Универсиада-2023. Алғашқы алтын қоржында

664

Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан жазғы Универсиадада Қазақстан құрамасы алғашқы алтынды жеңіп алды.

Универсиада-2023. Алғашқы алтын қоржында

Бүгін Универсидада 46 келі салмақта финалда Қытайлық Тайпейден келген Хуань Инь Суаньды жеңген таэквондошы Рита Бәкішева алтыннан алқа тақты. Қазақстандық спортшының қарсыласы 2022 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері екенін де айта кетейік. Қазақ туризм және спорт академиясының (Алматы) студенті, 19 жастағы Бәкішева өткен жылы Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, Әлем чемпионатында жүлдеге бір қадам жетпей қалды.

Ал қазақстандық гимнаст Эльжана Таниева ел қоржынын тағы екі жүлдемен толықтырды. Спортшы лентамен жекелей сында тек Венгрия мен Украинадан келген қарсыластарынан ұтылып, "қола" иегері атанды. Ал доппен жекелей сында болгариялық гимнасттан басым түсіп, венгриялықтан жеңіліп, күміс жүлде жеңіп алды..

Дзюдошы Бекарыс Сәдуақас 2023 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері атанды. 100 келі салмақта үшінші орын үшін өткен кездесуде Бекарыс француз Кенни Левезеден басым түсті.

Сондай-ақ Диана Тұрсынбек Универсиадада садақ атудан финалда өнер көрсетті. Шешуші кезеңде Диананың қарсыласы оңтүстіккореялық Чой Ми Сун болды. Нәтижесінде 6:2 есебімен Оңтүстік Корея спортшысы жеңіске жетті. Осылайша ол алтыннан алқа тағынса, қазақстандық спортшы күміс жүлдегер атанды.
Жалпы есепте Универсиадада Қазақстан құрамасы алтын медальдан бөлек, 5 күміс және 5 қола медаль иеленді.

Соңғы Универсиада 2019-жылы Қазақстан бір ғана алтын - дзюдошы Ғалымжан Қырықбай иеленген болатын. Студенттік спартакиададағы ең жақсы нәтиже 2015 жылы – 6 алтын медаль, ең нашар көрсеткіш – 1997 және 1999 жылдары (медальсыз) тіркелді. Универсиада 8 тамызға дейін жалғасады. Қазақстан атынан 11 спорт түрі бойынша – садақ ату, оқ ату, жеңіл атлетика, гимнастика, дзюдо, көркем гимнастика, үстел теннисі, таэквондо, ушу, жүзу және семсерлесуден барлығы 93 спортшы қатысуда. Медальдық есепте Қазақстан әзірге 120 елдің ішінде оныншы орынға жайғасты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу