды жүзеге асыратын республикалыққа дейін бюджет қаражатын теңгерімді бөлуді қамтамасыз ету мақсатында енгізілді. Саралау рәсімі екі жылда бір өткізіледі және оның қорытындысымен олардың басымдылық дәрежесі бойынша үш санатқа ("А", "В", "С") бөлінген басым спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбелері жасалады. Рейтингтің негізгі критерийлеріне халықаралық және республикалық жарыстарда спорт түрінің жетістіктері, спорт түрінің ұлттық-мәдени "дәстүрлілігі", кадрлық әлеуеттің болуы, материалдық-техникалық базаның болуы, спорт түрінің ерекшеліктерінің өңірдің климаттық жағдайларына арақатынасы жатады.

Бұдан бөлек ҚР ҰОК өңірлерге шығу және спорттағы түйткілді мәселелердің мониторингі қорытындысы негізінде 2019 жылы өңірлерде осы құқықтық норманың сақталмағаны бойынша ақпаратты ҚР Үкіметінің атына енгізді.   

ҚР ҰОК саралау нәтижесіне сәйкес спорттың басым түрлерін қаржыландыру туралы заңнама нормаларының орындалуын қамтамасыз ететін шара ретінде 2019 жылы Бас прокуратура деңгейінде бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметін тексеруді ұсынды.

Бұл мәселені "Дене шынықтыру және спорт туралы" ҚР Заңы мен ҚР Бюджет кодексі деңгейінде де реттеуге мүмкін болады.

2020 жылдың қазан айында ҚР ҰОК ҚР Президентінің спортты дамыту мәселелері жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға жәрдемдесу мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің Спорт комитеті мен жұмыс тобына "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына ұсыныстар енгізген.

Балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортты бюджеттік қаржыландырудың басымдылығын қамтамасыз ету үшін бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың тиімсіздігінің негізі ретінде келесіні қарау ұсынылды:

  1. Басым спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбелерін сақтамай бюджет қаражатын жұмсау.
  2. Дене шынықтыру және спорт саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қаржыландыру жеткіліксіз болған кезде кәсіби спорт және ойын клубтарын ұстауға бюджет қаражатын жұмсау.

Оған жауапкершілік ретінде 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде белгіленген бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және (немесе) тиімсіз пайдалануға қатысты әкімшілік жауаптылықты енгізу ұсынылды.

Жалпы кәсіби клубтардың, командалардың, кәсіби спортшылардың және олардың мамандарының қызметі заңнамамен жеткілікті деңгейде реттелмеген, бұл олардың қызметінде үлкен шығындардың болуына әкеледі. Сондай-ақ ұлттық құраманың командалары мен балалар мен жасөспірімдер спортына қатысты талап етілетін көлемде қаржыландыруды шектейтін бюджет заңнамасының бірқатар нормасы қолданылады (жабдықтау нормалары, спорт ғимараттарын жалға алу, жаттығу іс-шараларын өткізу мерзімі мен тәртібі, медициналық қамтамасыз ету, тамақтану, жол жүру, жалақы және т.б.).

2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін "Дене шынықтыру және спорт туралы" ҚР Заңына және ҚР Бюджет кодексіне бірнеше рет өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Дегенмен басым спорт түрлерінің тізбесіне сәйкес спортты қаржыландыруды бақылауды енгізуді қамтамасыз ететін тиісті нормалар енгізілмеген.

Бұдан басқа 2015-2021 жылдар кезеңінде болған саладағы келесі проблемалық мәселелерді атап өту қажет:

  • "Дене шынықтыру және спорт туралы" ҚР Заңында көзделген басым спорт түрлерінің тізбесіне сәйкес әкімдіктердің қаржыландыруды сақтамауы және кәсіби спортты қаржыландыруға бағытталуы;
  • аумақтық бірліктердің спорт нысандарымен қамтамасыз етілуінің диспропорциясы және балалар мен жасөспірімдер спортының материалдық базасының әлсіз болуы;
  • жергілікті әкімдіктердің жаттықтырушыларды қайта даярлауға және аттестаттауға арналған бюджетінің болмауы;
  • жаттықтырушы кадрларды даярлауда бейінді министрлік пен әкімдіктердің шоғырландырылған тәсілінің болмауы.

ҚР ҰОК Үкіметке осы мәселелерді шешудің ұсыныстарын жолдады.

Осы мәселелерге қатысты жүйелі көзқарас "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" ҚР Заңында балалар мен балалар-жасөспірімдер спортын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету туралы нормалар (денсаулық сақтау мен білімге ұқсас) жоқ екенін түсінуге мүмкіндік береді:

  • балалар мен балалар-жасөспірімдер спортының мемлекеттік ұйымдары санының нормативі (халық санына, аумақтың ауданына, елдімекеннен қашық орналасқанына байланысты);
  • балалар және балалар-жасөспірімдер спорты ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормалары;
  • балалар және балалар-жасөспірімдер спорты ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі.

Мұндай нормативтерді енгізу балалар мен балалар-жасөспірімдердің спорт нысандарына қолжетімділігін әлеуметтік құқықтар мен әлеуметтік кепілдіктерді іске асыру жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді. "Дене шынықтыру және спорт туралы" ҚР Заңының қолданыстағы нормалары осындай құқықтар мен кепілдіктерді жүзеге асыруды жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай белгілеп отыр.

Заңның бұл жобасы 2020 жылғы 30 желтоқсанда қабылданғанын ескерсек, балалар мен балалар-жасөспірімдердің спорт нысандарына қолжетімділігі туралы нормаларды әлеуметтік құқықтар мен әлеуметтік кепілдіктерді іске асыру жүйесіне қосымша пысықтау мүмкіндігі болған.

Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын толыққанды іске асыруға мүмкіндік беретін еді.

ҚР ҰОК аталған мәселеге қатысты Парламент Мәжілісінің жұмыс тобына заң жобасы бойынша ұсыныстар енгізді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып,

  • басым спорт түрлерінің тізбесіне сәйкес спорт түрлерін қаржыландыруды құқықтық реттеудің мардымсыздығы;
  • бейінді министрліктің құзыретінің жергілікті атқарушы органдарға қатысты жеткіліксіздігі;
  • балалар мен балалар-жасөспірімдер спорты үшін ең төмен әлеуметтік стандарттар мен олардың кепілдіктерінің болмауы

балалар мен балалар-жасөспірімдер спортын тиісті деңгейде қаржыландыруда айтарлықтар кедергілер болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу