Үш қазақстандық боксшы жеңіске жетті

1932

Новосібір қаласында өткен бокс кешінде үш қазақстандық боксшы қарсыластарын тізе бүктірді.

Үш қазақстандық боксшы жеңіске жетті

Қазақстандық Бек Нұрмағанбет (4-0, 2 КО) кәсіпқой рингтегі төртінші жеңісіне қол жеткізді. Новосібірде (Ресей) Boxing Night 5 бокс кеші аясында өткен жекпе-жекте ол Танзания боксшысы Тваха Кассимді (17-8-1) жеңді. Жартылай ауыр салмақтағы айқас барлық сегіз раундқа созылды. 

Естеріңізге сала кетсек, Бек 2019-жылы өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. Ол былтыр маусым айында Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан кетіп, кәсіпқой боксқа ауысқан болатын.

Тағы бір қазақстандық боксшы, 21 жасар Евгений Павлов (4-0, 3KO) жеңіл салмақта өнер көрсетіп, кәсіпқой бокстағы жеңіліссіз сериясын тағы бір жекпе-жекке ұзартты. Новосібірде (Ресей) өткен Boxing Night 5 бокс кешінде ол танзаниялық 29 жастағы Насиба Рамадханиді (31-17-2, 18 КО) бесінші раундта нокаутқа жіберді. Ал жекпе-жек алты раундқа жоспарланған болатын.

21 жастағы Павлов өткен жылдың шілде айында кәсіпқой боксқа келді. Петропавл қаласының тумасы әуесқойлар арасында бокс пен кикбоксингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Түркістан қаласында өткен Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы және "Бокс королі - 2019" халықаралық турнирінің күміс жүлдегері атанды.

Сонымен қатар ауыр салмақта өнер көрсететін 21 жасар Данила Семенов (3-0, 2КО) Новосібір қаласында өткен бокс кешінде жарқын жеңіске жетті. Алты раундтық жекпе-жекте оның қарсыласы оңтүстік африкалық боксшы Осборн Матимана болды (23-14-2, 17 КО). Оны қазақстандық былғары қолғап шебері алғашқы үш минутта-ақ тізе бүктірді. Данила жойқын соққыларымен қарсыласын кілемге сұлатып түсірді. Нәтижесінде Семенов кәсіби деңгейде өзінің үшінші жеңісін тіркеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу