UNEP Қазақстандағы баламалы энергияның дамуына үлес қоспақшы

3822

БҰҰ қолдауымен Астанадағы "ЕХРО" аумағында "жасыл" технологиялар орталығы құрылады.

UNEP Қазақстандағы баламалы энергияның дамуына үлес қоспақшы

Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (UNEP) есебіне сәйкес, 2016 жылы әлемдегі температура Париждегі уағдаластыққа қарамастан, 2,9 градустан 3,4 градусқа дейін өскен. 2030 жылға қарай қалдық көлемі 54 гигатоннадан 56 гигатоннаға дейін жетеді деп күтілуде. Бұл рұқсат етілген нормадан едәуір артық.

Осы аптада "ЕХРО-2017" көрмесі аясындағы қоршаған орта күніне орай өтетін іс-шараға қатысу үшін Астанаға UNEP басшысы Эрик Солхейм (Erik Solheim) келді.

"Жасыл" энергияға көшудің қандай артықшылығы бар? Әлемдегі қауіпті қалдықтарды азайту үшін "жасыл" технологиялар қаншалықты қолданылуда? Қазақстанның "жасыл" энергияға көшуін қалай жеделдетуге болады? UNEP басшысы abctv.kz-ке берген сұхбатында осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

– Солхейм мырза, Астанаға қандай мақсатпен келдіңіз?

– Біріншіден, "ЕХРО-2017" көрмесін тамашалауға келдім. Себебі көрменің ұраны БҰҰ-ның мақсаттарына сәйкес келеді. Сондай-ақ біздің делегация Қазақстан басшылығымен таза технологияға жеделдетіп көшу мәселесін талқыламақ. Парламент спикері Қасым-Жомарт Тоқаевпен, ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевпен және сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен кездесу өткіздік.

– Егер құпия болмаса айтыңызшы, олармен қандай тақырыпты талқыладыңыздар?

– Қазақстанда "жасыл" технологияны енгізудің сарқылмас мүмкіндіктері бар. Алайда бұл елдегі энергияның көп бөлігі көмірге тәуелді.

Көмір өндірісі қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына көп залал келтіретіні белгілі. Бұл ретте көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларынан ауаға таралатын қалдық Қазақстан, Қытай, Польша, Малайзия секілді елдер үшін маңызды экологиялық проблемаға айналып отыр.

Көмірден бас тартып, "жасыл" технологияға көшу мәселесі күн тәрбіне шыққанда бірден әлеуметтік мәндегі дабыл қағылады. Яғни кеншілер арасында жұмыссыздардың саны артуы мүмкін. Өз кезегінде мұндай қадам түрлі толқулар мен ереуілдерге әкеп соқтырады.

Қазір әлемдегі технология мен трансформацияның даму қарқыны жоғары. Тіпті бүгінгі ахуалды екі жыл бұрынғы жағдаймен де салыстыра алмайсыз. Мәселен Дания энергияның 100%-ын жел генерациясынан алады.

Еуропаның басқа да елдері "жасыл" технологияларды барынша тездетіп енгізуге тырысуда. Тіпті дәстүрлі энергия көздерінен баламалы энергияға көшу Қытайдың өзінде қарқын алуда. Біз көмір өндірісімен айналысатын бірқатар кәсіпорын басшыларымен кездесеміз. Олардың арасында таза технологияларға қарай ойысып жатқандары бар.

Қазақстан үкіметі "жасыл" технологияға өтуде нақты мақсат қойып отыр. Сондықтан біздің Қазақстанға келудегі мақсатымыз – сіздердің ұмтылыстарыңызға үн қосу.

– 27 тамызда кеншілер күні аталып өтіледі. Бұл саланың әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Бұл сұрағыңызға өз елімді - Норвегияны мысалға ала отырып жауап берейін. Мен парламентте жұмыс істедім. Бізде болат өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорындар көп. Мен кәсіпорындардағы жұмысшылардың құқығын қорғадым, жұмыс орындарының сақталуы үшін күрестім. Кейін өндірісті басқа да жолдармен ұстап тұруға болатынын түсіндім.

Өндірісті трансформациялаған соң жұмыс орындары қысқарды. Есесіне таза әрі еңбекақысы жоғары жаңа жұмыс орындары құрылды.

Кез келген үзілістің адамдар үшін үлкен проблемаға айналатынын жасырмаймын. Бірақ өзгеріс жедел енгізілсе, адамдар үшін, өндіріс үшін, қоршаған орта үшін анағұрлым жақсы болатынын ұмытпауымыз керек.   

Өндірісті трансформациялау анау айтқандай жеңіл процесс емес. Бірақ оны кейінге ысыра беруге тағы болмайды. Өзгерісті қаламағандар көш соңында қалады. Мұны дәлелдейтін нақты мысалдар тарихта жеткілікті.

Мәселен пленкадан фото шығаратын "Кодак" компаниясын мысалға алайық. Әлем бойынша аталған компанияның жүз мыңдаған сауда нүктесі болды. Мұнда жүз мыңдаған адам еңбек етті. Аталған компанияның басшылығы сандық фотоға сенбеді. Ақыры жеңіліп тынды. Смартфондардың дамуына "қырын қараған" NOKIA да "Кодак"-тың күйін кешті. Қазіргі өмірдің өсиеті мынадай: егер сіз өзгеріске сенбесеңіз, онда ойыннан шығасыз.

– Менің білуімше, әлемде ауаға таралатын қалдықтарды мейлінше аз шығаратын "таза көмір" технологиясы құрылған. Польшада "жасанды зерде" деп аталатын компьютерлік бағдарлама жұмыс істейді. Аталмыш бағдарлама көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының қызметін реттейді. Атап айтқанда ауаға жайылатын қалдық көлемін азайтады. Мұндай бағдарламаны қалайша пайдалануға болмайды?

– Электр станцияларындағы "таза көмір" технологиясы тамаша жоба. Алайда көмірді алдымен өндіру керек екенін, оны станцияға жеткізіп, қайта өңдеу қажет екенін естен шығаруға болмайды. Осының бәрі шығын. Ал бұл мақсатқа жұмсалатын қаржыны неліктен газ, күн немесе жел энергиясы қолданылатын жаңа технлогияларға жұмсамасқа. Бұл анағұрлым пайдалырақ болар еді.

Жуырда АҚШ президенті көмір индустриясын қайта жандандыру туралы сөз қозғады. Меніңше бұл енді мүмкін емес. Баламалы энергия әлемдік нарықтағы өз орнын күн өткен сайын нықтап келеді. Біріншіден, бұл жүйе тиімді. Екіншіден, табиғатқа ешқандай қауіп әкелмейді.

Бүгінде кез келген үкімет көмір өндіретін компаниялармен тығыз байланыс орнату керек. Жаңа жұмыс орындарын ашу, қызметкерлерді оқыту мәселелеріне ден қоюы тиіс. Сонда өндірісті өзгерту оңай болмақ.     

– Жуырда деректі фильм көрдім. Үндістандағы жел диірмендері құстардың жаппай қырылуына себеп болған. Соның салдарынан паразиттер фермерлер үміт артып отырған егіннің түгін қоймаған. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге үлкен соққы боп тигені анық. Демек баламалы энергияның да таяқ секілді екі ұшы бар ғой...

– Мен бұл фильмді көрмедім. Мәселен  Швейцария мен Германиядағы жел диірмендерінің қасынан өліп жатқан құстарды көрмейсің. Меніңше, бұл жерде құстардың жаппай қырылуының нақты себебін анықтау керек. Жел диірмендері құстар үшін аса қауіпті деген ойдан арылу қажет. Кез келген жобаны ақылмен ойластырған жөн.

 – Біздің елдегі "жасыл" технологияны моральдік тұрғыдан қолдаудан басқа, UNEP-тің Қазақстанда тағы қандай жоспары бар?

– Қазақстанның энергетика министрімен болған кездесуде "ЕХРО-2017" көрмесі аяқталған соң осы аумақта "жасыл" технологиялар орталығын құру мәселесін талқыладық. БҰҰ көмек қолын созуға дайын.

Біздің ұйым Қытаймен бірге тағы бір тамаша жобаны әзірлеуде. Әңгіме "Бір белдеу – бір жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде "жасыл" технология бойынша халықаралық коалиция құру туралы.

Қытай басшылығы Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуға қомақты инвестиция салуға мүдделі екенін жақсы білесіздер. UNEP бұл қаржыны Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердегі "жасыл" технологияны дамытуға бағыттамақ.   

Аталған жоба аясында біздің ұйым стартаптарға, соның ішінде қазақстандықтарға қолдау көрсетуді көздеп отыр. UNEP әлемнің көптеген елімен, мықты мамандарымен, өнертапқыштармен тығыз байланыста. Сондықтан біз Қазақстан үшін жаңа технология ойлап табуда алтын көпірге айналмақпыз. Бастысы өзгерістен қашпау керек. Алға ұмтылған дұрыс.   

Еркебұлан Қыздарбек, Күлпәш Қоңырова

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться