Үш айда 47 адам ажал құшты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3276

Өндіріс орындарындағы қайғылы жағдай тау-кен металлургия кешені мен құрылыс саласында жиі қайталанады.

Үш айда 47 адам ажал құшты

Статистикалық деректерге сүйенсек, былтыр 1678 қазақстандық жұмысшы өндіріс орнындағы оқыс оқиғалардың салдарынан жапа шеккен. Өкінішке қарай, оның 244-і көз жұмған. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 317 жағдай орын алып, 47 адам қаза тапқан. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасовтың пікірінше, өндіріс орнында жарақат алу деңгейі жыл өткен сайын төмендеп келеді. Айтуынша, аталған көрсеткіш соңғы үш жылда 16%-ға азайған. 

"Былтыр Қазақстандағы еңбек құқығының сақталуы бойынша 1,7 млн адам тексерілді. Тексеру қорытындысына сүйенсек, олардың 370 мыңы яғни 23%-ы немесе әрбір төртіншісі зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді екен. Сондай-ақ әрбір екінші жұмыскер шуы көп жерде еңбек етеді. Бұл дегеніміз – 44,2 пайыз. Ал әрбір үшінші жұмысшы (33,7%) газ бен шаң мөлшері белгіленген нормадан артық жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. 84,6 мың адам ауыр жұмысқа жұмылдырылған", – деді Ақмәди Сарбасов.

Өткен жылы 673 мың адам зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін түрлі өтемақы алған. Былтыр жұмыс берушілер аталған мақсатқа 107 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.

"Өкінішке қарай, зиянды жағдайда жұмыс істеушілерге өтемақы төлеу көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр бұл мақсатқа бөлінген қаржы көлемі 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8%-ға өскен. Өткен жылы 520 мың адамға қосымша демалыс берілді. Сондай-ақ, 386 мың адам зиянды әрі қолайсыз жағдайда жұмыс істегені үшін басқа да қосымша өтемақыларға ие болды", – деді комитет төрағасы.

Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының мамандары соңғы бес жылда 2 мыңнан астам жұмысшының кәсіби ауруға шалдыққанын анықтаған. Ал былтыр 331 адамның кәсіби аурумен ауыратыны белгілі болыпты.

Комитет төрағасының сөзінше, өндіріс орындарындағы қайғылы жағдайлар тау-кен металлургия кешені мен құрылыс саласында жиі қайталанады екен. Мәселен, барлық оқыс оқиғалардың 16%-ы тау-кен металлургия кешенінде орын алса, 15%-ы құрылыс саласына тиесілі.

"2017 жылы Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының өндірістік орындарында оқыс оқиғалар жиі қайталанды. Шығыс Қазақстанда 215, Қарағандыда 190 адам адам жапа шекті. Сондай-ақ былтыр 182 павлодарлық жұмысшы оқыс оқиғаға тап болды. Бұдан бөлек, Қостанай облысы мен Алматы қаласында да 100-ден астам адам өндіріс орнында  сәтсіздікке тап болды", – деді Ақмәди Сарбасов.

Комитет төрағасының айтуынша, өндіріс орындарындағы оқыс оқиғалардың жиі орын алуының бірнеше себебі бар. Мәселен 13%-дық жағдайда жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайын жасамайды екен. Жұмысшыларды тиісті нұсқаулықтармен таныстырмау фактісі де жиі тіркеледі (13%). Сондай-ақ бұл қатарға жеке және ұжымдық қорғану құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етпеу де жатады.

"Оқыс оқиғалардың 14%-ы қозғалмалы, айналмалы құрылғыларда орын алады. Биіктен құлайтындардың үлесі – 13%. Бұдан бөлек құрылғының қирауынан, құлауынан жапа шегетіндер бар. Олардың үлесі – 10%. Осы жағдайларды бағамдай отырып, жұмыс берушілердің өз міндеттемелерін орындауда немқұрайлылық танытатынын байқауға болады. Сондай-ақ жұмысшылардың қателігінен де қайғылы жағдайлар орын алатынын ұмытуға болмайды", – дейді еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы.

Мемлекеттік қадағалау нәтижелеріне ден қойсақ, соңғы 5 жылда анықталған заң бұзушылықтардың 30%-дан астамы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласына тиесілі екен. Бұл ретте былтыр аймақтардағы мемлекеттік еңбек инспекторлары 9920 тексеру жүргізіп, 14 892 заң бұзушылықты анықтаған. Олардың 4 112-сі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ісіне қатысты болған. "Мемлекеттік инспекторлардың талабымен 467 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ инспекторлардың талабы бойынша жұмыс берушілер 298 лауазымды тұлғаны қызметінен босатқан. 30-дан астам өндірістік кәсіпорынның жұмысына тыйым салынып, 15 ұйымның қызметі тоқтатылған. Тексеру қорытындысы бойынша 1681 материал құқық қорғау органдарына жолданып, 243 қылмыстық іс қозғалды", – деді Ақмәди Сарбасов.

Комитет төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, 2013 жылы Қазақстандағы жалақы қарызы 1,1 млрд теңгені құраған. 2018 жылғы 12 ақпандағы дерек бойынша, жалақы қарызы 449 млн теңгеге дейін азайған.  

"Жалақының уақытылы төленбеуі еңбек ереуілдеріне алып келетіні белгілі.   2011 жылы республика бойынша 28 ереуіл өтті. Ал 2018 жылдың бірінші тоқсанында бір ғана ереуіл ұйымдастырылды. Яғни осыдан біршама уақыт бұрын Астанадағы Абу Даби Плаза жұмысшыларына қатысты жағдай еңбек ереуілі болып тіркелді", – деді Төлеген Оспанқұлов.

Оның айтуынша, бүгінде 27 кәсіпорын жұмысшыларға қарыз. Олардың 11-і – жалақыны үш айдан астам уақыт бойы төлемеген. Қарызы көп мекеме Қарағандыда тіркелген. Ол – "Отто-сервис" кәсіпорыны. Оның жұмысшылар алдындағы қарызы - 51 млн теңге. 

"Отто-сервис" компаниясы Қарағанды қаласында әскери қызметтерге көмек көрсеткен ресейлік кәсіпорын. Бұл бүгінде күрделі мәселе боп тұр.    Мекеменің басшысы іздеуде жүр. Аталған жағдай бойынша Ресейге бірнеше мәрте хат жаздық. Қазіргі уақытта Ресей тарапымен келісімшартқа отырғалы жатырмыз. Онда осындай мәселелердің бәрі қамтылатын болады", – деді комитет төрағасының орынбасары.

Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сүйенсек, өндіріс орындарындағы оқыс оқиғалардан және кәсіби аурулардан жыл сайын әлемде 2 млн 700 мыңнан астам адам көз жұмады екен. Оның 2,4 миллионы немесе 86%-ы – кәсіби аурулардың құрбаны. Ал 380 мыңы (13,7%-ы) өндірістегі оқыс оқиғалардан қаза табады.  

Мамандардың айтуынша, өндіріс орындарындағы қайғылы жағдайлар мен кәсіби аурулар әлемдік экономикаға айтарлықтай зиян тигізіп отыр. Халықаралық еңбек ұйымының соңғы деректеріне назар аударсақ, жоғарыда аталған жағдайлардың салдарынан әлемдік экономиканың жалпы ішкі өнімі жыл сайын 3,94%-ын жоғалтады екен.

Еске сала кетейік, дүниежүзілік экономикалық форум жүргізген сауалнамаға сәйкес, 2017 жылы Қазақстан еңбек нарығының тиімділік индикаторы бойынша 140 мемлекеттің ішінде 35 орынды иеленген.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу