Оқиға COVID-19 пандемиясы уақытында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ВВС-дің жазуынша, 58 жастағы П.Жаярадж және оның 38 жастағы ұлы Беникс елдің оңтүстігіндегі Тамилнад штатындағы түрмеде көз жұмған болатын.
Олар "пандемия кезінде карантин талаптарын бұзды" деген күдікпен ұсталды. Дәлірек айтқанда, өздерінің ұялы телефон дүкенін ашық ұстағаны үшін қамауға алынған.
Үкім шығарған судья екі ер адамның бір-бірінің көз алдында шешіндіріліп, аса қатыгездікпен соққыға жығылғанын айтқан. Мұны "билікті ашық түрде асыра пайдалану" деп атаған.
– Олар мұны өлтіру ниетімен жасады. Қарусыз адамдарға шабуыл жасалды. Оларды кешіру дұрыс емес. Жасы немесе отбасылық жағдайына қарап, жеңіл жаза тағайындауға болмайды. Полицейдің барлығы – білімді адам, – деді судья үкім шығару кезінде.
Жалпы, әке мен баланың қатыгездікпен өлтірілуіне байланысты 10 полицей қамауға алынған. Десе де, айыпталушылардың бірі 2020 жылы COVID-19 індетінен қайтыс болған.
Аталған оқиға Тамилнадта жаппай наразылық тудырды. Көшеге шыққандардың арасында штаттағы оппозиция депутаттары да көзге түсті.
Оппозиция жетекшісі Рахул Ганди мен үнді крикетінің жұлдызы Шикхар Дхаван – әлеуметтік желілерде осы екі азаматқа әділдік талап еткендердің қатарында бар.
Бұл өлім оқиғасы Үндістандағы полиция озбырлығы мәселесіне қоғам назарын қайта аудартып отыр.
Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Үндістанда жыл сайын жүздеген адам қамауда жан тапсырады. Олар азаптау мен қорлау полиция тәжірибесінің бір бөлігіне айналғанын айтады.
Жыл басында ғана БҰҰ-ның бірнеше сарапшысы Үндістанды полиция қызметін халықаралық адам құқықтары стандарттарына сәйкестендіру үшін ауқымды реформалар жүргізуге шақырған-ды.