Ұстаздардың жалақысы өсіп, білім гранттары көбейген

5748

Биылғы жылдың 9 айындағы нәтиже бойынша білім берудің сапасы өскен.    

Ұстаздардың жалақысы өсіп, білім гранттары көбейген

Парламент мәжілісінде "Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алын ала қортындылары туралы" Үкімет сағаты өтті. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндамасында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап, ғылым саласына дейінгі мәселелерді қамтыды.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мониторингісінің үш жылдық қорытындысында да, 2019 жылдың 9 айындағы нәтиже бойынша білім берудің сапасы өскен.  Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (БҒДМБ) іске асыруда елде 1839 мектепке дейінгі ұйымдар желісі –балабақша, жеке балабақша, шағын орталық ашылған. Қазір елімізде барлығы 10 673 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеуде, олардың 6 470-і балабақша болса, 4 203-і шағын орталық.

"Орта білім беру жүйесінде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Жаңартылған мазмұнда функционалдық сауаттылыққа, білуге ғана емес, алған білімін өмірде қолдана білуге баса назар аударылады. Мектеп оқушыларының 95,4%-ы жаңартылған мазмұнға көшті. Сонымен қатар, бес күндік оқу аптасы енгізілді. 273 мың мұғалім немесе мұғалімдердің 94%-ы жаңартылған оқыту бағдарламасы бойынша дайындықтан өтті және жаңартылған мазмұн бойынша сабақ бергені үшін үстемақы алады",– деген министр педагог-психологтардың жалақысының өскенін де тілге тиек етті:

"2019 жылғы 1 қаңтардан бастап педагог-психологтардың лауазымдық жалақысының мөлшері орташа есеппен 6-7 мың теңге ұлғайды. Сондай-ақ 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа жүйе бойынша аттестаттау нәтижесінде мектеп педагог-психологтарына біліктілік үшін үстемақының жаңа түрі белгіленді".

Министрдің айтуынша, техникалық және кәсіби білім беру (ТжКБ) жүйесінде мемлекеттік тапсырыс бойынша студенттерді қабылдау жыл сайын өсуде. 2017 жылдан бастап "Баршаға арналған тегін ТжКБ" жобасы жүзеге асырылуда. 2019 жылы жоба шеңберінде 97,8 мың орынға мемлекеттік тапсырыс жарияланды, оның 21,3 мың орны өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша іске асқан. Дуальды оқыту 486 колледжде 4 188 кәсіпорынның қатысуымен енгізілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 460 колледж болған. Мемлекеттік колледждердің 37%-ы  "Кәсіпқор" Холдингі" КЕАҚ тәжірибесін енгізуде. ТжКБ оқу орындарын бейіндеу жүргізілуде. Бүгінгі күні 109 қайталанатын және сұранысы жоқ мамандықтар қысқартылып, 66 колледждің бейінін өзгертіп, 20 колледж біріктірілді.

"Жыл сайын жоғары оқу орындарында кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі өсуде",–дейді Асхат Аймағамбетов. Биыл  мемлекеттік тапсырыс 66 556 орынды құраған. Былтыр, яғни 2018 жылы мемлекеттік тапсырыс саны 65,6 мың болса, 2017 жылы 50,3 мың, ал 2016 жылы 39,7 мың орын болған.

Білім министрі PhD докторларын даярлауға мемлекеттік тапсырыс 3,5 есеге, ал магистрлерді даярлау шамамен екі есеге өскенін айтты. 2016 жылы докторанттарға 7 429 тапсырыс болса, 2019 жылы тапсырыс саны 13 159-ға дейін жеткен. Ғылым саласында 384 ұйым және 22 378 адам зерттеулермен, ғылыми еңбектермен айналысады, олардың ішінде 35 жасқа дейінгі ғалымдар саны – 7 748.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу