VAR жүйесіне спорт журналистері де тәнті болды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4035

Гана футболының жемқорлығын жариялаған журналистке құрмет көрсетілді.

VAR жүйесіне спорт журналистері де тәнті болды Фото: aipsmedia.com

Лозаннада Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының 82-інші Конгресінің жұмысы аяқталды.

Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының (AIPS) 82-інші Конгресі төрт күнге созылды. Бұған дейін жазғанымыздай, аталмыш жиын Лозанна қаласындағы Beau-Rivage Palace қонақ үйінде AIPS Sports Media Awards бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен ашылды. Оған Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах та қатысты.

Екінші күні таңертең әр құрлықтың басқосуы Beau-Rivage Palace қонақ үйінің бірнеше залында бөлек-бөлек өтті. AIPS Asia отырысын Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының президенті Джанни Мерлоның өзі ашты. Ол бір сағаттай пікір алмасуға қатысып, одан кейін басқа құрлықтардың жиындарына кетті.

Ал AIPS Asia отырысы қызу пікірталаспен өтті. Азияның спорт журналистері арасында Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының мүшелері аз екендігі баса айтылды. Тәжірибе алмасу шараларын жетілдіре түсу жолдары талқыланды. Заман көшінен қалмай, тілшілердің біліктіліктерін арттыра түсу мәселесі де тілге тиек етілді. Жас журналистерге қолдау көрсету қажеттілігі де ұмытылған жоқ.      

Одан кейін бүкіләлемдік түрлі додалардың таныстырылымы өтті. Мәселен, су спорты түрлерінен биыл Кванджуда (Оңтүстік Кореяда) өтетін әлем чемпионаты жайлы егжей-тегжей айтылды. Special Olympics президенті мен басшылары да өз жұмыстары туралы баяндама жасады. Бұдан кейін спорт саласындағы журналистік тергеулерге айрықша көңіл бөлінді.

Бұл ретте, Гана журналисі Анас Аремейяудың деректі фильмін бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Оның өз еліндегі жемқорлық пен Гана футболындағы былықтарды ашуға тырысқан еңбегі өте жоғары бағаланды. Ол тіпті әріптесі Ахмед Хуссейн-Суаледен айырылып қалса да (оны атып кеткен), журналистік тергеуін тоқтатпаған. Оған AIPS Sports Media Awards бәйгесінің арнайы жүлдесі табыс етілді.

Түстен кейін Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының Конгресіне ХОК президенті Томас Бах келіп қатысып, ашық пікірталас ұйымдастырылды. Әрине, оған сұрақ қойғысы келген журналистердің қарасы қалың болды. Олимпиадалық ақпараттық қызмет пен ғаламтор желісіндегі арнасының жұмыстары жайлы баяндамалар жасалып, көп мәліметтер мен деректер ұсынылды.

AIPS Конгресінің үшінші күні де осы қарқында өтті. Халықаралық дзюдо федерациясының президенті баяндама жасап, Ауғаныстанның велоспортшы қызы Ализаде Мазома мен оның жерлесі, ХОК мүшесі Самира Асгари "Спорт және иммиграция" тақырыбына пікірталас өткізді. Жалпы, бұл күні бірнеше халықаралық федерациялардың басшылары мен мүшелері баяндама жасап, өз жұмыстары жайлы ақпарат берді.

Түске дейінгі пікірталастар өте тартымды өтті. Әуелі FIFA Бас хатшысының орынбасары Звонимир Бобанмен кездесу өтсе, одан кейін ортаға FIFA-ның төрешілер департаментін басқаратын Массимо Бузакка шықты. Ол әлем чемпионаты кезіндегі VAR (Video assistant referee) жүйесі туралы қызықты баяндама жасап, AIPS Конгресіне қатысушылардың бәрін тәнті қылды.

Түстен кейін UEFA-ның медиа және PR бөлімін басқаратын Томас Джордано да көпшілікті өз баяндамасына селт еткізбей, ұйып тыңдатты. Спорт саласындағы тұрақты демеушілер де ұмыт қалған жоқ. AIPS-тің жас журналистері бағдарламасы бойынша шыңдалып, тәжірибе жинап жүрген талантары да ортаға шығарылды. Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының 82-інші Конгресі Lausanne Palace қонақ үйінде кешкі шаймен тәмамдалды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу