Үш түркітілдес ел әлемдік ұн экспортының көшбасшыларына айналды

6587

Бұл жерде Өзбекстанның өрлеуіне қазақ бидайы көмектескен. 

Үш түркітілдес ел әлемдік ұн экспортының көшбасшыларына айналды Фото: inbusiness.kz

Қазақстан 2007 жылы, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігін Ахметжан Есімов басқарып тұрған тұста, жан басына шаққандағы ұн экспорты жөнінен әлемде №1 елге айналды. Алайда бұл мәртебесін ұзақ ұстап тұра алмады. Үш жылдан соң, яғни Ақылбек Күрішбаев сала министрі болып тұрғанда, жаһандағы ең ірі ұн экспорттаушы болудан қалды. 

Қазіргі кезде осы салада Түркия көшбасшы. Қазақстан екінші орынды місе тұтып келеді. Соңғы жылдары ұн экспортын қарқынды арттырған Өзбекстан жолындағысын жаппай "жапырып", енді үшінші тұғырға көтерілді. Болашақта ол кері кеткен Қазақстанды да ығыстыруы мүмкін. Себебі, өзбектер қазақ бидайының арқасында ілгері озып барады: оны арзандау бағаға алып, оны өзінде ұнға тартып, жаһандық нарыққа өңделген өніммен шығуда. Ол мысалы, Қазақстанды оның ең ірі нарығы – Ауғанстаннан ысырып жатыр.

Көрші Ресейде де бұл сала біршама деградацияға ұшырады. Оның үстіне Кремль қантөгіс соғыс бастағалы, оның ұнынан біраз клиенті бас тартуда.

Фото: regcomment.ru

"Ресейлік ұнның әлемдік нарықтарға жөнелтілімі 2022 жылы екі еседей күрт өсті. Бірақ бұл алдамшы өсім. Өйткені бұған дейінгі жылдары РФ сыртқы нарыққа ұнды өте аз арттырды. Соның әсерінен былтыр айтарлықтай өсім тіркеліп отыр. Мысалы, 2021 жылы шетелге небары 489 мың тонна ұн ғана экспорттады. 2022 жылы бұл көлем 870 мың тоннаға жетті. 2023 жылы да көрсеткіш 800 мың тоннаның айналасында болады деп күтілуде. Бұл – Ресей үшін ең жоғарғы нәтиже саналады. Тіпті тарихи рекорд. Бірақ біз Түркия мен Қазақстан сияқты әлемдік алпауыттардың асуын ала алмаймыз. Түркия жыл сайын дүниежүзіне 2–3,5 миллион тонна ұн жөнелтеді. Қазақстан болса, 2022 жылы сыртқы нарықтарға 1,7 миллион тоннадан астам ұн экспорттады", – деді ресейлік сарапшы, "ПроЗерно" сараптамалық компаниясының бас директоры Владимир Петриченко.

Бұл асуда елімізді біреу қуып жетсе, ол тек Өзбекстан болатынын Қазақстан астық өңдеушілер одағының құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Евгений Ганн растады.  

Евгений Ганның дерегінше, Қазақстанда бүгінде шамамен 250 ұн тартушы кәсіпорын тіркелген. Алайда соның ішінде шын мәнінде тек шамамен 70-і ғана жұмыс істеп тұр.

Жыл сайын елімізде 7 миллион тоннаға дейінгі көлемде бидай тартылады. Оның көбісі кебекке кетеді, ол да экспорттық тауар. Оны Түркияға дейін сатып алады.

Сонда 2021 және 2022 жылдары 3,3–3,6 миллион тонна ұн алынды.

Соның ішінде 1,8 миллион тоннадай ұнды өзіміз тұтынамыз. Яғни, Қазақстан дәл осы өнім бойынша өзін 100% қамтиды.

Бұл жерде кебектің 1 млн тоннадан астамын да ішкі нарық тұтынады.

Фото: agroqogam.kz

"Қазақ астығының ең тұрақты әрі ең ірі сатып алушысы – отандық диірменшілер. Ұн тартушы кәсіпорындар жыл сайын елімізде жиналатын барлық астықтың үштен бір бөлігінен астамын, немесе 5,5 миллион тоннаға дейінгісін сатып алады. Оны бүкіл жыл бойы және нарықтық бағамен алады. Тиісінше, еліміздегі шамамен 4,5 миллион гектар егістіктен жиналатын астықты өзімізде өткізудің кепілді нарығы бар. Біз бұдан айрылып қалмауымыз қажет", – деді Евгений Ганн.

Ол бидай ұнының экспорты бойынша Қазақстанның бірнеше жыл қатарынан әлемде екінші орыннан табылып келе жатқанын жеткізді. Қазақ ұнының негізгі сатып алушыларына Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан жатады. Бертінде Қытай да бізден таситын ұнның көлемін арттыра бастады.

Дегенмен, қазақ ұнының ең ірі тұтынушысы – Ауғанстан болып қалуда. 2022 жылы еліміз шетелге өткізген бүкіл ұнының 70%-дан астамын ауған елі сатып алды.

Ал республикамыздың осы саладағы тағы бір ірі клиенті – Өзбекстан қазақстандық бидайды сатып алып, содан өзі ұн өндіруге белсенді ден қойды. Сонымен бірге өзбек диірменшілері Ауғанстан нарығын игеріп, онда Қазақстанға қатаң бәсекелестік құруда.

Е.Ганның айтуынша, Өзбекстанда ұнға тартылатын астық көлемі жыл сайын бірден 2,5–3 миллион тоннаға артып отырады. Соның ішінде Қазақстаннан импортталған 2 миллион 762 мың тонна бидай бар.

Өзбекстан Қазақстанды баяғыда-ақ жаһандық нарықтағы екінші орыннан сырғытып жіберетін еді, бірақ біріншіден, оның халқы біздікінен екі есеге жуық көп. Яғни, нан, макарон және басқасын жер ауыз да көп. Екіншіден, оңтүстік көршіде өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған, өзбек кәсіпкерлері ұннан дайын өнімдердің түр-түрін шығарады.

Өзбекстан Ауғанстанға 2020 жылдың өзінде 721 мың тонна ұн өткізді. Ал 2021 жылы экспорт көлемін 949,1 мың тоннадан асырды. Бұдан бөлек, 2022 жылы Өзбекстан Ауғанстанға гуманитарлық ұн жеткізу жөніндегі БҰҰ-ның халықаралық тендерін жеңіп алды.

Бұған қоса, кеңес заманында мақта және күріш өсіруге мамандандырылған Өзбекстан енді төл бидай өндірісін дамыту бағытында кең ауқымды жоспарын қабылдады. Бұл ретте өзбек егінінің шығымдылығы қазақтікінен бес есе жоғары. Қазақстанда бидай өнімділігі былтыр әр гектардан 12,5 центнерден айналды. Өзбекстанда орташа өнімділік әр гектардан 64 центнерді құрады. Алда бұл көрсеткіш 90 центнерге жеткізілмек. Осы мақсатта сапалы тыңайтқыштар қолданылады, арамшөппен жүйелі күрес жүргізіледі және бидайға арналған егіс алқабының көлемі 585 мың гектарға арттырылады.

Қазақстанда керісінше, сала стагнация құрдымына құлап барады. Ұн өндірісінің шырқау шегі 2017/18 маркетингтік жылға тұспа-тұс келді: 4,32 миллион тонна. Бұл рекордтан кейін 2018/19 маркетингтік жылда ұн өндірісі 16%-ға (3,62 млн), ал 2019/20 жылы – тағы 12%-ға (3,2 млн) құлдырады. 2020/21 экспорттық жылда шамалы өсіп, 3,25 млн тонна ұн өндірілген. Ары қарай төмендеу тренді жалғасуда: 2021/2022 МЖ-да 3,1 млн тоннаны құрады. 2022/2023 маркетингтік жылда әзірге 1,70 млн тонна ұн жасалған.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан әдетте өндірген ұнының 52%-ын әлемге жөнелтеді.

Қалай болғанда, Түркі әлемі көшбасшыларының "ас атасын" өндіруде лидері атанып, адамзатты асырап отырғаны мақтан тұтуға лайық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу