banner

Вакцинациялауды насихаттауға жұмыссыз тамадаларды тарту ұсынылды

1674

Қазақстанда дәрігерлер мен мұғалімдерді COVID-19 кеселіне қарсы егілуге мәжбүрлеп жатқаны туралы мәлімет тарауда. 

Вакцинациялауды насихаттауға жұмыссыз тамадаларды тарту ұсынылды Фото: Серікжан Қобыланбаев

Кейбір медицина ұйымдары ресейлік вакцинаға күмән білдіріп, қазақстандық QazVac-ты күтуге бел буған қызметкерлерін қорқытып, "Спутник V"-ны дереу салғызбаса, жұмыстан қуылатынын ескертіп жатқан көрінеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл әрине, заңсыз. Себебі Денсаулық сақтау кодексінде вакцинаны салу ерікті екені көрсетілген.

Сонымен бірге, емханаларға, сауда, ойын-сауық орталықтарына ресейлік вакцинаны салғызуға барған адамдар бір жайтқа назар аударуда: екпені алушылар арасында басым көпшілігі – орыстар немесе орыстілділер болып келеді екен. Ал қазақтар сирек. Қазақтілділер "ресейлік вакцина ұрықты өлтіреді" деп үрейленіп отыр.

Бұрын жағдай керісінше болатын: Ресей арналарындағы және рунеттегі коронавирусқа шүбә келтіруге және фейктерге құрылған түрлі ақпаратқа сенген орыстілділер вакцина атаулыдан ат-тондарын ала қашты. Енді неге олардың көзқарасы 180 градусқа өзгерді?

Өйткені ресейлік арналар Ресейдің ұлылығының бір элементі ретінде жаппай "Спутник V"-ны насихаттауға көшті. Бұл жолда әртүрлі тетікті қолданып, тіпті шындыққа жанаспайтын жайттарды қабыстыруда.

Мысалы, Мәскеу "пропагандасына" сенген немесе оны әдейі ілгерілетіп отырған ақпарат құралдары "Германия тұрғындары жаппай вакциналық туризмге ден қойып, Ресейге ағыла бастағанын" жазуда.

Шынында, әрине, олай емес. Біріншіден, Мәскеу батыстық, соның ішінде норвегиялық туроператор арқылы Ресейге бет алатын шетелдік туристерге "Спутник V" вакцинасын салғызуды ұсынуда. Соған келіскен шетелдік саяхатшылар "вакциналық туризмнің қатысушысы" тізіміне жазыла салады. Мәселен, күні кеше Мәскеуге сапарлап келген Германияның 50 тұрғыны егілуге келісім берген.  

Екіншіден, Еуропада туркомпаниялар ұсынатын Ресейге туржолдама құны 1990 еуродан басталады екен. Ал Еуропалық одақта ковид-вакциналар құны 20–60 еуро ғана тұрады. Демек, Ресейде вакцина салғызу үшін екі мыңдай еуро шығындауға ешкім келіспесі сөзсіз.

Үшіншіден, Ресей вакцинасы үш апта айырмашылықпен екі дозадан салынуы керек. Яғни, шетелдікке екі доза алу үшін орыс еліне екі рет сапарлауға тура келмек. Бұл саяхатшылар үшін тіпті тиімсіз.

Төртіншіден, "Спутник V"-ді Еуропа мойындамады, себебі Еуропаның дәрілік құралдар агенттігі (EMA) ресейлік вакцинаны мақұлдамай тастады. Нәтижесінде, "Спутник В" тиісті сертификаттар ала алмады, дамыған елдер нарығына кіре алмады. Ресейлік вакциналық паспорт Еуропада мойындалмайды. Демек, Ресейде егілген шетелдіктер ЕО аймағында бәрібір тиімді вакцинамен егілмеген болып саналады.

Бесіншіден, Ресей алдағы үш айда 600-дей шетелдік туристті егуді жоспарлап отыр. Ал әлемде, ресейліктерді қоспағанда, 7,5 миллиардтан астам халық тұратынын ескерсек, 600 адам – мұхиттағы тамшымен бірдей. Есесіне, осының өзі Мәскеуге "Ресей вакцинасын алу үшін шетелден туристер лек-лекпен келуде" деп мақтануына жетіп жатыр.  

Қалай болғанда, ресейлік идеология ақпарат құралдары арқылы Қазақстанға тарап, орыстілді қазақстандықтардың көбі соның вакцинасымен егілуге ықылас-ынта білдіруде.

Қазақтілділерді егілуге иліктірудің оңай жолы бар: ол үшін отандық QazVac вакцинасын тезірек қолданысқа беріп, сонымен еге бастау қажет. Сонда ұлтжанды, патриот азаматтар өздері-ақ емханалар мен егілу пункттеріне бет қоймақ. Бірақ билік басқа тәсілдерді қарастыруда.

Мемлекет қаржыландыратын "Хабар" Агенттігі" АҚ-ның корпоративті хатшысы Мәди Кененбаев бұл іске тойханалар жабылғалы бос сенделген тамадаларды тартуды ұсынып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жүгінді.

"Әлеуметтік желіде мектептердің біріндегі онлайн кеңестің видеожазбасы талқыланып жатыр. Байқағаным, мұғалімдерді вакцинациялау ерікті-мәжбүрлі сипатта жүріп жатыр. Менің ойымша, мұндай тәсіл түбірімен қате. Заң бойынша вакцина ерікті болуға міндетті. Дегенмен, азаматтардың неғұрлым көп бөлігін вакцинациялаудың қажеттілігін түсінеміз. Сол себепті егілуге ынталандыратын видеороликтер сериясын түсіруді ұсынамын!", – деді ол.

М.Кененбаевтың ұсынуынша, "кәсіби жарнамашылардан, психологтардан, дәрігерлерден, режиссерлардан, шенеуніктерден және қарапайым адамдардан құралған команда жинау" қажет.

"Олар "продающий" роликтер сериясын жасайды. Бұл топқа кәсіби SMM-шы мамандар жетекшілік етуге тиіс. Ол Инстаграммдағы парақшаны жай ғана жүргізетін адам емес, нағыз сммші, өз ісінің майталманы болсын. Роликтің қай күні, қандай прайм-тайм уақытта шыққаны жөн екенін де сол анықтайды, негізгі сюжетті де сол түзетеді. Вакцинация рәсіміне, әртүрлі алаңдарды түсіріліммен қамтуға қатысты медиа-планға сәйкес бүкіл жұмысты сол үйлестіреді. Бұл жерде жергілікті әкімдіктерді жұмылдырып, жергілікті телеарналарды кең пайдалану маңызды", – деді ол.

Сондай-ақ Қазақстандағы вакцинациялаудың ортақ слоган-ұранын әзірлеу ұсынылды. Мысалы, ЭКСПО-2017-нің "Болашақтың қуаты" ұранымен өткені сияқты. Бұл слоган бүкіл науқанның және барлық видеороликтің ұстын-өзегіне айналады.

"Денсаулық сақтау министрлігі сараптамалық ақпараттың үлкен ауқымына ие. Мұны сюжеттер жасауда пайдаланған абзал. Айталық, соны талдай келе, вакцина алғысы келмейтін адамдардың әрбір жас санаты бойынша "портретін" жасаған жөн", – дейді Мәди Шәкенұлы. 

Ол ДСМ-ның осы тараптағы насихат тәсілдерін сынға алды.

"Мәселен, өзге адамдарды үлгі ету тиімсіз болып табылады. Себебі, әр адам өз денсаулығы мен өмірін қауіпке тігеді, ендеше өзгенің екпе еккені оны соған ынталандырмайды. Осы орайда студенттер, еңбек ұжымдары арасында вакцинацияланудың пайдасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Түсіндіруге тек дәрігерлер ғана емес, сонымен қатар жергілікті тамада-асаба секілді аудиториямен жұмыс тәжірибесі бар адамдарды жұмылдыру керек. Асаба негізгі баяндамашыны, яғни дәрігерді толықтырып, елді қызықтырады", – деді ұсыныс авторы.

Ол министр А.Цойдан жауап күтпейтінін білдірді. Сондықтан ДСМ-ның бұл идеяларды қабылдайтыны не қабылдамайтыны әзірге белгісіз.

Бүгінде елімізде коронавирусқа қарсы егілгендер саны жарты миллионнан әзер асты: 2021 жылғы 21 сәуірдегі мәлімет бойынша Қазақстанда 766 614 адам вакцина салдырыпты.

Үкімет болса, күзге дейін 10 миллион адамды иммундауды жоспарлап отыр. Соған қарағанда, "Спутник V" мәжбүрлеп таңылатынға ұқсайды. Билік қазақстандық QazVac-ты тезірек іске қосуға мән бергені жөн. Сонда бұл науқан ерекше серпін алуы кәдік.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу