Үндістан 7 жылдан кейін алғаш рет Иран мұнайын қайта импорттауға кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
Елдің Мұнай және табиғи газ министрлігі бұл шешімді АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысынан туындаған жаһандық энергетикалық дағдарыспен байланыстырды.
Министрліктің мәліметінше, Таяу Шығыстағы жеткізілімдердің бұзылуы жағдайында үнді мұнай өңдеу зауыттары қажетті шикі мұнай қорын қамтамасыз еткен. Оның ішінде Ираннан жеткізілген мұнай да бар.
Сондай-ақ, министрлік ирандық мұнай танкері төлем мәселелеріне байланысты бағытын Үндістаннан Қытайға өзгертті деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ресми мәлімдемеде "таралған қауесеттерге қарамастан, Иран мұнайының импорты бойынша ешқандай төлем кедергілері болған жоқ" деп атап өтілді. Бұдан бөлек, Үндістан 44 мың тонна сұйытылған газ (СПГ) алғанын хабарлады.
Ал 20 наурызда Дональд Трамп әкімшілігі теңізде тұрған Иран мұнайын сатып алуға қатысты шектеулерді 30 күнге уақытша алып тастаған. CNN дереккөздерінің айтуынша, АҚШ бұл қадамға энергетикалық дағдарыстың салдарын жеңілдетуге арналған негізгі тетіктер таусылған соң барған.
Сонымен қатар, Ормуз бұғазының бұғатталуы мен АҚШ-Израиль және Иран арасындағы қақтығыс салдарынан туындаған жаһандық энергетикалық дағдарыс аясында Вашингтон ресейлік мұнай мен мұнай өнімдеріне қойылған санкцияларды да уақытша жеңілдетті.
Осылайша, Үндістанға 4 сәуірге дейін ресейлік мұнайды сатып алуға уақытша лицензия берілді. Бұл рұқсат тек 5 наурызға дейін танкерлерге тиелген мұнайға және Үндістанға бағыт алған кемелерге қатысты болды.