"Ұлы тоқырау қайталанады": Трамп сайлау алдында америкалықтардың үрейін ұшырды

157

Сайлауалды науқан Трамп рейтингінің төмендеуі аясында өтіп жатыр.

"Ұлы тоқырау қайталанады": Трамп сайлау алдында америкалықтардың үрейін ұшырды Фото: AP Photo / Julia Demaree Nikhinson

АҚШ президенті Дональд Трамп пен республикалық партия 3 қарашада өтетін Конгресс сайлауының шешуші кезеңіне аяқ басты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап. 

Басылымның жазуынша, Ақ үй басшысының мәлімдемесінде қатқыл үн басым. Трамп республикашыларды жеңілістен аман алып қалу үшін ел аралап жүр. Бұл ретте ол демократтар жеңіске жетсе, салдары қандай болатынын ескертіп жатыр. Мәселен, Трамп Францияда болған тәртіпсіздіктерді де тілге тиек етті. 

"Шіркеу мұнаралары мен көшелердің өртеніп жатқанын көрсеңіздер, радикалды демократтардың Америкада жасағысы келетіні де осы екенін естен шығармаңыздар", – деді АҚШ президенті Канзас штатында өткен митингте. 

Сондай-ақ ол демократтарды мазақ қылды. Трамп Франциядағы бүлікке иммигранттар мен коммунистер ғана жауапты деп санайды.

Ақ үй басшысы сайлау алдындағы науқанның басқа да басты мәселелері бойынша нағыз ақырзаман сценарийлерін атап көрсетеді. Оның айтуынша, сайлаушылар республикалық партияға дауыс беру немесе ұлттық қауіп арасында таңдау жасауы тиіс. Трамп демократтар жеңіске жеткен жағдайда, шамамен жүз жыл бұрын болған жаппай кедейлік пен жұмыссыздық деңгейі 25%-ға дейін жеткен Ұлы тоқырау қайталанады деп болжайды. 

"Егер демократтар жеңсе, сіздер 1929 жылғы дағдарысқа ұқсас экономикалық дағдарысты бастан кешесіздер", – деп мәлімдеді ол сенбі күні Теннессиде.

АҚШ президентінің сөзінше, оппозиция елдегі балалардың тағдырына балта шапқысы келеді.  Дональд Трамп демократтар жасөспірімдерге ата-анасының келісімінсіз жынысты ауыстыру операцияларын жасауға рұқсат береді деп есептейді.

"Ұлыңыз үйден Джимми болып шығады да, үш күннен кейін Джанет болып оралады", – деді ол.

Бұл сайлауалды науқан Трамптың ел ішіндегі танымалдылық рейтингінің төмендеуі аясында өтіп жатыр. ABC телеарнасының жүргізген сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың 65%-ы оның президент ретіндегі жұмысына көңілі толмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу