"Ұрпақ тағзымы"

1210

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Шабанбай би ауылында 1990 жылы мектеп бітірген түлектер Әлихан Бөкейханның кеуде мүсінін орнатып, Ұлт көсемінің 155 жылдығына орай ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

"Ұрпақ тағзымы"

Ескерткіш-бюсті Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Бейбіт Мұстафин жасаған. Оны жасату мен іс-шараның өту қаражатын мектеп түлектері өздері көтеріп алған. 

"Сыныбымызда іскер азаматтар бар. Олар ұлы жерлесіміз Әлихан Бөкейханға лайықты құрмет көрсету туралы көптен бері ойлап жүрген болатын. Пандемияға байланысты істің реті енді келді. Іс-шара барысында ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырдық және соңындағы шешім бойынша, жыл сайын Әлихан оқуларын өткізетін болдық. Конференциядағы баяндамаларды "Әлихан – Алаш Ақсораңы" атты жинаққа жинақтадық және Әлихан қорын құрдық", – деді мектеп түлектерінің бірі Жәния Қапашева.

Іс-шараға Тұрсын Жұртбай, Жандос Смағұлов, Қайырбек Кемеңгер, Қайырбек Сәдуақасов, Сағымбай Жұмағұлов сынды алаштанушылар, мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мен облыс, аудан әкімдігінің өкілдері қатысты. 

Қайырбек Сәдуақасов ғылыми конференция "Әлихан Бөкейхан және бүгінгі Қазақстан" деп аталғанын және оның өзіндік себебі бар екенін айтады.

"Әлихан– әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға. Ол – мемлекеттігіміздің негізін қалаушы. Оның демократия туралы жазып қалдырған идеялары бүгін де өзекті. Қазір ауыл шаруашылығына қатысты кейбір холдинг басшылары айтып жүрген, бірақ құлақ асатын ешкім табылмай, іске аспай келе жатқан "кооперация" ұғымын алаш арыстары сол кезде көтерген. Шынын айту керек, руханиятқа жақын адамдар болмаса, бүгінде Әлихан Бөкейханның кім екенін басқа саладағылар білмейді. "Қазақ жерінің әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек" деген сөзді айтқан тұлғаны, "әлихантану" пәнін ашып мектептерде және жоғары оқу орындарында техника саласындағы шәкірттерге де таныту керек. Өйткені ертең өндіріске, ел басқаруға баратын азаматтар солардың арасынан шығады. Олар ұлт идеясынан сусындап, азаматтық ұстанымдарына берік болып шығуы керек. Сондықтан да ғылыми конференцияны "Әлихан Бөкейхан және бүгінгі Қазақстан" деп атаған едік. Әлихан Бөкейханның туған жеріне қатысты мемлекет назарында болуы керек шаруалар көп. Туған ауылына апарар жол нашар, туризмді дамыту керек және Қарағанды қаласындағы бір аудан Әлихан атымен аталады деген уәде бар да шешім әлі шықпады.  Дегенмен, біз сең қозғалғанына қуанамыз", – деді Қайырбек Сәдуақасов.

Тұрсын Жұртбай ескерткіштің орнатылуы – халық махаббатының белгісі екенін айтады.

– Әрбір ұлттың рухани өмірінде нысаналы тұлғалар болады. Сол тұлғалардың рухы – ұлттың мәңгілік өмір сүруінің кепілдігі. Әлихан Бөкейхан – біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасын жасау арқылы қазақтың кешегі, бүгінгі, ертеңгі жүретін жолы мен ішкі, сыртқы барлық саяси хал-ахуалын тұжырымдап берген ұлт көсемі. Сол тұлғаға кейінгі кезде өз деңгейінде халықтың махаббатының белгісі ретінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, университеттің, мектептің аттары беріліп, ескерткіштері қойылып жатыр. Ақсораңның қолтығындағы Шабанбай деген бұл ауылда Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай, Әлімхан Ермек үшеуі туған екен. Осынау Әлихан Бөкейхан ескерткішінің қойылуы ерекше, бір ықыласты жағдайда болып отыр. Ауылдың 1973 жылы туған азаматтары, сыныптастар қаржы жиып, конференция мен келімді-кетімді қонақтардың барлық шығынына шейін өздері көтеріп алған. Бұл, шын мәнінде, ұрпақтың Әлихандай ұлт көсемінің алдындағы тағзымы. Егер әр ұрпақ, тіпті әр сынып өзінің ауылы үшін осындай игілікті іске барып отырса, қазақ мемлекеті сөзсіз гүлденіп, дамуға бастайды. Енді сол ауылдың кейінгі 1974, 75, 76-ынші жылы туған азаматтары біріге отырып Әлекеңнің қасына Әлімхан Ермек пен Жақып Ақбайға ескерткіш орнатса, керемет жарасымын тауып кететін, бүкіл елге үлгі болатын оқиға болады, – деді Тұрсын Жұртбай.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться