Өтінім қабылдау күні қосымша хабарланады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Азия даму банкі әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасына екінші кезең бойынша 20 миллиард теңге көлемінде жаңа транш бөлуді мақұлдады.
Банктің мәліметінше, 9 млрд теңге көлеміндегі алғашқы транш тамыз айында түсті. Бағдарламаға сұраныс өте жоғары болды. 31 тамызда 855 өтінім қабылдап, бөлінген қаражаттың лимиті небәрі 7 сағатта толық игерілген.
Айта кетейік, алдыңғы кезеңде "Ұмай" бағдарламасының шарттары мынадай:
- сыйақы мөлшерлемесі– жылдық 14,8% (ЖТСМ – 16,3%-дан 16,8%-ға дейін);
- қарыздың ең жоғары сомасы – 50 млн теңге;
- бастапқы жарна – Астана мен Алматыда 20%-дан, өңірлерде 15%-дан бастап.
"31 тамызда өтінім беріп үлгермеген болсаңыз, келесі кезеңдерде өтінім беру мүмкіндігі болады. Өтінім қабылдаудың басталу күні, қатысу тәртібі және бағдарлама шарттары туралы "Отбасы банктің" ресми парақшаларында қосымша хабарланады", – делінген хабарламада.