Үшаралдың әуежайы 21 шілдеде ашылады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2882

Қазақстандықтар Алакөлге ұшақпен қатынайтын күн жақындап келеді.

Үшаралдың әуежайы 21 шілдеде ашылады

Мұндай жаңалықпен ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Фейсбуктегі" парақшасында бөлісті.

"Достарым, жағымды жаңалықпен бөліскім келіп отыр. 21 шілде күні Алакөлдің жанындағы Үшарал қаласында əуежай ашылады! Бұл, əрине, туристер санының ұлғаюына əсер ететіні сөзсіз", – деді ол.

Министр өткен демалыс күндері Алакөл жағасында дуатлоннан жарыс өткізілгенін атап кетті.

"Логистиканың қиындығына қарамастан мыңдаған қазақстандықтар осы ғажайып сұлу көлге жол тартады. Жақында үкіметіміздің туризм саласын дамыту туралы концепциямызды қолдауы - ішкі туризмнің жоғары деңгейге көтерілуінің кепілі деп білеміз. Қазақстанның керемет сұлу табиғатын насихаттап, Алакөл сияқты айдынымызды мақтан тұтуымыз керек, – деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы. – Бұл жерде кең тыныс алып, спортпен айналысуға талпыныс туады екен. Сол себепті спортты насихаттау жəне туристерді тарту мақсатында дуатлоннан жарысты жылда өткізетін болып шештік. Дəл сондай іс-шараны көлдің Шығыс Қазақстан облысындағы жағалауында өткізуді жоспарлап отырмыз".

Министр осы жұмыс сапарында өзімен бірге мəдениет жəне спорт вице-министрлері Сəкен Мұсайбеков жəне Асқар Баталов болғанын айтты.

"Біз көл жағасындағы құрылыс нысандарын тексеріп, қолымыздағы мəліметтермен салыстырдық, енді курорт аймағын дамыту жұмыстарын нақтылауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Асқар Баталов туроператорлармен Алакөл үрдісін жандандыру тақырыбында семинар өткізді. Əрине сыртта өткізілетін семинарлар пəрмендірек, мəселені сол жерде шешкен тиімді, алыстағы Астанадан шешу кейде қиындау соғады", – деп мәлімдеді министр.

Бұған дейін Алматы облысының Үшарал қаласындағы әуежай осы жылы ашылады деп хабарланған еді. Бұл жайында биыл наурыз айында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысының Алакөл ауданы әкімі Әлібек Жақанбаев айтты. Құрылыс-монтаж жұмысы 2015 жылы басталған. Құрылысқа небәрі 896,9 млн теңге бөлінген.

Әуежай құрылысы 2017 жылдың шомылу маусымына дейін бітеді деп жоспарланған болатын.

Сонымен бірге біздің Астана – Үшарал– Астана, Алматы– Үшарал – Алматы жаңа облысаралық авиарейсін ашу және оларды республикалық бюджеттен субсидиялау туралы мәселені қарастыруға ҚР индустрия және даму министрлігінің азаматтық авиация комитетіне берген өтініміміз мақұлданды. Комитет бұл авиарейстерді 2017 жылы субсидиялау тізіміне қосу мүмкіндігін хабарлады. Сондай-ақ "Жетісу" авиакомпания" АҚ-пен бірлесіп Талдықорған – Үшарал - Талдықорған ішкі авиарейсін ашу жоспарланып отыр. Ішкі авиарейсті субсидиялау үшін облыстық бюджеттен 15,2 млн теңге бөлінді", – деді Әлібек Жақанбаев.

Әуежайдың ұшақты ұшырып-қондыру жолағын қайта жасап, әуедегі қозғалысты ұйымдастыру үшін қажетті радиотехникалық және метеорологиялық жабдықтарын жаңарту жоспарланған. Бұдан бұрын ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа Алакөлге баратын туристердің ағынын арттыру үшін Үшарал қаласының әуежайын қайта жаңғыртуды тапсырған болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу