Утилизация шегіне жетті: Петицияны ұсынғандар жиыннан шығып кетті

8149

Ұзақ жылдарға созылған утилизациялық алым дауы өзінің шарықтау шегіне жетті. Үкімет пен халық бетпе-бет келген бір тұс осы болып тұр.

Утилизация шегіне жетті: Петицияны ұсынғандар жиыннан шығып кетті Фото: kolesa.kz

Жарияланған петиция бас-аяғы 10 күннің ішінде 50 мыңдық межені еңсерді. Енді ол міндетті түрде қаралуы керек. Министрлік те бұрынғы ұстанымынан қайтар емес.
 
Петицияға қол қойғандар – қарсы!

Елімізде автомобильдерден утилизациялық және тіркеу алымын алудың енгізілгеніне 8 жылдан асқан екен. Кейін ауыл шаруашылық техникаларынан да алына бастаған.

Осылайша, мұның соңы көліктердің қандай түрлерінің болмасын қымбаттауына әкеліп, оның соңы тасымалға қатысы бар барлық нәрсенің: жеткізу қызметінен бастап азық-түлікке дейінгі тізбектің бағасының көтерілуіне ұласты. Қымбатшылықтың кесірінен қарапайым жұрттың жаңа көлікке қолы жетпей қалды.

Сол 2016 жылдан бері ескі көлік нарығына байланғаны сондай, қазір зауыттан шыққанына орташа есеппен 22 жыл болған көліктерді айдап жүргендердің қарасы қалың. Цифрмен айтқанда елімізде 5,4 миллион автокөліктің 46%-ы, яки 2,5 миллионы – 2004 жылдан бұрынғылар. Өйткені жаңасы қолжетімсіз әрі аз. 3 жыл болмаған көліктер жалпы санның 6%-ын ғана (328,4 мың) құрайды.

Оның үстіне отандық автопромнан шыққан көліктердің бағасы соңғы 9 жылда 4 есе қымбаттаған. Оған себеп – елімізге құрастыруға келетін автомобильдер шетелдік делдал компаниялар арқылы әкелінді де, мемлекет тарапынан олардың бағасына бақылау жасау қиын болды.

Мәселен, тек Hyundai үшін ғана Абу-Дабидің Еркін экономикалық аймағындағы аралық компанияға ай сайын 30 миллион долларға дейін қаражат аударылып отырған. Оның сыртында жүк автокөліктерінің паркінде 10 жылдан асқан көліктердің үлесі 80%, жолаушылар көліктерінде – 73%, ауыл шаруашылығында 85%-ды құрайды.

"8 жыл ішінде мемлекет "өндірілген", ал шын мәнінде сырттан импортталған автокөліктерден түсетін жүздеген миллиард салық пен кедендік баж түсімінен қағылып отыр. Бұл қаражат ең аз дегенде бірнеше толық циклді автомобиль зауыттарын құруға еркін жетер еді. Ол аз десеңіз, автокөліктер мен техникалардың қымбаттығы инфляцияны күшейтте түсті. Қымбатшылық салдарынан отандық фермерлер бәсекеге қабілетсіз боп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығын Ресей мен Беларусь тауарлары басты. Табыс жоқ болғандықтан аграрлы солтүстік аймақтардан халық қашып жатыр. Ал қаншама орасан зор қаражат іс жүзінде жоқ утилизация жүйесін құруға, олигархтардың жасанды автопромын дамытуға жұмсалды. Оның есебі кешірілген мемлекеттік несиелермен, банкрот болған жобалармен, Ұлттық қордан алынған халықтың ақшасымен жабылды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет үлкен шығынға ұшырады", – делінген #НетУтильсбору! қозғалысы ұсынған петицияда.

Осылайша, петиция авторлары да, оларды жақтаушылар да утильалымды ұсынғандағы негізгі мақсат – қоршаған ортаны жақсарту міндеті орындалмай жатқанын айыптап отыр. ӨКЖ (РОП) операторы – "Жасыл Даму" АҚ Экологиялық кодекстің талаптарын өрескел бұзуда.

Олар азаматтар мен компаниялардан алдын ала қыруар ақша жинап алғанымен, утилизациялау жөніндегі міндеттемелерін орындамайды. Мұндай тонаушылық жылдар бойы халықтың наразылығын тудырып келеді. Алым ақысының 50 пайызға қысқарғанының өзі де бұл наразылықты баса алмай отыр.

Сондықтан да утилизациялаудың әділ жүйесі құрылмайынша халықтың қарсылығы тоқтамақ емес. Бұл жүйенің тиімсіздігін Жоғары аудиторлық палата да мойындауда. Салыстырмалы түрде алсақ, ТМД елдерінің көпшілігінде мұндай алымдар жоқ екен. Ресей мен Беларусьте жеке тұлғалар көлік сатып алғанда тек 17-100 мың теңге аралығында утиль алым төлейді, ал бастапқы тіркеу деген мүлдем жоқ. Сол себеп, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қазақстандықтардың осы жылдар бойы артық төлем жасағанын мойындауға міндетті.

Петиция авторлары ӨҚМ-дан Экология және табиғи ресурстар министрлігіне М1 санатты жеңіл автокөліктердің утильалымын 100 мың теңгеге дейін, басқа санаттағы көліктерге 0 теңгеге дейін төмендету туралы, ауыл шаруашылығы техникаларынан мүлдем алып тастау туралы хат жолдауды, ал Ұлттық экономика және Қаржы министрлiгiне көлiк құралдарын бастапқы тiркеу мөлшерлемесiн 0,25 АЕК-ке дейiн төмендету туралы хаттар жіберуді талап етіп отыр.
 
Депутаттар да қарсы

Текетіресіп тұрғандардың бір тарабы – депутаттар. Олар да халық жағында. Тіпті мәжілісмендердің бір тобы нақты іске кірісті. Бұл мәселені заң шығару үдерісі дәрежесіне дейін көтеріп, жалпы отырыста қарайтын деңгейге жеткізуге ниетті.

Солардың бірі Абзал Құспан қанша тыйым салынып жатса да еш алаңсыз ішкі нарыққа көлік тасушылардың қатары азаймай тұрғанына алаңдаулы. Әдетте мұндай "сұр схеманың" мемлекетке де, халыққа да еш пайдасы жоқ екені аян. Себебі, заңсыз әрекеттен мемлекетке салық түспейді, көлікті алған адам оны рәсімдей алмайды.

Заңгер депутат мұндай схемамен тұрақты жұмыс жасайтын 18 жеке адамның, 6 компанияның тізімі бар екенін айтады. Ол тек белгілісі ғана. Десе де, депутаттар утильалымға түбегейлі қарсы емес.

"Бұл жүйені қолдауға болады, егер Үкімет отандық автоөндірісті жолға қойса және елдегі ескі көлікті азайтып, жаңасын көбейтсе. Сондай-ақ, "сұр схема" арқылы сырттан мыңдап көлік кіргізетін қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойса. Алдыңғы екі пункт 2015 жылы осы утильалымды енгізер алдында өздері берген уәделері болатын. Кейін ол Әлия Нұрсұлтанқызының жеке бизнесіне айналғанын көріп түңілдік. Алайда өшкен үмітім 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін қайта оянғандай болды. Себебі Үкімет утильалымды жинау құқығын жеке фирмадан алып, экология министрлігі жанынан құрылған "Жасыл даму" АҚ-на берді. Ол тапсырма тікелей Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан түсті. Бірақ енді отандық өндіріс дамып, бәріміз қолжетімді, жап-жаңа көліктермен жүреміз деген тәтті ойымды, Санжар Боқаевтың командасы әшкере қылған видеоматериалдары быт-шыт қып бұза берді. Оған сенсек (сенбеуге әзірге негіз жоқ) елде толықциклды авто өндіретін бірде-бір зауыт жоқ және таяу арада болмайтындай! Бәрінен бұрын жүйкеге тигені осы салаға тікелей жауапты өндіріс министрлігінің утильалымнан түскен кірістің қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы ақпаратты беруден ашық бас тартуы, яғни "Сізден ақшаны аламыз, ал оны қайда жұмсаймыз онда шаруаларың болмасын" дейді, әділетті ме? Әрине, әділетсіздік! Абырой болғанда ол туралы Жоғарғы Сот өзінің кесімді сөзін айтты, енді ақпарат көпшілікке қолжетімді болады", – деді депутат әлеуметтік желідегі жазбасында.

Петицияны қолдаған 50 мыңнан астам қазақстандықтардың да пікірі осындай. Солардың бірі Грузиядан көлік тасып жүрген дилер замандасымыз аты-жөнін атаудан бас тартты.

Оның айтуынша, осы елден көлік тасушылар да көп, тапсырыс берушілер де көп. Көпшілігі батыс өңірден және қозғалтқыш көлемі кішкентай көліктерді алдырады екен. Айына екі рет барып келетін кездері көп. Рустави қаласынан шығып, үш мемлекеттің жерімен 2 тәулік жүріп Ақтауға жетеді. Атырау облысының жолдары болмаса, басқа жерлер жақсы. Соңғы рет мамыр айының соңында ұлы мен жездесін ертіп барып келген. Өйткені, көлік тасу бизнесі қазір қызып тұр. Екі көлікті тапсырыспен, үшіншісі – Toyota Corolla-ны өзі сату үшін әкелген. Қозғалтқыш көлемі 1,8 литр, қорабы – автомат, жүрісі – 8 мың км, жағдайы өте керемет. Ол жақтан 6,5 миллион теңгеге (50 мың грузин лариі) алған, осында әкеліп рәсімдегенде үстіне 3,2 миллион қосылған. Оның 646 мың теңгесі – утильалым. 2 миллиондайы кедендік алым мен ҚҚС. 200 мыңы – қауіпсіздік сертификаты. Ұшақпен ұшу, ішіп-жем, қонақ үй, реэкспорт ақысы да осы соманың ішінде. Соны енді 11-12 миллионға сатамын деп автобазарға шығарған.

"Утиль алым туралы айтар болсам, әрине, оған мен қарсымын. Өйткені, оны экологиялық салық деп атайды. Ал біз көлік салығын жыл сайын төлеп отырмыз. Оның мөлшері қозғалтқыш көлемімен байланысты. Ендеше, әр көлік ауаға қанша көлемде көмірқышқыл газын тастайтынына байланысты бұл салықты төлеп отырмыз емес пе? Утиль алым секілді қосымша ақша жинап не керек? Өйткені, оның қайда жұмсалып жатқанын білмейміз. Мәселен, мен жыл басынан бері кем дегенде 10 көлік алып келдім. 5 жарым миллиондай утильалым төледім. Сондықтан да дәл қазіргі дау туып тұрған жағдайда оңтайлы шешім уақытша мораторий жариялау болар еді. Соны пайдаланып, бұған дейінгі жиналған ақшаның қайда екеніне, қандай мақсатқа жұмсалып жатқанына тексеру жүргізу керек. Мен сияқты петицияға қол қойғандардың бір ұсынысы осы", – дейді өзін Арман деп таныстарған ол.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 01.01.2023-31.05.2024 аралығында азаматтар жеке пайдалану мақсатында елімізге 11 136 автокөлік әкелген екен. Көліктердің көпшілігі Қытайдан әкелінген. Екінші орында – Оңтүстік Корея мен Грузия. Одан бөлек Армения мен Моңғолияны атауға болады.

Бұл тұста кезіндегі "ӨКМ Операторы" ЖШС 2016-2021 жылдар аралығында утильалымнан 614,5 млрд теңге тапқанын айта кетейік. Ендеше ел бюджетіне түспеген соманың есебін сұрауға толықтай хақымыз бар екен.
 
Бізге шоу емес, диалог керек...

Петиция 50 мың қол жинаған соң, оның қаралуы міндетті. Утильалым дауы, міне, осы кезеңге жетті. Оның авторы Санжар Боқаев құжаттың қаралуын ашық жүргізуді талап етуде. Мұнысымен ӨҚМ келіспей отыр. Сол үшін де петиция жөніндегі кездесу екінші мәрте болмай қалды. Үкімет қалай болғанда да қоғаммен пікірталасқа дайын емес сияқты. Онысын министр Қанат Шарлапаев бір ауыз сөзімен дәлелдегендей. "Бізге шоу емес, диалог керек..." деді ол. Ал онысы ашық диалог емес екені анық. Әзірге екі тарап та ымыраға келетін түр танытып отырған жоқ.

Соған қарағанда министрлер кабинетінің жасыратыны көп сияқты. Тек онысын "автопаркті жаңартуды ынталандыру", "азаматтардың қауіпсіздігі", "экологиялық жағдайды жақсарту", "автомобиль құрастырудағы инвестициялық тұрақтылық" деген сияқты жалпылама сөздермен бүркемелейді. Ал паркті жаңарту ілбіп жүруде. 2023 жылы ресми дилерлер 198 мың жаңа автокөлік сатқан. Онда да бағасы удай көлікті сатып алуға былайғы жұрттың, біріншіден, қалтасы көтермейді, екіншіден, ықыласы жоқ. Десе де жаңа көліктердің өзіндік құнында утиль алымның үлесі 923 теңге екенін атай кету керек.

Парламент депутаттарына жолдаған жауабында Премьер-министр Олжас Бектенов "утильалым есебінен отандық автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникасы және автобустарды жаңғыртуға жеңілдетілген несие және лизинг ретінде 180 миллиард бөлінгенін, 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық шараларға 200 миллиард теңге бағытталатынын" айтты. Соңғы сома қайталама шикізатты өңдеу саласына жұмсалғалы отырғанынан көзіқарақты оқырман хабардар болар.

"Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі биылдан бастап өндірушілерге 2027 жылға қарай локализация үлесін жалпы өндірістің 50%-ына дейін жеткізу талабын қойып отыр. Бұл факторларды ескере отырып, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту және автокөлік паркін жаңартуды ынталандыру мақсатында біз утильалым мөлшерін азайтуды және бастапқы тіркеудің ең төменгі құнын енгізуді орынсыз деп санаймыз", – деді Премьер-Министрі Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы осылай деген соң ӨҚМ да петиция авторларына батыл қарсылық көрсетіп отырғанын түсінуге болады.

Мұнысын олар өңдеуші өнеркәсіп үлесі ЖІӨ-нің 12,3%-ы боп отырғанымен уәж етеді. Сондықтан да оған жұмсалатын қаржы аз болмау керек деген пікірде.

"Мәселен, тау-кен-металлургия кешені де Жалпы ішкі өнімнің 12,6%-ын құрайды. Ал ол дегеніміз шикізат қана. Бізге отандық дайын өнім керек. Оны өңдеуші сектор береді. Оған автомобиль құрастыру да жатады. Сондықтан да оған жиналатын қаржы көздерін көбейтіп, көлемін ұлғайтпасақ, азайтуға болмайды. Тіпті биылғы жылы өңдеуші өнеркәсіптің өсімін 6%-ға өсіруді жоспарлап отырмыз", – дейді Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр.

Оның айтуынша, утиль алым мәселесі елімізде саяси сипат алып кеткен. Петиция авторлары қоғамдық пікірге манипуляция жасап, саяси ұпай жинауды көздеп отыр екен. "Ал утильалым дегеніміз – жанама салық" дейді ол.

Сондықтан да оны қарайтын кезде ең бірінші кезекте мемлекеттің мүддесі көзделетін болады. Осы мақсатта көлік саласындағы салық саны мен көлемі артпаса, кемімейтінін де жоққа шығармайды. Ендеше, қос тараптың тартысынан утиль алым дауы тығырыққа тірелді деп айтуға толық негіз бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу