Вакцина салғызған қазақстандықтар өз жағдайларын баяндады

4997

Қан қысымы көтерілгендер бар. 

Вакцина салғызған қазақстандықтар өз жағдайларын баяндады

Қазақстан коронавирусқа қарсы егілген азаматтарының саны жөнінен алғашқы миллиондық межені бағындыруға жақын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2021 жылғы 27 сәуірдегі мәлімет бойынша Қазақстанда 949 мың 451 адам вакцина салдырды. Оның 99 пайыздайы Ресейде жасалған "Спутник V"-ді ектіруде. Қазақстандық төл "QazVac"-ты салғызу әзірге қарқын алған жоқ: оны алуды қалағандар көп болғанымен, отандық вакцина жетпеуде.

"СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторының хабтарына 50 мың доза көлемінде отандық вакцинаның бірінші партиясы 23 сәуірде жеткізілген-тін. Оның ішінде 6 мың дозаны – Нұр-Сұлтан мен Алматы, 4 мың дозадан – Шымкент, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары алады. Қалған өңірлерге 2 мың дозадан тиеді.

Мамыр айында тағы 50 мың дозасы шығарылады деп күтілуде. Болашақта "QazVac" препаратының өндірісі кезең-кезеңімен айына 500 мың дозаға дейін артады. Оның бір бөлігі Түркияда қапталуы мүмкін.

Мамандар қазақстандық және ресейлік вакциналардың ең басты айырмашылығына назар аудартады: отандық "QazVac" (QazCovid-in) – инактивті (өлтірілген) вакцина саналады, яғни штам-микробтық бөлшектер қолдан өсіріліп, артынша өңдеу жолымен өлтіріледі. Ал "Росздравнадзор" дерегінше, "Спутник V" (Гам-КОВИД-Вак) вакцинасы арқылы денеге тірі вирус (адам аденовирусы) енгізіледі. Ол тек көбеюі генінен айырылған, сондықтан нағыз коронавирусқа қарағанда қауіпсіздеу саналады екен.

Sauap.org ағартушы порталының түсіндіруінше, инактивті вакцинаның тірі вакциналардан артықшылығы бар: біріншіден, ол вакцинаға ілеспе ауруларды тудырмайды. Екіншіден, гуморальды және жасушалық иммунитет қалыптастырады. Үшіншіден, тірі вакцина енгізгенге қарағанда, иммунитетке анағұрлым аз жүктеме түседі.

Алғашқы болып, "QazVac" вакцинасын Президент әкімшілігіндегі биік лауазымды тұлғалар, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен оның бірінші орынбасары Марат Шоранов салғызғаны мәлім. Олар тарапынан әзірге шағым айтылған жоқ.

"Спутник V" салғызғандар керісінше, жайсыз жанама әсерлерге шағымдануда. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хат жолдаған Данабек Байкенов қысымы түспей жатқанына және егілгендердің жағдайын бақылайтын арнайы мекеменің жоқтығына алаңдайды.

"Мен "Спутник V"-ның алғашқы компонентін 19 сәуірде салғызғанмын. Бірінші тәулікте аллергиялық реакция пайда болды. Есекжемді қызба-крапивницаға ұқсас күлдіреп, қышытатын тері ауруына ұшырадым. Қан қысымым 200–230-ға дейін артып кетті. Одан бергі аптада қысымым 200-ге дейін секіріп жатыр. Бірнеше рет жедел жәрдем шақырдым. Жұмыс істеуге жағдайым жарамай қалды. Ахуалымды тұрақтандыру үшін кімге жүгінерімді білмеймін. Екі аптадан кейін екінші дозасын алуға қатысты күдіктеніп отырмын", – дейді ол.

Мұнай-газ саласының сарапшысы, Энергетика министрлігінің "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы Олжас Байділдинов Нұр-Сұлтандағы емханада "Спутник V"-ның екінші компонентін алыпты. Ол да жағдайы айтарлықтай ауырлағанын жасырмады.

"Бірінші дозадан кейін ауыр реакцияға душар болған қазақстандықтарды қапаландыруға мәжбүрмін. Екіншісі одан да уытты! Қазір ағзаларымның бәрі ауырып жатыр. Ауырмайтын жерім жоқ десе болады. Мен бір лайфхакпен бөлісейін: екпе салғызсаңыз, күннің екінші жартысында салғызыңыз. Сонда негізгі соққы ұйықтап кеткен кезге тұспа-тұс келуі мүмкін. Бірақ ұйықтай алуыңыз да неғайбыл", – дейді ол.

Олжас бірінші дозасын алғаннан кейінгі ахуалын да сипаттады: оны түскі сағат 4–5 шамасында қабылдапты.

"Үйге оралған соң бірер сағат бойы ешқандай реакция болмады. Ағза не болғанын түсінбесе, ал вакцина компоненттері жасушаларға толыққанды еніп үлгермесе керек. Нағыз реакция содан кейін басталды. Екінші дозаны тал түсте еккіздім. Үйге келдім, түстендім. Парацетамол ішіп алдым. Бір сағат өтер-өтпесте бәрі басталды: қызу қысты, денем безгек ұстағандай қалтырады, бойымды әлсіздік буды. Қазір басым өте қатты ауырып тұр. Қимылдай алмай жатасың, басыңды сәл бұрсаң болды, қақсап қоя береді. Адам төзбес нәрсе. Бір танысым екінші вакцинаны салғызғаннан кейін үш күн бойы басының "похмельеден" кейінгідей зар қақсағанын айтады. Мен ішімдік ішпеймін, сондықтан ол күйдің қандай екенін білмеймін. Алайда менің бас ауруым одан да қатты сияқты. Жалпы, коронавируспен ауырғандар осындай аса ауыр ауырсыну сезімдерін бастан кешеді екен", – дейді Олжас Байділдинов.

Ол сонымен қатар арқасының қатты ауыратынын, сол себепті қимылсыз жатуға тура келетінін жеткізді. Ресейлік вакцинаны салғызған тағы бір жолдасы өз ахуалын: "арқамды сындырып тастағандай сезімде болдым" деп суреттепті. Негізі, екінші дозаны салғызғанда арқа біріншіден бетер қатты ауыратын көрінеді.

"Бұған қоса, аяқтарым да сырқырайды. Қолдарымда керемет әлсіздік пайда болды. Жылы су ішіп алайын деп тұрғанмын, шәйнек қолымнан түсіп кете жаздады. Өте ауырлап кеткен сияқтанды. Мобильді eGov-ті орнатып, вакцинация паспортын жүктеп алдым. Үш тілде толтырылған. Бірақ ешқандай күші жоқ. Онымен дамыған және өзге елдерге еркін ұшып бара алмайсыз", – дейді сарапшы.

Расында, Ресей елімізге "Спутник V" вакцинасын сатқанымен (әр дозасын 11 мың теңгеге экспорттауда, бұл еуропалық баламасынан қымбат), оны салғызғандарға көмек көрсететін пунктер ашқан жоқ. Ал қазақстандық дәрігерлер вакцина шетелдік болғандықтан, оның жанама әсерлерімен қалай күресу керектігін біле бермейді.

Егілген азаматтардың айтуынша, "Спутник V" салғызу алдында бірнеше құжатты толтыруға тура келеді. Содан кейін медицина қызметкері егілушіні бір тексеріп, вакцина салады. Соңынан жарты сағат үйге жібермей, отырғызып қояды: ықтимал реакцияның болуын күтеді. Дегенмен, нағыз теріс ықпалдар сәл кешірек басталады.

Емханаларға егілуге негізінен, жастар мен егде жастағы адамдар барып жатқаны байқалады. Орта жастағылар сирек.

Әрине, вакцинацияланбай болмайды. Онсыз карантин мен локдаун әлемде шетсіз-шексіз жалғаса беруі мүмкін. Дегенмен, азаматтар өз бетінше таңдай алуы үшін жалғыз ресейлік қана емес, қазақстандық және шетелдік вакцина түрлері ұсынылғаны жөн.

Мысалы, Өскемен тұрғыны Сәуле Қ. Денсаулық сақтау министрлігінен Қытайдың Ухань зертханасында жасалған Sinovac вакцинасының қашан келетінін сұрайды. ДСМ ҚХР-мен арада олардың осы вакцинасының 3 миллион дозасын сатып алу туралы келісімге келгенін хабарлаған болатын. Sinovac та инактивті (өлтірілген) вакцина саналады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу