Универсиада-2023. Ел қоржыны бесінші медальмен толықты

680

Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиадасында қазақстандық спортшылар тамаша нәтиже көрсетуде.

Универсиада-2023. Ел қоржыны бесінші медальмен толықты

Қазақстандық спортшылар 50 метрден үш позициядан мылтық атудан күміс жүлдегер атанды. Құрамында Константин Малиновский, Ислам Сәтбаев және Никита Шахторин бар команда 3507 ұпай жинады. Бұл санат бойынша "алтынды" Қытай құрамасы жеңіп алды (3529 ұпай), ал Үндістан өкілдері жарыстағы өнерін қола медальмен (3502 ұпай) аяқтады.

Естеріңізге сала кетейік, Чэндудағы Универсиада ойындарында алғашқы медальді Қазақстан құрамасы сапынан дзюдошы Сұңғат Жұбатқан жеңіп алған болатын. 66 келі салмақта қола үшін белдесуде ол өзбекстандық Абдурахим Нутфуллоевты тізе бүктірді.

Ал Никита Чирюкин оқ атудан күміс жүлдегер атанды. Қазақстандық тапаншадан 25 метр қашықтықтан жылдам ату бойынша 27 ұпай жинап, екінші орын алды. Бұл спорт түрі бойынша 29 ұпай жинаған чех спортшысы Матей Рампула алтыннан алқа тақса, қола жүлде поляк Оскар Миливекке (23 ұпай) бұйырды.

Сондай-ақ дзюдошы Асқар Нарқұлов қола жүлдегер атанды. Ол 73 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін өткен белдесуде Қырғызстан өкілі Шыңғысжан Сағыналиевті жеңді. Бұл құрама спортшыларының иеленген төртінші медалі болды.

Он метрден мылтық ату бойынша командалық есепте Константин Малиновский, Ислам Сәтбаев және Никита Шахторин Үндістан мен Қытай өкілдерінен ғана ұтылып, үшінші нәтиже көрсетті. Олар үшін бұл жүлде ағымдағы ойындардағы екінші жүлде болды. Бір күн бұрын 50 метр қашықтықтан үш позициядан мылтық атудан командалық жарыста "күміс" жүлде иеленген болатын. Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында бес Универсиада жүлдесі - екі күміс және үш қола бар.

Айта кетейік, Универсиадада 18 спорт түрінен 269 медаль сарапқа салынады. Бұл жарысқа садақ ату, гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, таэквондо, ушу сияқты 11 спорт түрінен 93 спортшыдан тұратын Қазақстанның спорттық студенттік құрамасы қатысуда. Қытай биыл 2001 жылы Бейжіңде және 2011 жылы Шэньчжэньде өткен Дүниежүзілік жазғы Универсиададан кейін үшінші рет жазғы универсиада ойындарын өткізіп отыр. 31-ші Дүниежүзілік жазғы Универсиада 8 тамызға дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу