Елдің бас прокурорының мәлімдеуінше, екінші ұшқыш әуе кемесін басқаруды өз қолына алуға тырысып, командирге кабинадағы төтенше жағдайларға арналған балтамен шабуыл жасаған.
Оқиға FlyDubai-дің FZ1073 рейсінде болған. Ұшақ бортында 182 адам болған.
БАӘ Бас прокуроры Хамад Саиф аш-Шамсидің айтуынша, екінші ұшқыш капитанға шабуыл жасап қана қоймай, ұшақты басқаруға әрекеттенген. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын, шабуылдың себептері мен ықтимал байланыстарын анықтап, заттай және цифрлық айғақтарға техникалық сараптама жүргізуде.
Мәліметті БАӘ-нің мемлекеттік WAM ақпарат агенттігі таратты.
Екінші ұшқыштың кім екені анықталды
Associated Press агенттігінің дереккөздеріне сәйкес, шабуыл жасады деген күдікке ілінген екінші ұшқыш – Оман азаматы Хамам әл-Хаммами. AP және The Wall Street Journal басылымының дереккөздері оның бұған дейін Оман билігінің шешімімен ұшу жұмысынан шеттетілгенін хабарлады.
Бұған оның радикалды идеологиялық көзқарасты ұстануы мүмкін деген күдік себеп болған.
Мәліметке қарағанда, әл-Хаммами Оманның ұлттық әуе компаниясында жұмыс істеген. Кейін ұшу міндетінен алынып, Oman Air компаниясында әкімшілік қызметке ауыстырылған. Алайда біраз уақыттан кейін ол БАӘ-де орналасқан FlyDubai әуе компаниясына жұмысқа орналасқан.
Оның FlyDubai-ге жұмысқа қабылдану кезінде қаншалықты мұқият тексерілгені әзірге белгісіз.
Әл-Хаммами БАӘ-де туған. Оның өткен өмірі туралы ақпарат өте аз. Instagram-дағы парақшасы оқиға болған күнге дейін белсенді болған, кейін өшірілген.
Израильге қалай ұшып барғаны – басты сұрақтардың бірі
Тергеушілер үшін екінші ұшқыштың Израильге бағыт алған рейстің кабинасына қалай түскені маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
Израиль тарапының мәліметінше, елдің шетелдік әуе компанияларымен тиісті келісімдері бар. Оларға сәйкес, Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ мемлекеттердің азаматтары болып саналатын кейбір ұшқыштарды Израильге ұшатын рейстерден шеттету қарастырылған.
Израиль мен Оман арасында дипломатиялық қатынас жоқ
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, қазір бірнеше елдің арнайы қызметтері, соның ішінде АҚШ пен Батыс елдерінің қолдауымен, оқиғаның нақты себебін және екінші ұшқыштың ықтимал уәждерін анықтап жатыр.
Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұған дейін екінші ұшқыштың "исламшыл радикалдануға" ұшырағанын айтқан. Алайда ол бұл тұжырымын нақты дәлелдермен негіздеген жоқ.
Капитан жолаушылардың көмегімен ұшақты тұрақтандырған
Оқиға кезінде ұшақ командирі, Үндістан азаматы Смит Маччхар ауыр жарақат алған.
Ол бейсенбі күні Сауд Арабиясындағы ауруханадан Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге видеоүндеу жасап, шабуыл кезінде өз өмірі үшін күрескенін айтты.
Капитанның сөзінше, ол екінші ұшқыштың шабуылынан кейін еденге құлаған. Сол сәтте ұшақтың төмен қарай бағыт алғанын сезген.
"Мен егер қазір орнымнан тұрмасам, үлкен апат болатынын түсіндім", – деді Маччхар.
Капитан соңғы күшін жинап, кабина есігін ашқан. Осыдан кейін жолаушылар мен экипаж мүшелері ішке кіріп, екінші ұшқышты залалсыздандыруға және ұшақты тұрақтандыруға көмектескен.
"Мен өз өмірім үшін күрестім", – деді ол.
Капитанның әрекеті көптеген елде жоғары бағаланды.
БАӘ президентінің кеңесшісі Анвар Гаргаш үндістандық ұшқышты "ерлігі мен жауапкершілігі үшін жоғары бағалауға лайық нағыз қаһарман" деп атады. Оның айтуынша, Маччхар "қауіпті террористік акт пен ықтимал апат жағдайында кәсібилігі мен батылдығын көрсетті".
Сонымен бірге Гаргаш болған оқиғаға қатысты асығыс қорытынды жасап, дәлелсіз қастандық теорияларын таратпауға шақырды.
Аймақтағы әуе қатынасына әсер етті
Оқиға Таяу Шығыстағы әуе қатынасының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Бұл өңірдегі саяси тұрақсыздық пен әскери қақтығыстар жағдайында туристік және авиациялық индустрияға қосымша қысым болып отыр.
Оқиғадан кейін БАӘ Израильге қатынайтын барлық рейстерін тоқтатты. Ал Израильдің El Al әуе компаниясы БАӘ-ге рейстерін уақытша тоқтатты.
Кейін Израиль мен БАӘ жолаушыларды үйлеріне қайтару үшін репатриациялық рейстер ұйымдастыруға келісті.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Басты назар екінші ұшқыштың радикалды көзқарастары туралы бұрынғы күдіктердің қаншалықты негізді болғанына, оның FlyDubai-ге қалай жұмысқа қабылданғанына және мұндай адамның жолаушылар ұшағының кабинасына екінші ұшқыш ретінде қалай жіберілгеніне аударылып отыр.