banner

Ұлытау облысына Қарағандыға қарағанда 15 есе аз бюджет тимек

5110

Жаңа құрылған үш облыстың екеуі азға қанағат етеді.

Ұлытау облысына Қарағандыға қарағанда 15 есе аз бюджет тимек

Жетісу облысы – донор өңір болмақ. Ал қалған 2 жаңа облыс мақтанатын жағдайда емес көрінеді. Осының алдында іnbusiness.kz Абай облысының биылғы бюджеті 1 млрд 455,3 млн теңгені ғана құрайтынын жазған болатын. Бұл – Қазақстандағы ең кедей облыс болатынға ұқсайды.

Енді Ұлытау облысының 2022–2024 жылдарға арналған облыстық бюджетінің жобасы да жарияланды. Оның да қазынасы қомақты болмайын деп тұр. Ұлытау облыстық мәслихатының шешімі жобасында көрсетілгендей, облыстық бюджеттің кірістері 2022 жылы – небәрі 35 млрд 467,8 млн теңге болмақ. Оның ішінде төл салықтық түсімдері – 19 млрд 881,2 млн теңгені, салықтық емес түсімдері – 1 млрд 773,5 млн теңгені құрамақ. Бұған қоса, 13 млрд 813 млн теңге трансферт алады.

Ұлытау облысының шығындары – 35 млрд 467,9 млн теңге болады деп жоспарланған.

Салыстыру үшін айтсақ, Қарағанды облысының 2022 жылғы бюджетінің кірісі – 533 миллиард 649,4 млн теңгені, ал шығындары – 529 млрд 586,2 млн теңгіні құрайды. Яғни одан бөлінген Ұлытау облысына Қарағанды өңіріне қарағанда 15 есе аз бюджетті місе тұтуға тура келеді. Өйткені жаңа облыс тым шағын.

Жалпы осының алдында ұлытаулықтар республикалық ақпарат құралдары арқылы өздеріне тым аз жер тигеніне шағымданған болатын.

Президенттің 2022 жылғы 4 мамырдағы "ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" жарлығына сәйкес, Ұлытау облысына 2-ақ аудан – Жаңаарқа, Ұлытау аудандары және Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары ғана кірді. Әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы.

Аудандық газеттен облыстың басты баспасөз органына айналған "Ұлытау" газетіндегі мақаласында ақын, жазушы, драматург Кенжебай Ахметов жергілікті жұртшылықтың ішіндегі қыжылын жұқартып болса да, білдіріп өткен екен. Мысалы, Ұлытау облысының аумағында оны кесіп өтетін бірде бір арындаған өзен жоқ көрінеді. Ал су – тіршіліктің қайнары екені мәлім. Өңірде бау-бақша шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік беретін шағын су көздері ғана бар, соған риза болуға мәжбүр.

"Үстірт қараған адамға Ұлытау облысының құрамында қамтылған аудан, қалалары аз сияқты көрінгенімен, шындап келгенде олардың әлі ашылмай жатқан ішкі әлеует, мүмкіндігі өте зор. Бүгінде өндіріс салалары тармақталып үлгерген "Қазақмыс" корпорациясының облыс дамуына қоса алатын мүмкіндігінің қаншалықты қуатты екенін айтпағанның өзінде, кезінде әрқайсысы жеке-жеке өндіріс ошағы ретінде әйгілі болған Қаражал, Жәйрем, Жезді, Қарсақбай жерлеріндегі өндіріс орындары жаңғырса, қуаттанса, олардың әрбірі өз маңайына ғана емес, тұтас облыс экономикасына серпін бере алары анық", – деп жұбатады ол.

Жалпы 11 маусымда тізгіні Мәжілістің экс-депутаты Берік Әбдіғалиұлына сеніп тапсырылған Ұлытау облысында тіпті ұйымдастырушылық жұмыстар да аяқталмағаны байқалады.

Ресми дерек бойынша, Ұлытау облысы әкімдігін басқару схемасы бекітілді. Облыс әкімінің орынбасарлары, әкім аппаратының жетекшісі тағайындалды. Бұл ретте облыстық әкімдікке қарасты 18 басқарма басшысының міндетін атқарушылар айқындалыпты.

Әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелер әділет органдарында тіркеуден өтіп, олардың ережелері бекітілді. Бірақ мысалы, облыстық бюджет жобасын қалыптастырумен облысқа емес, Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөліміне айналысуға тура келген. Маман жетіспей жатса керек, тіл жанашыры басқарған облыстың бюджет жобасының құжаттары негізінен орыс тілінде жазылған, тек шағын бөлігі ғана мемлекеттік тілге аударылыпты.  

Бүгінде облыс әкімінің аппараты мен басқармалардың құрылымдары анықталу үстінде. Қызметшілерінің лауазымдық міндеттері де толыққанды белгіленбеген. Бұл жұмыстар екі апта уақытты қажет ететін көрінеді.

Облыстық әкімдік мемлекеттік әкімшілік қызметтің бос орындары туралы хабарландыруды шамамен 2 аптадан кейін, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарына жарияламақ. Әзірге Gov.kz меморгандардың ортақ порталында Ұлытау ауданының жеке сайты да жоқ. Сондай-ақ "Ашық диалог" порталында әлі күнге дейін облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының ресми блогы ашылмаған. Салдарынан ұлытаулықтар шағымын Қарағанды облысының әкіміне жолдады.

Ұлытау облысының бюджеті қандай болатынын Қарағандыдағылар шешкені де құпия емес.

"Ұлытау облысының бюджетінің жобасы Қарағанды облысының бюджетінен бөлініп отыр. Ағымдағы шығындар мен инвестициялық жобалар бойынша Ұлытау облысы бюджетінің көлемі алдын ала Қарағанды облысының басқармаларымен келісілді. Облысымыздың бюджетінің шығындары 2022 жылы 36 млрд 310,2 млн, 2023 жылы – 55 млрд 723,7 млн, 2024 жылы – 53,06 млрд теңге көлемінде жоспарланған", – деді Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Виктория Ставицкая.                          

Оның мәліметінше, биыл жаңа облыстың ағымдағы шығыстары – 30 млрд 826 млн теңге немесе жалпы шығыстардың 87%-ын құрайды. Басқаша айтқанда, өңір өз қазынасының көбін "жеп" қояды да, болашаққа бағдарланған жобаларға құлаш ұра алмай қалады.

Салдарынан, жаңа облыс күрделі шығыстарға – небәрі 2 млрд 323 млн теңге немесе жалпы шығыстың 6,6%-ын, даму бюджетіне – бар-жоғы 1 млрд 454 млн теңге немесе жалпы шығыстың 4,1%-ын бағыттай алмақ. 842 млн теңге немесе жалпы кірістің 2,4%-ы бұрыннан көшкен заем-несиелерді өтеуге жұмсалады.

Виктория Ставицкаяның мәлімдеуінше, облыс әлеуметтік салаға 20,9 млрд теңге ғана бөле алады. Мұның өзі – жалпы шығындардың 57,7 пайызы. Оның ішінде 16,5 миллиарды – әлеуметтік көмек және білім беруге, бар-жоғы 1,7 млрд теңге – облыстық денсаулық сақтау саласына, 691 млн теңге – әлеуметтік қамсыздандыруға беріледі.

Ал мәдениет, спорт, туризм және ақпарат құралдарын қолдауға – төрт салаға жалпы жиынтығы 1,9 млрд теңге тиеді.   

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдарына бағытталған шығыстардың үлесі 4 млрд 69 млн теңге немесе жалпы шығыстың 11,2%-ы.

Яғни ұлтжанды азамат Берік Әбдіғалиұлы Ұлытауда, айналасына қанша жерден білікті команданы жинай алса да, тез арада айды аспанға шығаратын, бүкіл Қазақстанды аузына қарататын ғаламат жобаларды жүзеге асыра алмайды. Қолы қысқа, бюджет арнасы тым таяз. Мысалы, жолдарға 398 млн теңге қарастырылыпты. Салыстырсақ, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов бір ғана Қабанбай батыр даңғылын реконструкциялауға 91 млрд теңге шашпақ болды (бұл – бүкіл бір облыс жолдарының шығынынан 228 есе көп қаржы), тек қоғамнан қатаң сын естіп, жобаны кейінге қалдырды. Ал Ұлытау облысында жолдарға бөлінген қаржы автотрассаларды жаңадан төсеп шығуға жетпейтіні әшкереленді. 260 млн теңгесі – қалалық ішкі жолдарды қалыпта ұстап тұруға, 138 миллионы – облыстағы жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізуге ғана жарайтын көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу