Уран өндірісінен Қазақстанды басып озатын ел табылды

743

Қытай әлемдегі ең алпауыт уран өндірушіге айналуы мүмкін.

Уран өндірісінен Қазақстанды басып озатын ел табылды Фото: canva

Шығыстағы көрші мұхиттан уран өндіріп бастауды мақсат етуде.

Өткен айда оқырманға Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің "Қызыл кітап" баяндамасында жарияланған болжамға қатысты сараптама ұсынған едік.

Нақтырақ айтсақ, МАГАТЭ сарапшылары жер бетінде бұған дейін анықталған уран қорлары 2080 жылға қарай сарқылатынын ескерткен. Ал қазір әлемдегі барлық қор 8 млн тоннаны құрайды. Аустралиядан кейінгі 2-орында тұрған Қазақстанға 900 мың тоннасы тиесілі.

Осы тұста біз бір нәрсені ескерген едік. Жаһанда мұнай дәуірінің аяқталуы, "қара алтынның" жуырда таусылатыны жөнінде жорамалдар көп. Дегенмен мұнай әлі күнге дейін шегіне жеткен жоқ, тіпті, алдағы 20-30 жылда азая қоюы екіталай.

Міне, уранға қатысты болжамдар да сол орындалмай қалған жорамалдарды еске салады. Мұнай дәуірінің созылып, таусылмай, қорлардың ұлғаюына ықпал еткен басты фактор – жаңа технология. Міне, сол технологиялар уран қорының да көбеюіне әсер ете бастапты.

Мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың айтуынша, уранды айтпағанда мұнай дәуірі алдағы 20-30 жылда аяқтала қоймайды.

Мәселе мынада: жаһандық мұнай нарығының көлемі 3 трлн доллардан асады. Мұнай компаниялары өздерінің капиталдық инвестицияларын өтемейінше, бұл нарықтың жойылғанын ешкім қаламайды.

– "Қара алтын" жай ғана шикізат емес, ол – осы өндіріске қызмет көрсететін тұтас салалардан құралады. Бұл қызмет түрлері өте ерекше, оларды басқа салаларда қолдану мүмкін емес. Мысалы, теңіз астындағы фонтанды арматуралар тек қана мұхиттағы мұнай кен орындарында бар. Осыған ұқсас мысалдар жетерлік. Менің ойымша, уранға қатысты болжамдар Ресей уранына қарсы салынған санкцияларды әлсіретуге бағытталған кезекті пиар науқан іспетті. Себебі байытылған уранның көп бөлігін Ресей өндіреді. Ал олардың ураны болмаса, Батыстағы көптеген атом электр станциялары жұмысын тоқтатады, – дейді ол.

Дәл осы тұста сарапшы Қытайдың қазір мұхит суынан уран өндіруді бастағанын айтты. Себебі мұхиттарда шамамен 4,5 млрд тонна уран бар, есептесек, мыңдаған жылдарға жетеді. Бірақ қытайлар алдымен өндірісті өнеркәсіптік деңгейге жеткізуі керек. Қазір тек сынақ ретінде іске асуда.

Егер сәтті жүзеге асыра алса, Қытай электр энергиясынан тапшылық көрмей, басқа елдерге экспорттау арқылы жер жүзіндегі ықпалын одан әрі арттырады.

– Ал баламалы энергия көздеріне келсек, басты мәселе – олардың өзіндік құны мен тұрақтылығы. Бұл екі көрсеткіш бойынша әлі де айтарлықтай мәселелер бар. Адамзаттың басым бөлігі кедейлер екенін ескерсек, мұндай энергетикаға сұраныс жоғары бола қоймайды, – деп қорытындылады Асқар Исмаилов.

Қорыта айтқанда, МАГАТЭ болжамына үреймен қарауға негіз жоқтай. Себебі уран қорлары әлемнің көп елінде әлі де табылуы мүмкін.

Шамасы, кей өндірушілер бағаның өскенін күтіп, қорларды ашуға асықпай отыр делінетін болжам сенуге тұрарлықтай. Өйткені қазір әлемде уранның 1 фунты (шамамен 0,45 келі) 55 доллар тұрады. Бұл баға алдағы уақытта бірнеше өсуі мүмкін. Неге?

Қазір энергия адамзат үшін су және ауа секілді қажеттілік деңгейіне жуықтап барады. Себебі тіршілік тек электр энергиясы арқылы жүруде.

Оның үстіне ақпараттық технология, жасанды интеллект, инновациялық жобалар дамыған сайын, электр энергиясы еселеп керек бола бастауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу