banner

Ұн тартушылар шикізатқа жарымай отыр

2936

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің, оның ішінде нан бағасының күрт қымбаттауы халықты алаңдатып әрі-сәрі күйге салып қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ұн тартушылар шикізатқа жарымай отыр

Ел азаматтары көктем мен жазда сәбіз бен картоп бағасы 500-600 теңгеге шарықтағаннан бері қандай да бір азық-түліктің бағасы өзгерсе, алаңдай бастайды. Себебі баға қалта қағады, ал қағылған қалта базардың есігін жабады. 

Азық-түлік бағасының ай сайын қымбаттап жатқаны жасырын емес. Мысалы жазда келісі 120-130 теңгеден сатылған бірінші сұрыпты ұнның келісі қазір 150-200 теңгеден саудаланып жатыр. Бұл аз десеңіз, ел "Жыл соңына дейін жұмыртқа мен ет қымбаттайды" деп дүрлігіп жүр. 

Қазірдің өзінде осыған дейін келісі 1800 теңгеден сатылған сиыр еті сөрелерден жоғалып кеткен. Ал жылқы етінің келісі 3 мың теңгені бетке алған.  

"Жығылғанға жұдырық" демекші, жаздағы құрғақшылық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ауыр соққы болып тиді. Алдын ала жасалған болжам бойынша, биыл өнімнің жылдық түсімі 30%-ға дейін төмендейді. 

Егін ору науқаны кезінде дизель отынының 1 литрі 300 теңгеге жетуі, кейін жанармай бекеттерінде дизельдің тапшы болуы шаруалар мен дихандардың жүйкесін жұқартты. Ал энергетика вице-министрінің  Ресейден шамамен 100 мың тонна дизель отынын импорттайтынымызды мәлімдеуі отқа май құйғандай болды. 

Бұл туралы мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев: "Мұның барлығы экономикалық диверсияға ұқсайды. Бұл – Энергетика министрлігінің жауапсыздығы", – деді. 
Энергетика министрлігі былай тұрсын, ауыл шаруашылығы министрлігі де  жағдайды жақсарта алмады. 

"Барлық факторлар жиынтығында астық бағасына әсер етті. Біреулер үшін жанар-жағармай бағасының күрт өсуі нормаға, жауапсыздық нормасына айналды, бұл үнемі, дәлірек айтқанда көктемгі егіс жұмысы мен егін жинау кезінде орын алып келеді. "Баяғы жартас – сол жартас" күйінде қала береді", – деді Ғалым Әміреев.

Ресми мәлімделгендей, соңғы айда астық бағасы 50%-ға, ұн 12-15% -ға өскен. Жұмсақ бидайдың тоннасы 125 мың теңгеден сатылғандықтан өндірушілер оны тарттыруға ниет танытпайды. Салдарынан ұн тартушылар шикізатсыз қалады. Бұлай жалғаса берсе, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнеді. 

"Жақын арада біз халықты бағасы қарқынды өсіп жатқан нан, макарон, жарма өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесін шешпесек, салдары биылғы көктем мен жаз мезгіліне қарағанда одан да ауыр болуы мүмкін. Тауар нарығында бидайдың жеткілікті көлемін сатып алу бойынша интервенция жүргізу үшін "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК АҚ мен тұрақтандыру қорларына  үкімет резервінен қосымша бюджет қаражатын бөлу мәселесін шешуді қажет. Бұл шара нан, жарма және макарон өнімдері бағасының тұрақтануын қамтамасыз етеді", – деді депутат. 

Айта кетейік, ұнды сыртқа сату көрсеткішінде Қазақстан әлем бойынша Түркиядан кейін тұр. Біздің ұнды Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қытай халық жеп жатыр. Осыған дейін отандық ұнның 66%-ын Ауғанстан тұтынды. Өзбекстан да бізден ірі көлемде ұн алып тұрды. Иә, алып тұрды. Қазір өзбектер басқа тәсілге көшті. Олар ұн тарту үшін диірменді кәсіпорын салуды қолға алды. Осылайша бізден ұн емес, бидай сатып алып, оны өңдеп, сыртқа саудалауға көшкен. Яғни олар екі жеп, би болып жатыр. Ал біз бармызды ұқсата алмай отырмыз. Мысалы осыдан 21 жыл бұрын бізде ұн өндіретін 2 300 кәсіпорын болды. Содан қалған 300 кәсіпорынның 50%-ы банкротқа ұшырады. Қазір бірқатары жабылу алдында тұр. 

Ашығын айтар болсақ, еліміздегі ұн тарту саласы мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Өкінішке қарай, шенеуніктер бұл мәселеге бас қатырып жатқан жоқ. 

Мәжіліс депутаты Айбек Паяевтың пікірінше, Қазақстанның ұны шетелде жоғары сұранысқа ие. Алайда уақыт өте келе біз Өзбекстанның жоғарыдағы әрекетінің салдарынан ұн экспортындағы көшбасшылығымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. 

"Үкімет астықты қайта өңдеу кәсіпорындарыне ерекше жағдай жасауға тиіс. 
Бүгінгі таңда елде ұн өндірушілердің пайда табуына кедергі келтіретін шектеулер мен әкімшілік кедергілер бар. Бұларды жоймай, жағдай жақсармайды. Шымкент, Түркістан облыстарының ұн тартатын кәсіпорындары "Астықтранс АҚ тасымалдаушы компаниясының жүйесіз жұмысының салдарынан солтүстіктен оңтүстікке астық жеткізуді ретке келтіре алмай отыр. Біз бидай өсіреміз, бірақ астық тапшылығын сезінеміз. Күзде трейдерлер бидайды фермерлерден сатып алып, шетелге сатады. Салдарынан ұн комбинаттары шикізатсыз қалады, – деді депутат.

Оның ойынша, Үкімет астық өңдеу зауыттарын дамыту үшін кешенді шара қабылдап, кеден қызметінің ұн өндірушілерге баж салығын төмендетуіне ықпал ету керек. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу