Үш қызымыз Азияның қола жүлдегері

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3710

Күрес түрлерінен Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасындағы белдесулер аяқталып, Қазақстан қыздары үш қола медаль еншіледі.

Үш қызымыз Азияның қола жүлдегері Фото: unitedworldwrestling.org

Рио Олимпиадасының қола жүлдегері – Азияда да үшінші
Еркін күрестен әйелдер арасындағы құрлық біріншілігі де 10 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Азия чемпионатының үшінші күні екі қызымыз қола жұлдеге қол жеткізді. Олар – Эльмира Сыздықова мен Ирина Казюлина.

Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова Бішкек боз кілемінде 76 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Әуелі Үндістан үміті К.Киранды қиналмай ұтты (13:3). Өкінішке қарай, жартылай финалдағы өте тартысты белдесуде Қытай қызы Цянь Чжоуға есе жіберіп алды (1:2). Ал қола медаль үшін өткен күресте моңғол балуаны Ч.Амгаланбаатарды боз кілемге аунатты (11:1). Осылайша, бұйырғаны қола жүлде болды.

68 келіде сынға түскен Ирина Казюлина да басында жеңіске жетіп, өзбекстандық Н.Гадаеваны жолынан тайдырды. Алайда ол да жартылай финалда Қытай қызы Фенг Жоуға қайрат көрсете алмады. Қола жүлде үшін болған белдесуде Корея аруы С.Парктен басым түсті (8:2).

Қалған үш қызымыз жүлделі орындарға іліге алмады. 55 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Назгүл Нұрахан жүлдеге сынық сүйем жетпей сүрінді. Қола медаль үшін өткен белдесуде моңғол балуаны Д.Эрхенюаарға шамасы жетпеді. Оған дейін осы салмақта чемпион атанған Жапония аруы С.Игарашиден жеңіліп қалған болатын. Сөйтіп, Азия чемпионатын бесінші орынмен тәмамдады.

50 келіде күрескен Марина Закшевская Қырғызстан, Үндістан және Корея қыздарынан ұтылып, үшінші орын үшін кұресу құқығынан да айырылды. 59 келіде бақ сынаған Назира Аманжолова алғашқы белдесуінде-ақ жапон аруына есе жіберіп алып, кілемнен тым ерте шығып қалды.

Ешімова Азиядан жетінші рет жүлде алды
Азия чемпионатының төртінші күні бес салмақ дәрежесіндегі үш қызымыз бірдей қола жүлде үшін күрескен. Бірақ 53 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Жұлдыз Ешімова ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Әуелі өзінің тарихи отандасы, қырғыз қызы Мадина Надированы бұйым құрлы көрмеді. Бірақ ширек финалда моңғол қызы Сумия Эрденечимегтен ұтылып қалды (2:4). Осы қарсыласы финалға шыққандықтан, қола жүлде үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Содан өзбек Севара Ешмуратованы жолынан тайдырып, одан кейін Тайпэй қызы Шин Жу Чиуден басым түсті. Сөйтіп, Азия чемпионатында жетінші рет жүлдегер атанып, қола медаль жеңіп алды. Бұған дейін "Сарықұрлықтан" бір алтын (2007 ж), төрт күміс, бір қола еншілеген болатын.

62 келіде ел намысын қорғаған Аяулым Қасымова ширек финалда Тайпэй қызын ұтқанымен, жартылай финалда Қытай балуанынан ұтылып қалды. Ал қола медаль үшін өткен тартысты белдесуде Үндістаннан келген Сакши Маликке есе жіберіп алды (7:10). Бұйырғаны – бесінші орын.

72 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Жәмила Бақбергенова әуелі Үндістан қызын ұтқанымен, одан кейін Қытай балуанынан ұтылып қалды. Сонда да жартылай финалда белдесу құқығына ие болған. Бірақ Моңғолия аруына есе жіберіп алды. Ал қола жүлде үшін жапон қызымен күресіп, әккі қарсыласына төтеп бере алмады. Бесінші орын...  

57 келіде сынға түскен Гүлшахрат Таласова алғашқы айналымда Қытай қызынан ұтылып қалды. Бірақ өзін жеңген балуан финалға шыққандықтан (ол тіпті осы салмақта чемпион да атанды), оңтүстікқазақстандық аруымыз қола жүлде үшін белдесу құқығына ие болған. Алайда алғашқы белдесуінде-ақ моңғол балуанынан ұтылып, жүлдеден үмітін үзді.

65 келіде күрескен Альбина Қайыргелдинова екі рет ұтылып (Корея және Моңғолия қыздарынан), жартылай финалға шыға алмады. Бір қызығы, оны жеңген екі балуан қола медаль үшін күресіп, 6:6 есебімен тең түсті. Бірақ жүлде кәріс қызына бұйырды...

Түйін
Сонымен, еркін күрестен Қайрат Сағадиев жаттықтыратын балуан қыздарымыз Азия чемпионатынан үш қола медаль олжалады. Өкінішке қарай, ешқайсысы финалға шыға аламды. Жеребелері де жеңіл түспегендей. Жалпы командалық есепте 101 ұпаймен 6-орынды қанағат тұтты. Алдымызды Қытай (1-орын), Моңғолия (2), Жапония (3), Үндістан (4) және Корея (5) қыздары орап кетті.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу