Ұн экспорты: Тәліптің тілін табамыз ба, әлде әліптің артын бағамыз ба

5054

Ауғанстандағы саяси жағдай өзгергелі ұн мен бидайды шет елдерге сатып келген қазақстандық экспортшылар не істерін білмей дағдарып қалды.  

Ұн экспорты: Тәліптің тілін табамыз ба, әлде әліптің артын бағамыз ба

Қазақстанда шығарылатын ұнның жартысынан көбін (66%) алып келген Ауғанстан нарығы көзден бұлбұл ұша ма деген қауіп бар. Мұндайда ұн өндірушілер мен экспортшыларға кім көмектеседі? Жауапты министрліктер қарапайым шаруалар мен экспортшыларға қол ұшын соза ма? Сарапшылар не дейді? Іnbusiness.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрген еді.

Ұн өндірісі онсыз да құлдырауға жақын

Ұн экспорты бойынша Қазақстан әлемде Түркиядан кейінгі екінші орында тұр. Отандық ұн бүгін де Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Түрікменстанға, Қытайға және тағы басқа елдерге экспортталады. Ұнның негізгі импортшылары – Ауғанстан мен Орта Азия елдері. Мәселен, 2021 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында Қазақстаннан сыртқы нарықтарға шығарылған ұнының 65,5%, ал бидайдың 11,8%-ы осы Ауғанстанға жеткізілген.

Әйтсе де кейінгі жылдары өзге мемлекеттер Қазақстанның астығын сатып алып, оны өз диірменінде өндіре бастады. Әсіресе, бұл жағынан Өзбекстан пысық. "Өз ағамыз" ұн тарту саласын дамытып, диірменді кәсіпорындар салып жатыр. Қазақстаннан баратын бидайға қосымша құн салығын алып тастаған. Ал ұнға, керісінше, баж салығын қосқан. Ұн тасымалдаушыларға теміржол тасымалының ставкасын жеңілдеткен (өздеріне 20$, бізге 54$). Бидайымыздан ұн шығарып, онымен тек ішкі нарығын қамтып қоймай, Ауғанстанның да нарығын ұнмен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Өзбекстанның осындай пысықтығы бидайдан бұрын мал шаруашылығы саласында да байқалған еді. Естеріңізде болса, 2020 жылдың қарашасында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі малды тірідей басқа мемлекетке сатуға тыйым салуға мәжбүр болды. Себебі Өзбекстан тарапы Қазақстаннан жаппай ірі қара малды сатып алып (2019 жылдың өзінде 121,6 мың бас  ірі-қара Өзбекстанға сатылған), еліміздің өз ішінде ет бағасы шарықтап шыға келген болатын. Дайынға құмар өзбек кәсіпкерлері Қазақстанның астығына келгенде де делдал болуға асық.

Қазақстанның ұн өндіру саласы онсыз да жылдан-жылға шатқаяқтап барады. Мәселен, 2000 жылдары елде ұн өндіретін 2300 компания болса, күні бүгінге дейін олардың тек 300-і ғана жеткен. Үш жүздіктің де көбі банкротқа ұшырап, жұмыс орындары қысқарып, жабылып жатыр. Көбі мемлекетке салық төлеп, жұмысшыларға айлық беруден қалып барады. Өзбек факторынан бөлек, ұн саласындағы кәсіпорындардың табыс табуына жол бермейтін көптеген шектеу мен кедергі бар. Жүйе дұрыс жолға қойылмағандықтан, өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын тежейтін салықтық кедергілер мен нарықтық тосқауылдар мемлекет тарапынан үлкен қолдауға зәру қылып тұр.

"Астық тасымалдаушы теміржол операторлары тасымал жүйесін үздіксіз қамтамасыз ете алмайды. Міне, сондықтан тасымал тарифтерін негізсіз көтеру салдарынан еліміздегі барлық диірмен кәсіпкерлері зардап шегіп, бизнес құрдымға кетіп жатыр. Мысалы, ұнның жартысын өндіріп отырған Шымкент қаласы мен Түркістан облысының диірменді кәсіпорындары жыл сайын келісімшарт бойынша астықты солтүстік өңірлерден жеткізе алмай қиналады. Бұл жағдайға себепкер – астықты темір жолмен тасымалдаушы "АстықТранс" АҚ компаниясы. Өзіміз бидай өсіріп отырып, астық тапшылығын көретін болдық. Трейдерлер күзде диқандардан бидайды сатып алып, шетелдерге сатып жатыр. Ал, ұн тартатын диірмендер шикізатқа зәру. Бұл жағдай өндірістің құлдырауына әкеледі", – деп ескерткен еді осы жылдың маусымында Үкіметке сауал жолдаған мәжілісмен Айбек Паяев.

"Тәліпке де нан керек"

Жығылғанға жұдырық болып, отандық ұн саласындағы кәсіпорындардың алдына жаңа кедергі пайда болды. Ол – Ауғанстан нарығынан айырылып қалу қаупі. KAZGRAIN ұлттық бидай экспортшылары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлібек Атайдың айтуынша, бүгінгі таңда Ауғанстанмен жұмыс тоқтап тұр.

"Біз ақша ала алмай қалдық.  Екі апта бұрын ғана астық толы вагондарды жібергенбіз. Соның өзінде вагондар қайта ма, қайтпай ма – алаңдап отырмыз. Саяси ахуалға байланысты осындай қиындықтар туындап жатыр. Ал Ауғанстан – Қазақстанның негізгі тұтынушыларының бірі. Жылына ол жаққа 2-3 млн тонна ұн мен бидай жіберіп отырмыз. Бірақ бүгінгі күні ауғандық әріптестеріміз бізге не айтарын білмей тұр. Өйткені ол жақта банк істемей қалған. Ары қарай не болатыны белгісіз",– деп алаңдайды Әлібек Атай.

Оның айтуынша, дәл қазір Ауғанстаннан басқа балама нарық табу қиын. Карантинге байланысты Қытай жабық. Ресей болса бидайға салынатын бажды күннен-күнге өсіріп жатыр. Сол себепті отандық экспортшылар негізгі нарық ретінде Орталық Азия елдері мен Иранға шығуды көздеуде.

"Ауғанстан нарығынан біржолата айырылып қалдық деп тағы айта алмаймыз. Мың жерден соғыс болса да халыққа нан керек. Сондықтан біздің пайымдауымызша, екі-үш апта күту керек. Жағдайдың беті бері қарайтын шығар. Кеше ғана министрлікте (...) болдым. Нақты ешқандай келісім жоқ. Артын күтіп отырмыз. Экспортталып келген бидай ішкі нарықта қалса, жағдай қандай болуы мүмкін? Қазақстан жылына 4-5 млн ғана бидай мен ұн тұтынады. Қалғанын шет елдерге жіберіп келдік. Ал енді экспорталатын бидай ішкі нарықта қалып қойса, бұл бізге тиімді емес. Біз бидайды шаруалардан сатып алып, оларға көмек беріп отырмыз. Бидайдың біздің елде қалып қойғаны оларға да тиімсіз болады",– дейді Әлібек Атай.

Отандық экспортшылардың уайымын Азия зерттеу институтының директоры Сұлтан Әкімбеков сейілткісі келеді. Оның сөзінше, Ауғанстан ешқайда көшіп кеткен жоқ. Бұрынғыдай олар азық-түлікке зәру.

"Әлбетте, ол қажеттіліктің бәрі Пәкістан арқылы, біз арқылы жабылып отырары анық. Ештеңе өзгермейді. Оның үстіне Өзбекстан Ауғанстан арқылы Пәкістанға темір жол салса, бұл сауда тіпті қыза түсері анық. Олар үшін бұл жұмыс – стратегиялық мақсат. Әлбетте, мұның бәрі америкалықтардың тұсындағыдай болмайды", - дейді ол.

Ал сарапшы әрі дипломат Өміртай Бітімовтың айтуынша, бұған дейін ақша америкалықтардан бөлініп келген. АҚШ тарапынан қаржыландыру тоқтатылғаннан кейін ауған халқының сатып алу қабілеті төмендейді. Қауіп бар болғанымен, бұл жағдай Қазақстанның Ауғанстанмен сауданы тоқтатып тастауына себеп болмауы тиіс.

"Бұрын қалай болды – қазір де солай қарым-қатынасты жалғастыра береміз",– дейді ол.

Сауда министрлігінің ұстанымы қандай?

Отандық бидай өндірушілер мен экспортшылардың мәселесіне байланысты Сауда және интеграция министрлігіне сауал жолдап көргенбіз. Отандық экспортшылар үшін Ауғанстаннан басқа ұн өткізетін балама нарық табуға бола ма? Бұл сұрағымызға министрліктен мынадай жауап келді:

"Осы жылдың екінші жартыжылдығында қазақстандық ұнды сатып алушы дәстүрлі нарықтарға (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей және Қытай) қосымша 500 мың тонна ұн экспорттауға мүмкіндік бар. Аталған көлемді бірінші жартыжылдықта экспортталған ұн көлеміне қосатын болсақ, өткен жылы экспортталған ұнның 64% құрайды. Жалпы отандық ұн өндірушілердің дәстүрлі нарықтарының жылдық орташа импорты 900 мың тоннадан асады. Бұған қоса қазақстандық кәсіпорындар әлемдік ұн импортына сұраныстың 9,7% қамтамасыз етіп отырғанын атап өткен жөн", – дейді министрліктен.

"Талибан" қозғалысының Қазақстанда "террористік" ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынғаны белгілі. Сонда да олармен келіссөз жүргізіп, ұнды баяғыша Ауғанстанға өткізе беруге мүмкіндік бола ма? Бұл сұраққа жауап берген министрлік ауған халқы тарапынан қазақстандық ұнға деген сұраныс көп екенін хабарлайды.

"Былтыр төтенше жағдай кезінде ұн шығаруға уақытша тыйым салынған, Қазақстандағы Ауғанстан елшілігі арқылы жеткізілімдерді қайта бастау қажеттілігі туралы сұраныс ұлғайды. Өйткені елде азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр. Осыған байланысты, тауардың ерекшелігі – әлеуметтік мәні – қазақстандық тауарға деген сұраныс әрдайым өзекті болады деп есептейміз",–  дейді Сауда және интеграция министрлігінен.

Министрлік ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың 6 айлық көрсеткіші негізінде ұн экспорты жағынан 9 елге 655 918 тоннаны құраған. Экспортталған ұнның 65,5% бөлігі Ауғанстанға, 24% Өзбекстанға, 4,2% Тәжікстанға және 6,3% қалған 6 елге тиісілі. Сонымен қатар 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында бидай экспорты 20 экспорттық бағытта 2 779 328 тоннаны құраған. Онын 51% Өзбекстанға, 14,6% Тәжікстанға, 11,8% Ауғанстанға тиесілі. Қалған 17 елге 22,5% үлесі экспортталған.

 

"Халықаралық астық кеңесінің маусымдық ақпараты бойынша, Қазақстанда бидай өндірісінің көлемі физикалық салмақта 12,5 млн тоннаға бағаланады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 12,6% төмен. 2020 жылы 14,3 млн тонна бидай өнімі жиналған болатын. Жоғарыда айтап өткендей белгілі бір денгейде Ауғанстан бағытындағы экспортты басқа нарықтарға бұру мүмкіндігі бар. Ал Ауғанстан нарығына экспортты тоқтатуға әзірге негіз жоқ. Қорыта айтқанда, осындай жағдайлардын алдын алу мақсатында және де тәуекелсіз бизнес процестерін жүргізу үшін бұл мәселенің бір шешімі ретінде бидайды тек ұн түрінде емес, терең өндеу арқылы макарон өнімдері немесе кондитерлік өнімдер негізінде экспортқа бағыттауды атауға болады", – дейді Сауда және интеграция министрлігінен.

Тобықтай түйін

Осы аптада ғана Үкімет отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев астық ішкі қажеттілікке де, экспортқа да жететінін мәлімдеген болатын. Жаңа министрдің дауысы қатқыл, сөзі сенімді. Айтуынша, биыл өндірілетін астық көлемі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның экспорттық нарықтардағы позициясын сақтап қалуға да мүмкіндік береді. Әйтсе де былтыр Қазақстанның диқандары кемінде 20 млн тонна астық алатыны болжанған. Жоспар бойынша министрліктегілер соның 7 млн тоннасын шетелге "өткізіп те қойған" болатын. Алайда биылғы қуаңшылық пен нарықтағы тосқауылдар бұл жоспарды қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Себебі Қарашөкеев облыстар берген мәліметке сәйкес, биыл астықтың жалпы жиналымының болжамды көлемі 15,3 млн тонна деңгейінде болатынын мәлім етті.

Ауғанстандағы саяси жағдайлар Азия түгілі, бүкіл әлем деңгейінде сауда мен экономиканың жаңа қағидаттарын қалыптастырары анық. Бұл тұрғыда Қазақстан барынан айырылып қалмай ма? Әлде өз еншісін ала ма? Бұл сұрақ бүгін де өзекті-ақ. Оның үстіне Өзбекстан мен Пәкістан арасында Ауғанстан арқылы темір жол салынып жатқанын ескерсек, бұл да сауда нарығындағы ойынның жаңа ережелері пайда болатынынан хабар береді. 220 миллион адамы бар Пәкістан нарығына бәрі мүдделі. Ауғанстанның саяси ойынында негізгі ойыншы Исламабад екенін сарапшылардың бәрі айтып жатыр. Ауғанстанмен яки Пәкістанмен болсын Қазақстаннан қарағанда шекарасы жақын әрі шикізатқа құмар Өзбекстан келісіп алса, Қазақстанның астығы күндердің күнінде тек бидай түрінде сатылатындай күн тумай ма? Сұрақ көп. Жауабын уақыт көрсетеді.

Аян Өрібай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу