Үржар мен Үшаралға Boeing пен Airbus ұша алмақ

2642

Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнсе, Алматы әуежайын мемлекет өз басқаруына алуы мүмкін.  

Үржар мен Үшаралға Boeing пен Airbus ұша алмақ

Елде әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қолға алынуда, деп жазады Inbusiness.kz.

Пандемиядан қатты зардап шеккен салалардың бірі – азаматтық авиация болатын. 2020 жылы төтенше жағдай кезінде (Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты ТЖ 2020 жылғы 16 наурызда басталып, 11 мамырда аяқталған-тын) барлық ішкі және халықаралық ұшулар тоқтатылды. Тасымал көлемі күрт құлдырады. Одан кейінгі уақытта да карантин шектеулеріне байланысты көптеген халықаралық рейстер сол бойы ашылмады.

Сала енді-енді ес жиюда: биыл саланың негізгі көрсеткіштері өсуде. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, 2021 жылғы 4 айда азаматтық авиация саласындағы жолаушылар тасымалы 2,5 миллион адамды құрады. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңдегіден 47%-ға көп: 2020 жылғы 4 айда небары 1,7 млн адам тасылыпты. 

Әуежайлар қызмет көрсеткен жолаушылар саны 4,6 миллион адамды құрап, былтырғыдан 39%-ға ұлғайды (2020 жылғы 4 айда отандық әуежайлар арқылы 3,3 млн адам өткен). Бұл қатарға ішкі бағдарларда тасылған жолаушылар да, транзиттік жолаушылар да кіреді.

"Бүгінде ішкі рейстер толығымен қалпына келтірілді: 47 бағытта аптасына 574 рейс жасалады. Сондай-ақ 14 елмен арада 43 бағытта аптасына 123 рейс жиілігімен халықаралық әуе қатынасы қайта жаңғырды. Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, әуе тасымалын ары қарай қалпына келтіру шаралары қабылданады. Әуе көлігінің инфрақұрылымын модернизациялау жалғасуда. Ішкі туризмді дамыту және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үржар, Үшарал секілді шағын қалаларда жергілікті әкімдіктер ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау жұмыстарына кірісті. Әрине, бұл жөндеу жолаушылар үшін қаншама қолайсыздық туғызғанын түсінеміз. Алайда реконструкция аяқталған соң, дәл осы әуежайлар Boeing және Airbus секілді заманауи реактивті ұшақтарды қабылдай алатын болады", – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның байламынша, бұл келесі жазғы маусымдарда Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына туристік тасқынды арттырмақ. Әуежайлардың жөнделу кезінде Алакөлде демалуға ынтыққан адамдарды жеткізу үшін автобус, пойыз қатынасының саны көбейтілген.

20 әуежайдың тек 12-сі ғана мемменшікте қалды

Ведомство басшысы түркі әлемінің бесігі, рухани астанасы саналатын Түркістанда жаңа халықаралық әуежай іске қосылғанын еске салды. Мұндай ірі әуе қақпасы мұнда тіпті Кеңес заманында болмаған. Туризмді дамыту үшін әуежайда "ашық аспан" режимі енгізілді. Әлемдегі кез келген авиакомпания осы қалаға кедергісіз ұша алады. Әзірге Түркістан әуежайына Нұр-Сұлтан мен Алматыдан күн сайын ұшақ сапарлайды. Ал халықаралық рейстер тек Ыстамбұл мен Бішкектен жасалады.

Осы орайда қазақстандықтар жаңарып жатқан бұл шаһарға тағы қандай өңірлер мен елдерден рейс жолға қойылатынын сұрауда.

"Түркістандағы жаңа әуежайдан алғашқы тұрақты рейс 2020 жылғы 1 желтоқсанда "Түркістан–Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша орындалғаны мәлім. Бүгінгі күні "Fly Arystan" және "Turkish Airlines" авиакомпаниялары Нұр-Сұлтан, Алматы, Ыстамбұл, Бішкек қалаларына рейстер орындап жатыр. Іске қосылғалы бері жалпы саны 200-ден астам рейс орындалды, шамамен 66 мың жолаушы тасымалданды, ал рейстердегі жүктеме 85%-ды құрайды. Бұл жолаушылардың, әсіресе қазақстандықтардың Түркістанға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Осы сұранысты қанағаттандыру үшін біз Түркістанды еліміздің облыс орталықтарымен, соның ішінде Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскеменмен қолжетімді рейстермен байланыстырамыз. Бұл халқымызға ежелгі қалаға баруға мүмкіндік береді және туризмнің дамуына ықпал етеді. Бұл мақсатқа Үкімет шамамен 3 миллиард теңге бөлді", – деді Б.Атамқұлов.

Оның мәліметінше, алдағы уақытта Түркістанды Ташкент, Самарқанд, Мәскеумен байланыстыру жоспарлануда.

Тұтастай алғанда, қазіргі уақытта Қазақстанда 20 әуежай жұмыс істейді. Соның 12-сі, нақтылай кетсек, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Петропавл әуежайлары – мемлекеттік меншікте. Тағы 6-уы – Алматы, Қарағанды, Тараз, Орал, Балқаш, Жезқазған әуежайлары – жеке меншікте. Қалған екеуі – Ақтау және Түркістан әуежайлары сенімді басқаруға берілген.

Елде Шымкент аэропортының жаңа терминалы салынуда. Орал әуе қақпасы, Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағы қалпына келтірілуде.

Әуежайлар алаңдаушылық туғызады

Дегенмен, кейбір әуежайлардың жағдайы, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі авиациялық биліктің алаңдаушылығын тудырып отыр. Мәселен, Авиациялық әкімшілік Петропавл аэропортын тексеру барысында оның үздіксіз жұмысына теріс ықпал еткен жөнсіздіктерді әшкереледі. Қазіргі кезде әуежай әкімдікпен бірлесіп, бұзушылықтарды жою жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Шымкент әуежайын модернизациялауға қатысты мәселелер туындады. ИИДМ мәлімдеуінше, жергілікті әкімдік түйткілді проблемалардың түйінін тарқату бойынша инвестормен белсенді жұмыс жүргізбеуде. Жер телімдері берілмей жатқаны айтылды. Салдарынан, жаңа жолаушылар терминалын іске қосу созбалаңға салынған. Бұдан жолаушылар зардап шегеді.

Батыс Қазақстан облысында да Орал әуежайы, әкімдік және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арасында облыс орталығының аэровокзал  кешенін реконструкциялау мәселелерін шешу бойынша үйлесім жоқтығы анықталған. Бұл ақыр соңында, жобаның қымбаттап кетуіне және бұрын белгіленген мерзімдердің бұзылуына соқтырды.  

Өзге мәселелер де жетерлік. Көлік саласының маманы Ерлан Маметов биылғы 30 сәуірде Алматы халықаралық әуежайының шетелдіктер меншігіне өткені жайлы ақпарат елді дүрліктіргенін еске салады.

"Бұл хабарды қоғам үлкен наразылықпен қарсы алды. Стретегиялық нысанға жататын әуежайлар еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің бір бөлігі. Сондықтан еліміздің мемлекеттілігі мен болашағына қатысты алаңдаушылық туды. Мемлекет осы мәселеге ерекше назар аударып, әуежайды мемлекет меншігіне қайтаруға мән бергені жөн", – дейді ол.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түсіндіруінше, Азаматтық кодекске сәйкес стратегиялық объектілер мемлекеттік және жеке меншікте бола береді. Сондықтан "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-ы акцияларының мемлекеттік пакеті сонау 1997 жылы жеке меншікке беріліп кеткен. 2011 жылдан бастап "Venus Airport Investments B.V."  осы әуежайдың жаңа акционеріне айналды. Бірақ ол басты мегаполисіміздің әуе қақпасының қожайыны болып қалмай, оны 2020 жылғы мамырда түріктің "TAV Airports Holding" компаниясына сатып жіберген. Бұл – Франция, Түркия, Грузия, Тунис, Сауд Аравиясы, Хорватия сияқты әртүрлі континентте орналасқан халықаралық әуежайларды басқаратын әлемге танымал компания саналады. Түріктер әуежайды 415 миллион долларға сатып алыпты. Компания мәмілені тек биылғы жылы ғана жауып, әуе терминалын толыққанды меншігіне алды. 

Мемлекет "TAV Airports Holding" компаниясына Алматы әуежайының мүмкіндіктерін арттыруды және оны жаңғыртуды жүктеді. Атап айтқанда, түріктер жаңа жолаушылар терминалын тұрғызуға, бизнес терминалды салуға, ұшу-қону жолағын реконструкциялауға және өзге міндеттерді жүзеге асыруға тиісті. Бұл іс-шаралар қызмет көрсету сапасы мен деңгейіне жолаушылардың қанағаттанушылығы деңгейін арттыруы шарт.

"Әйткенмен, "ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының 73-бабына сәйкес, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган ел Үкіметімен келісе отырып, әуежайды пайдаланушыға қатысты уақытша басқаруды енгізетін болады", – деді министр Б.Атамқұлов ресми блогында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу