banner

Ұзақ жылғы медициналық тайталаста мемлекеттік монополист жеңіліп қалды

2289

"КДЛ Олимп", "Invivo" және басқа да жекеменшік зертханалар баюдың тағы бір көзіне қол жеткізді.

Ұзақ жылғы медициналық тайталаста мемлекеттік монополист жеңіліп қалды

"Досқалиевтің мұрасы қайта оралды ма?"

Қазақстанда бұған дейін жеке зертханаларға АИТВ/ВИЧ-инфекциясын анықтауға қатысты клиникалық талдау жүргізуіне бейресми тыйым салынып келген болатын. Заң бойынша оған тосқауыл жоқ, бұл – лицензияланатын қызмет түрі саналады. Бірақ қосымша лицензия бұған дейін бірде бір жеке клиникаға берілмеді.

Нәтижесінде, республикада тек қана қос меммекеме – "ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық" пен "Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы" ғана осы салада аккредиттелген медұйымдарға айналды.

Бұл мәселе "Атамекен" ұлттық палатасының алаңында әлденеше рет көтерілді. Мамандардың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігін Жақсылық Досқалиев басқарған тұста, 2002-2010 жылдар аралығында елдегі барлық медициналық лабораториялар тиісті лицензия алып, жантүршігерлік инфекцияны анықтайтын зерттеулер жүргізіп келді. Кейінгі келген министрлер жеке зертханаларды бұл нарықтан ысырып шығарды.

Содан бері олар нарыққа қайта "баса-көктей кіріп", ен жайлау, миллиардтар тасқынын өз қалтасына бұру үшін министрлікті қайта-қайта шабуылдаумен болды.

"Мемлекет аталған талдауды жүргізу және диагноз қою үшін жыл сайын миллиардтаған теңге бөледі. СПИД-орталықтар сондай-ақ заңды тұлғаларға, компанияларға ақылы негізде де қызмет көрсетеді. Негізі, заңда ешқандай шектеу жоқ, бірақ жеке зертханаларға жергілікті денсаулық сақтау басқармалары тиісті лицензия беруден бас тартып келді. Олар министрліктен сондай бұйрық бар екенін алға тарта беретін. Осылай жасанды түрде кедергі жасалды. Жеке зертханалардың филиалдары еліміздің әр өңірінде, тіпті бір қаланың әр бұрышында орналасқан. Сондықтан халық үшін әрине, жеке зертханаларға жүгіну әлдеқайда оңтайлы. Уақытын үнемдейді", – дейді Қазақстанның медициналық зертханалары қауымдастығының президенті Алла Ким.

Бертінде кейбір зертханаға осыған қатысты қан талдауын алуға ғана рұқсат етіліпті. Бірақ бұл қолайсыз еді. Ауруханаға операцияға жатқызылатын адам ертесіне барлық дерлік талдаудың нәтижелеріне қол жеткізеді. Тек АИТВ-инфекциясын анықтауға арналған талдау қорытындысын ұзағырақ күтуге тура келеді. Себебі ол үшін алынған қан ЖИТС-орталыққа жолданады. Оның нәтижесін біраз күту қажет.

Айта кеткен жөн, бұл талдау жеке тұлғалар үшін тегін. Өйткені ол мемлекет кепілдендірген тегін медкөмек көлеміне кіреді. Соған қарамастан, бірқатар өңірде мемлекеттік ЖИТС-орталықтар тек ақылы негізде ғана қызмет ұсынып келгені әшкере болған. 12 орталықтың тек 6-ы ғана өз қызметтерін тегін көрсетіпті.

Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тексеріс барысында әшкерелеген бұл дерек дау-жанжал тудырып, аталған орталықтардың қызметінің заңдылығына қатысты көп сұрақ туғызды.   

Енді міне, ұзақ жылғы айтыс-тартысқа нүкте қойылды. Биылдан бастап, медициналық жеке зертханалар да АИТВ-инфекциясын диагностикалауды қосымша лицензиясыз-ақ жүзеге асыра алады.

"Адамның иммунитет тапшылығы вирусына (АИТВ) зертханалық диагностика жүргізуге бөлек рұқсат алуға міндеттейтін әкімшілік кедергі жойылды. "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданып, бүгінде күшіне еніп отыр, Оған сәйкес "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңынан АИТВ-инфекциясын диагностикалауға рұқсат беру туралы талап алынып тасталады", – деп түсіндірді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Ведомствоның хабарлауынша, АИТВ-инфекциясының болуын зерттеу саласы иммунологиялық зерттеулерге жатады және онсыз да лицензияланады. Ендеше белгілі бір инфекцияға тағы қосымша рұқсат беріп жатудың қажеттілігі жоқ.

"Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықтың жекеменшік субъектілері үшін АИТВ-инфекциясына зерттеу жүргізуге қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Осы жолдағы кедергілерді жою бағытында жұмыс жалғасады. Себебі АИТВ-диагностикасына бөлек санитариялық қорытынды алу қажет деген уәкілетті органның талабы сақталып, соның мәселесі қалуда", – деп мәлім етті антимонополиялық агенттік.

Енді "жаман аурудың" таралуы ушыға ма?

Бұдан бұрын агенттік хабарлағандай, жеке зертханалардың АИТВ-инфекциясын зерттеуге рұқсат алуын шектеу мәселесі Кедергілер жөніндегі кеңес отырысында да жеке қаралыпты.

Бұл кедергілер 2010 жылы пайда болды. Сонда Денсаулық сақтау министрлігі өзінің заңға тәуелді актілерінен (НҚА-лардан) жеке зертханалардың АИТВ-инфекциясы бойынша зертханалық зерттеу жүргізуге қол жеткізуін көздейтін нормаларды алып тастаған.

Антмонополиялық органның бұл қадамына ДСМ қарсыласып бақты. Ведомство осы сала меммонополияның қолында болғанда, ол елде АИТВ-инфекциясының таралуын ұстап тұруға мүмкіндік беріп еді деген байламын жеткізді. Министрліктің ұстанымынша, осы арқылы қаржыландырылып келген ЖИТС-орталықтардың жұмысы әрбір өңірде профилактикалық топтарға бағытталып келіпті. Жұқтыру қаупі бар топ өкілдерін зерттеумен, табумен, есепке қоюмен, терапия және әрі қарайғы мониторинг жүргізумен айналысты. ЖИТС-орталықтардың жылдар бойы қалыптасқан материалдық-техникалық базасы диагностикалық зерттеулер мен емдеу шараларының толық көлемін қамтиды.

Ал енді, осы жүйенің ырықсыздандырылуы, децентрализациясы елде атын естісе адам жаны түршігетін әлгі індеттің бой бермей, тез тарала бастауына соқтыруы ықтимал көрінеді.

Мысалы, қазақстандықтар кейбір өңірде жеке зертханалардан коронавирусқа қатысты ПЦР-тесттің теріс нәтижесін сатып ала алғандары туралы пікір бөлісуде. ЖИТС зерттеу саласын да жемқорлық жайлап алмасына әзірге еш кепілдік жоқ.   

Лабораториялық клиникалар өкілдері бұл тұжырыммен, әрине, келіспейді.

"Ең бастысы, азаматтарда балама болуға тиіс. Жеке клиникаға келіп, талдау тапсырсын, егер оның нәтижесіне күмәнданса, оның қаны мемлекеттік ЖИТС-орталығына жіберіледі. Қосарлама тексеру инфекция жұқтырғандарды анықтау көрсеткішін арттырады. Бұл ЖИТС-орталықтарының қызметін дамытуға еш кедергі емес", – дейді зертханалар қауымдастығының өкілі, сала маманы Ақмарал Шаяхметова.

Қай тараптың болжамы шындыққа айналарын уақыт қана көрсетеді. ЖИТС iндетiне қарсы iс-әрекет жөнiндегі 2001-2005 жылдарға арналған бағдарламада айтылғандай, 2001 жылдың алғашқы бес айында АИТВ-инфекциясының таралуы 100 000 тексерiлген адамға шаққанда 99 адамды құрады. Мұның өзi 2000 жылғы ұқсас кезеңдегi көрсеткiштен 5 есе жоғары. Яғни тиісті талдаулар жүргізу құқығы жеке зертханаларға берілгенге дейін өршу басталған. ЖИТС-орталықтардың дерегінше, АИТВ-инфекциясының таралуы ақыр соңында, 2011 жылы ел халқының 1,5%-ына жетті. Тек 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3%-ға дейін төмендетуге қол жеткізілген көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу