Вакцинаға сенбегендердің кесірінен вирус өршіп жатыр ма?

90

2020 жылғы дүрбелеңді әлі ешкім ұмыта қойған жоқ, коронавирус өршіп, түгел елдің тірлігі шатқаяқтаған еді. 

Вакцинаға сенбегендердің кесірінен вирус өршіп жатыр ма? Фото: canva

Дәл солай болмаса да, қазір де ел ішінде түрлі вирус өршіп, ауырып-сырқағандардың көп екенін көріп жатырмыз.

Иә, республика аумағында ешқандай шектеу жарияланбады. Тек оқу орындары мен ауруханаларда сақтық шаралары қатаңдатылып жатыр. Өйткені қыркүйектен бергі 3 ай аралықта 2 милллионға жуық қазақстандық вирустық инфекция жұқтырған. Алайда бұл анықталғаны, дәрігерге көрінгендері ғана, әйтпесе шын жағдайда сырқаттанғандар бұдан артық екені анық. 

Қазір мамандардың бәрі "Гонконг" вирусы жайлы айтып тұр. Атына қарап, құдды бір коронавирус секілді жаңадан пайда болған секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен бұл вирус елде 2001 жылдан бері бар. Тұмаудың тарауына қатты әсер етіп отырған да – сол.

Желтоқсан келгенімен, Қазақстандағы қыс жылдағыға ұқсамай тұр. Себебі күн жылы, борандатып тұратын елорданың өзінде қар жоқ. Мезгілге сай емес жылы ауа райының салдарынан дерттің беті қайтпай тұрғанын Денсаулық сақтау министрлігі растап отыр.  

Кейінгі бірнеше жылда қазақстандықтар вирустық аурулармен көп ауыратын болыпты. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2019 жылмен салыстырғанда 2024 жылы көкжөтелмен ауырғандар 19 есеге, скарлатина – 5,4 есеге, вирустық гепатит – 3,1 есеге көбейген.

Мамандар осының бәрін де вакцина арқылы реттеп, қоғамда дерттің жайылуын оңай тоқтатуға болатынын айтады. Бірақ басты кедергі – көп адам вакцинаға күмәнмен қарайды. Жасырары жоқ, айналамыздағылар да екпеге үрке қарап, түрлі жалған мифтерді айтып жүреді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәдліметінше, елде тұмауға қарсы 2,2 млн адам егілген. Яғни, халықтың 10 пайызынан сәл асады. Аз екені белгілі, бұған жаңағы айтқан жалған сенімнің әсері бары даусыз.

– Мамандар халыққа күзден бастап түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі қажет. Көп жағдайда түсінбегендіктен, адамдар вакцинадан бас тартады. Екіншіден, әлеуметтік жауапкершілік жоқ, вирус жұқтырған адамдар қоғамдық орындарда жүре береді. Бұл да тұмаудың өршуіне әкеледі. Вирустың алдын алу үшін әр адам бетперде тағып, сырттан келгенде қол жуып, үйді жиі желдетуі қажет. Гонконг тұмауы А вирусына жататын штам. Үлкендерде де, балаларда да ауыр өткереді, – дейді дәрігер Несібелі Сүндетова.

Бір қызығы, тұмау вирустары да әр кезең сайын вакциналарға бейімделіп, мутацияға ұшырап отырады екен. Сондықтан вакциналар да жыл сайын штамға байланысты өзгертіледі. Ол үшін әлемдегі вакцина жасаушы ғалымдар үздіксіз ақпарат алмасады.

Қазір жағдайдың күрделі екенін әлеуметтік желілерден-ақ байқап отырмыз. Аурухана ине шаншар орын жоғын айтып, шағымданып жүргендер жетерлік. Шындығында да солай, елорданың бір ғана №3 көпбейінді балалар ауруханасында орын тапшы. Стационар 288 төсекке есептелген, бірақ науқастардың көбеюіне байланысты орын саны 453-ке дейін артқан. Осыны ескеріп, қоғам дерттің алдын алу жайын көбірек ойлағаны абзал екенін ұғамыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу