"Московский комсомолец" басылымының жазуынша, Донбаста, әсіресе, Донецк пен Мариупольде үшінші жыл қатарынан аса ауыр су дағдарысы жалғасып жатыр.
"Өңір үш жылдан бері тұрақты сумен жабдықтаусыз қалуда. Өңір билігі аса өткір тұрған проблеманы шешу үшін алуантүрлі баламаларды пысықтап жатыр. Мысалы, шахталарды басып қалған суды да ішуге пайдалануы мүмкін. Жаппай бұрғы салу нәтиже әкеле қоймады. Алайда Ростов облысынан, Доннан жаңа су құбырын тарту ең қауіпсіз әрі экономикалық тиімді шешім ретінде танылды. Бұл құбыр Донбасты сумен қамтуға байланысты күрделі жағдайды жақсарта ма? Сарапшылар бірауыздан "жоқ!" деді. Керісінше, су құбыры іске қосылған соң Ростов облысын сумен қамтамасыз етуде қиыншылықтар басталуы мүмкін", – деп жазады ресейлік басылым.
Сонымен бір мезгілде жергілікті ақпарат құралдары және ресейлік блогерлер Донбаста ұрлықтың жаңа түрі – су ұрлау, сондай-ақ судың "қара нарығы" пайда болғанын жариялауда.
"Блокнот Донецк" редакциясының мәліметінше, "водовозбен" тегін су жеткізетіндер оның жартысынан көбін жолай делдалдардың алып құтыларына құйып кетіп, тұрғындарға көп су тимей қалады. Артынан ол ауызсу "бутыльдерге" құйылып сатылатын көрінеді.
"Донбасс Реалии" порталының хабарлауынша, енді бұл өңірдегі әрбір үйде – жауын-шашын суын жинайтын бак (накопительный бак) тұр, жұртшылық жаңбыр суын тұтынуға мәжбүр. Ауыз суы бар ұқсас алып құтылар әлеуметтік маңызды нысандардың қасында орналасады.
"Жергілікті чаттарда енді үнемі талқыланатын тақырып – қай жердегі бактарға су толтырылды, ал, су тасығыш қайсысына су құймай, өтіп кетті болып келеді. Таяуда куәгерлер өткен-кеткендердің мектептердің бактарынан су ұрлап жатқанын байқап, видеоға түсіре бастады. Ондай ұрыс-керістер, дау-жанжалдар түсірілген бейнежазбалар "воруют воду у детей" хэштегімен таралады. Жалпы алғанда, өңірдің бүкіл өмірі су айналасында айналады", – деп мәлім етті ресейлік басылым.
"Блокнот Донецк" басылымы тағы бір су ұрлығы схемасын ашты: Ресейдегі және оның қоластындағы территорияларда бензин-дизель тапшылығы күшейе бастағандықтан, "водовоздар" бөшкесін суға толтыру үшін қиядағы Ростов облысына қатынаудан қашқақтайды екен. Сонда суды қайдан алады?
"Донецкте тұрғындарды сумен жабдықтау айналасында жаңа жанжал өршіп барады. Су тасығыштар суды Донецк тұрғындарынан, тікелей қоғамдық бактардан ұрлай бастады. Жұрт ондайларды "мародёр" деп атайды және қаскөй ісін дәлелдейтін фото және видеоайғақтар көп қордаланып қалды. Коммуналдық қызметтер қоғамдық бактарды толтыру үшін қаражатын, күшін шығындайды. Тұрғындар сол бактарға жетіп, үйіне су тасу үшін уақыты мен күшін шығындайды. Ал, кейбір су тасығыш көлік жүргізушілері шлангын қосады да, бактағы 10 тоннаға жуық суды қотарып әкетеді. Ізінше ол су қара нарықтан шығады", – деп жазды донецкілік басылым редакторы Владимир Щербаков.
Бұл проблема енді Қазақстанға да келген бе?
Су мәселесі енді Қазақстанда күн тәртібіндегі өткір мәселеге айналды. Осы қыркүйек айында жариялаған жолдауында Мемлекет басшысының өзі Қазақстанда судың "қара нарығы" барын және судың ұрланатынын мәлімдеп, мәселе етіп көтерді.
Мәселе ауқымы зор көрінеді. Сондықтан Президент құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді.
"Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі. Тағы бір келеңсіз жағдай, бұл – "қара нарықтағы" суды заңсыз сату я сатып алу! Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет", – деді Мемлекет басшысы.
Су ресурстары министрлігі мұндай проблема барын жасырмады. Мысалы, ведомство Қызылорда облысында суды заңсыз сорып келген тағы 13 заңсыз қондырғы анықталғанын хабарлады.
"Су ресурстары және ирригация министрлігі судың "қара нарығымен" күресті жалғастырып жатыр. Арал–Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Қызылорда облысындағы су нысандарын тексерді. Нәтижесінде Қызылөзек ауылдық округі аумағындағы Сырдария өзенінің Қараөзек тармағынан өз бетінше су тартумен айналысқан 13 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұзушылыққа жол берген тұлғаларды анықтау және оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді ведомство.
Бұған дейін Қызылорда облысында 6 шаруа қожалығының 2,3 миллион текше метрден астам суды заңсыз пайдаланғаны белгілі болған еді.
Сондай-ақ Арал–Сырдария бассейндік инспекциясы мамандары Шардара аудандық прокуратурасымен бірлесіп, Түркістан облысында да ресми тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады.
Ал, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы Ақтөбе облысында 5 кәсіпорынның суды заңсыз пайдаланғаны жөнінде дерек тіркеді.
"Судың "қара нарығына" қарсы күрес жұмыстары жалғасады. Заң бұзғандар міндетті түрде анықталып, жауапқа тартылады! Бұдан бөлек, ел бойынша бассейндік инспекция мамандары шаруалармен және басқа да су пайдаланушыларға суды заңсыз тартып алуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде", – деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Парламент Қазақстанда су саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік талаптарын күшейтті және жаза түрлерін қатаңдатты. Ол үшін қылмыстық қудалануы мүмкін. Уәкілетті органдарға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін қадағалау функциялары енгізілді.
Министрліктің мәліметінше, Президентті алаңдатқан судың "қара нарығымен" күресу үшін суды рұқсатсыз пайдалануға жол бермеу және су айдындарында, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық қызметке тыйым салуды сақтау бойынша бақылау күшейтілді.
Суды көп шығындайтын шаруаларға қатысты мәжбүрлеу шаралары да жиі қолданылуы мүмкін. Жаңа Су кодексінде ауыл шаруашылығындағы тиімсіз шығындарды азайту мәселелері қарастырылыпты.
Ирригациялық кондоминиум құруға міндеттелді және тиісті тәртібі реттелді. Егер ондай ұйым құрылмаса, иесі мүлкін басқарудан шеттетіледі және мұндай мүлікті сырттай басқару құқығы жергілікті атқарушы органдарға – әкімдерге беріледі екен.
Судың "қара нарығымен" күрес аясында су ресурстарын кімнің қайда жұмсап жатқаны онлайн қадағалауға алынады деп күтілуде. Үкімет су саласын цифрландыру аясында Ұлттық ақпараттық жүйе құруды көздеп отыр.