Ұстаздарды алалауға болмайды

2800

"Атамекен" ҰКП жекеменшік білім беретін оқу орындарындағы ұстаздар да түрлі жеңілдіктерге ие болуға тиіс деп санайды.

Ұстаздарды алалауға болмайды

"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы жекеменшік білім беретін оқу орындарындағы ұстаздардың құқығын аяқ асты етпеуі тиіс. Мұндағы мұғалімдер мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу орындарындағы ұстаздар секілді түрлі жеңілдіктерге ие болуы керек.

"Атамекен" ҰКП адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаеваның сөзінше, бұл туралы палата білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобына ұсыныс жолдаған.

"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын жекеменшік білім беретін оқу орындарының өкілдері де талдап, талқылап жатыр. Біз олардың ұсынысын министрлікке жеткіздік. Өздеріңіз білетіндей, қазір "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын мемлекеттік органдар зерделеп жатыр. Осы заң қабылданғанға дейін оған толықтырулар мен өзгерістер енгізіп үлгеру қажет. Бұл заңның қамқорлығынан жекеменшік білім беретін оқу орындарының ұстаздары тыс қалуға тиіс емес. Олар да ұрпақ тәрбиелеп, олар да ұлт болашағын қалыптастырып отыр. Біз мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу ордаларынан тыс болса да, ұстаздықпен  айналысып жүрген жандар түрлі жеңілдіктерге ие болғанын қалаймыз", – деді Ләззат Шонаева.

Оның сөзінше, ұстаздарды алалауға болмайды. Олардың құқығы мен мүмкіндігі бірдей әрі тең болуы тиіс. Жекеменшік білім беретін оқу орындарының ұстаздары да мемлекет есебінен білімін жетілдіру, тұрғын үй алу, марапатқа ұсынылу сияқты қолдаудан кенде болмауы керек.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу