Үш жылда 237 млрд бөлінсе де

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4122

Еліміздегі бірқатар қаланың кәріз жүйесі жыларман жағдайда.

Үш жылда 237 млрд бөлінсе де

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, инженерлік желілері бордай тозған қалалардың "көшін" Павлодар, Алматы, Қарағанды, Теміртау бастап тұр. Мәселен, Павлодардағы су тарту желілерінің 85%-ы тозса, Қарағанды мен Алматыдағы желілердің 75-80%-ы әне-міне үгітілейін деп тұр. Теміртау да тоз-тозы шыққан құбырларымен "мақтана" алатын жағдайға жеткен.

Деректерге сүйенсек, "Нұрлы жол" бағдарламасы қолға алынған сәтте, яғни 2015 жылы еліміздегі тозған инженерлік желілердің үлесі 67% еді. Үш жылда бұл бағытқа 237 млрд теңге бөлінген. Осының нәтижесінде тозған желілердің үлесі 7%-ға азайды. Қазір 60%-ды құрап отыр. Бұйыртса, биыл бұл көрсеткішті тағы да 3%-ға төмендету көзделуде.

"Нұрлы жол" бағдарламасы шеңберінде қолға алынатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы 2020 жылға дейін сумен және жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 53%-ға дейін төмендету жоспарлануда", – деді Мархабат Жайымбетов. 

Комитет төрағасы қазіргі аязды күндер инженерлік желілер үшін нағыз сынақ болып тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, әзірге ірі апаттар орын алған жоқ.

"2018 жылы 800 шақырым жылумен және сумен жабдықтау, су тарту желілері салынады", – деді ол.

Еске сала кетейік, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында бюджеттік несие беру және субсидиялау арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының инфрақұрылымын жаңғырту қарастырылған. Мұндағы мақсат – бұл бағытқа жұмсалатын бюджет шығынын азайту.

Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, бюджеттік несиелер жергілікті атқарушы органдар арқылы бөлінеді. Қаржы республикалық бюджеттен қарастырылған. Несие екі жылға беріледі.

"2005-2018 жылдары инженерлік желілерді тарту және жаңғырту жұмыстарына арналған 284 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 237 млрд теңге бөлінді. Былтыр бөлінген 48 млрд теңгеге 103 инвестициялық жоба іріктеліп алынды. Жобалар аясында 1185 шақырым желі мен 5 қазандық салу жоспарлануда", – деді Мархабат Жайымбетов.

Комитет төрағасының сөзінше, "Нұрлы жол" бағдарламасы қолға алынған сәттен бері 2 695 шақырым жылумен және сумен жабдықтау, су тарту желілері салынған. Сонымен қатар 21 қазандық, 70 сорғы станциясы, кәріз жүйесі мен су тазарту қондырғылары пайдалануға берілген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу