Ұрланған телефондардың "қара тізімі" жасалды

3276

Көптен уәде етілген "телефонды бұғаттау" жүруде.  

Ұрланған телефондардың "қара тізімі" жасалды

Қолды болған қалтафондардың іске жарамсыз "пластикке" айналатыны туралы уәдені осыдан сегіз жылдай бұрын, 2012 жылғы қыркүйекте сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов беріпті. Содан айтылған сөз айтылған жерінде қалғандай болған.

Смартфондар ұрлығы Қазақстанда ең көп таралған қылмыс түрі. Былтыр тек Алматы қаласында ғана 400-ден астам қалта ұрысы ұсталған. Бұл салада тұтас қылмыстық топтар жұмыс жасайды. Олар қара ниеттерін негізінен қоғамдық көлікте іске асырады. Автобустарға жолаушылар тығыздалып кіретін кездерде көбірек қимылдайды. Олар "үптеп" кеткен қалтафондар базарларда сатылады. Ара-тұра жүргізілетін рейдтер мобильді мафияға көп нұқсан келтірмейді. 

2019 жылдың статистикасы әзірге жарияланған жоқ, ал 2018 жылы 31 мың 115 мобильді телефон ұрланыпты.

Жалпы, Ішкі істер министрлігінің базасында бүгінде 64 мыңнан астам телефон – "ұрланғандар" санатында.

"Сондықтан телекоммуникациялық қызмет ұсынатын ірі провайдерлерді жиып, оларды Ішкі істер министрлігімен бірге ұрланған смартфондар деректерінің орталық базасын құруға міндеттеу керек. Ол базаға иелері жоғалды және қолды болды деп мәлімдеген телефондар деректері – IMEI коды, бірегей сериялық нөмірі енгізілуге тиіс. Провайдерлер ол құрылғыларға байланыс қызметін көрсетуден бас тартуы қажет. Бұл идеяның мақсаты – ұрланған құрылғыны пайдасыз ету. Ондай телефондар қайта сатуға да жарамсыз болады", – дейді қоғам белсендісі, кәсіпкер Әділ Тоқсанбаев.

Дегенмен, әлемде бар бұл идея іске асырылыпты. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев көп жылғы жұмыстың жемісін көрер кез келгенін жариялады.

Ол "Байланыс туралы" заңына сәйкес, Қазақстанда ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу жолға қойылғанын еске салды. Ал 2018 жылғы 23 мамырда Ақпарат және коммуникациялар министрінің бұйрығымен "Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидалары" бекітілді. Нәтижесінде "Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының идентификациялық кодтарының деректер базасы" (қысқаша, IMEI базасы) құрылып болыпты.

"Ол база бүгінде біздің министрлік жанындағы "Мемлекеттік техникалық қызмет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны аясында жұмыс жасауда. Ұялы байланыс операторлары енді мобильді телефон иесі өтінішпен жүгінген жағдайда, идентификациялық коды бойынша смартфон жұмысын тоқтатып тастауға міндетті. Егер ұялы телефон қайта табылса, иесінің өтініші бойынша оператор оның жұмысын қайта қалпына келтіруге тиіс", – деді Асқар Жұмағалиев.

Министр ұрланған телефондар тізімін тікелей ІІМ-нен алатындарын айтты.

"Ұрланған құрылғылардың "қара тізімін" Ішкі істер министрлігі қалыптастырады және "Мемлекеттік техникалық қызмет" РМК-сына береді. Өз кезегінде бұл қызмет ол тізімді IMEI кодтар базасының "ұрланған телефондар" бөліміне енгізеді. Сәйкесінше, бұл ұялы телефондарға ұялы байланыс қызметтері көрсетілмейді. Осымен бұл сала толығымен реттеуге көшті", – деп мәлімдеді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.

Рас, осы іс кейбір адамдарға бәле болып жабысыпты. Қала тұрғыны Айдос Қайроллаұлы қолдан арзандау бағаға смартфон сатып алыпты. Бірақ артынша телефон ИМЕЙ-код және бұрынғы қожайынының ЖСН-ы бойынша бұғатталып қалған.

"Ұялы құрылғыға басқа сим-карталарды салып, қайта тіркеу рәсімінен өтейін дегенмін. Алайда бұл құрылғы басқа ЖСН бойынша тіркелгені туралы ескерту шығады. Оны өз ЖСН-ыма қайта тіркей алмаймын, өйткені бұрынғы қожайыны кім екенін білмеймін, ал ол оны тіркеуден алып тастамаған. "Қазақтелекомның" сим-картасын алғанмын, бірақ ол компанияның байланыс салоны бұл мәселемді шешім бере алмады. Олар бұрынғы қожайынның деректерін жою тәсілін таппады. "Алтел" салоны да көмек бере алмады. Дәл сондай проблемамен барған танысыма "Билайн" байланыс салонының қызметкері: "Бұл енді қу пластмасса болып қалды, лақтырып тастаңыз" деп кеңес беріпті", – дейді Айдос. 

Және смартфонды қоқысқа тастауға қимайды, себебі, соңғы үлгідегі қымбат марка. Сондықтан биліктің бұл мәселені шешетін кезін күтіп жүр.

"Ол ешқандай да жай пластик емес. Аппарат жап-жақсы жұмыс істеп тұр. Тек оған ұялы байланыс операторлары қызмет көрсетпейді: не телефон шала алмайсың, не сырттан қоңырау қабылдай алмайсың. Форумдарда аңғарғаным, мен сияқтылар ел аумағында өте көп екен. Қолданыста болған телефонды өз иесінен сатып алған ұялы телефон салондары да зардап шегуде. Билік өкілдері қарапайым халықтың басындағы осы түйткілдің байыбына барып, заң қабылдаса деймін. Бізге адал сатып алған телефонымызды қалпына келтіріп, өз ЖСН-імізге қайта тіркеуге мүмкіндік берсін", – дейді Айдос Қайроллаұлы.

Әйткенмен, бұрынғы иесінің рұқсатынсыз смартфонды бұғаттаудан шығару ұрланған қалтафондар проблемасын тіптен ушықтырып жібермек. "Былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледінің" кері.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу