Ұзақ жұмыс істеген әйелдің зейнетақысы артық

Кемел Марат Кемел Марат
2938

Құзырлы министрлік өкілдерінің сендіруінше, зейнет жасы ұзарған сайын, оның берер жемісі де мол болмақ.

Ұзақ жұмыс істеген әйелдің зейнетақысы артық

Күні кеше Астанада халыққа ең бір жақын министрлік басшысы есеп берді. Оған себеп – ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде зейнетақы мен жәрдемақы, жалақыны кешіктіру немесе мүлде төлемей қою, өндірісте жарақаттанып, жазым болу, көші-қон сынды түрлі мұң-шағымы бітпейтін мәселелер жинақталып қалған.

Сонымен, елордада еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың халыққа есеп беру кездесуі өтіп, оның барысында қазақстандықтар өздерін толғандырған көптеген сұрақтарға жауап алды. Атап өтерлік жайт, өзекті мәселелерге қатысты сауалдар министрлік сайтында бұған дейін арнайы ашылған айдар арқылы бір ай бойы қабылданған. Ал бұл мекемеге ағылатын хат легінің еш толастамайтынын іштеріңіз сезіп отырған болар...

Мәселен, Мақпал есімді азаматшаны 2018 жылы зейнетақы мәселесінде орын алатын өзгерістер, яғни ең бастысы, әйелдердің зейнеткерлік жасы көтерілетіні мазалайды екен. Оған министрлік мамандары тиісті қадамға әйелдерді үлкен мөлшердегі зейнетақымен қамсыздандыру құқығымен қамтамасыз ету мақсатында барып отырғандарын жеткізді.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалмақ. Бұл ретте өтілге 1998 жылға дейінгі еңбек өтіл де, сондай-ақ, 1998 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналарын төлеу кезеңі де қосылмақ. Мұның өзі әйелдерге зейнетақысын көбейтуге мүмкіндік бермек.

Сонымен бірге, үкімет тарапынан зейнеталды жастағы жұмыс істемейтін әйелдерді жұмыспен қамтудың шаралары қабылдануда.

Осылайша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде әйелдер басым топ ретінде:

- сұранысқа ие кәсіптер және кәсіпкерлік негіздері бойынша жаппай оқытудан және дағдыларға баулудан өтеді;

- өз ісін ашуға және кеңейтуге шағын несиелер алады;

- әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтіп, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады делінуде.

Нәтижесінде, еңбек өтілі көп және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударымдар кезеңі мол азаматтар едәуір жоғары зейнетақы алмақ.

Маңғыстаудан мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға қатысты түскен сауалға, оларды еңбекпен оңалту бағдарламасына сәйкес жүргізілетіні, яғни жеңілдіктер қарастырылғаны айтылды.

Мысалға, Қазақстан Республикасының "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңына сәйкес, мүгедектердің нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында басым тәртіппен кәсіптік оқудан өтуге құқығы бар.

Оқу ұзақтығы мамандықтың ерекшелігіне қарай 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімді құрайды. Кәсіптік оқытудан өтушілерге жол жүруге, тұруға материалдық көмек беріледі және шәкіртақы төленбек. Сондай-ақ, мүгедектер үшін ұйымдарда, мекемелерде жұмыс орындарына квота белгіленетіні аян. Квотаның мөлшері ұйымдардағы, мекемелердегі жұмыс орындарының жалпы санының 2-4%-ын межелеуде.

Жалпыға құлақтандыру, жиында, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына (кәсіптік оқыту, квота) қатысты толық ақпарат алу үшін тұрғылықты тұратын жердегі халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болатыны хабарланды.

Тақырыпты жалғастырсақ, өз баяндамасында Тамара Дүйсенова өткен жылы атқарылған жұмыс нәтижесіне мұқият тоқталып, алдағы уақытқа арналған жоспарлармен бөлісті.

"2016 жылы 2 миллионнан астам адамды зейнетақымен қамсыздандыруға 1 трлн теңгеден артық қаржы қарастырылды. Базалық төлемді ескергендегі зейнетақының орташа мөлшері 55 117 теңгені немесе өткен жылдағы орташа жалақы деңгейінің 43,7%-ын құрады (бұл көрсеткіш Халықаралық еңбек ұйымында ұсынылған дәрежеге сәйкес келеді екен – автор). 2017 жылдың 1 шілдесінен, Мемлекет басшысының нұсқауына сай, зейнетағы тағы орташа алғанда 20%-ға өседі", – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, 2016 жылы мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 25%-ға жоғарылаған. Бұл 690 мыңға жуық адамға қатысты жаңалық болып отыр.

Қазіргі уақытта, арнаулы әлеуметтік қызметтерді 110 медициналық-әлеуметтік мекемелермен бірге, 106 үкіметтік емес ұйым көрсетіп, 6 мыңнан астам адам қамтылуда екен. 626 бала интернаттардан отбасыларына оралып, мұндай балалардың 693 анасы жұмысқа тұрғызылған.

2016 жылы Қазақстанда азаматтық сала қызметкерлерінің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілген. Жалақы білім беру саласында 29%, денсаулық сақтау саласында 18%, әлеуметтік, мәдени және өзге де салаларда орташа алғанда 35% өсіп, барлығы миллионнан астам адам қамтылған.

Жаңа Еңбек кодексін іске асыру барысында, былтыр, кәсіпорындарда 11 мыңнан астам еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауға арналған өндірістік кеңес пайда болған.

Министрліктің араласуымен, 2016 жылы 6,8 млрд теңгелік қарыз төленіп, 48 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалған.

Есептік кездесу қорытындысында, бүгінде шетелдік мамандарды тартуда, алғаш рет салық алымдары енгізілгені мәлімделді. Осылайша, 2017 жылдың 5 айында жергілікті атқару органдар тарапы Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 10 658 рұқсат құжатын рәсімдеп, жұмыс берушілер 3,2 млрд теңге көлемінде салық төлеген.

Кемел Марат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу