Вашингтон Украинаны Patriot қорғаныс жүйесімен қамтамасыз етуге ақыры келісті

1592

Бұл қару миллиондаған адамды жарықсыз, жылуыз, сусыз қалдырған ресейлік зымырандар мен ирандық дрондарды құлату үшін Киевке шұғыл қажет болып тұр. 

Вашингтон Украинаны Patriot қорғаныс жүйесімен қамтамасыз етуге ақыры келісті Фото: АР агенттігі

АҚШ Украинаға Patriot зымырандық батареясын жіберуді мақұлдауға дайын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Осылайша, Вашингтонда Украина басшыларының ресейлік ракеталарды атып түсіруге сұраған мейлінше қуатты қаруына қатысты ортақ мәмілеге ақыры қол жеткізілді. Мұны "Ассоушиэйтид пресс" агенттігі америкалық әкімшілік өкілдеріне сүйеніп хабарлады.

Атын атамауды өтінген үш америкалық шенеунік айтқандай, Құрама Штаттар үкіметі Украинаға бұл ракеталық жүйенің жіберілетінін бейсенбіде жариялап, мақұлдау процесі апта соңында аяқталуы мүмкін. АР-ның өзге бір дерегінше, "патриот" Пентагонның қоймасынан алынып, өзге мемлекет аумағынан Киевке жөнелтілуі керек.

Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбі күні батыстық лидерлерден Ресеймен соғысу үшін жетілдірілген қару-жарақ сұрады. Patriot - Ресейдің әуе шабуылдарына тойтарыс беру мақсатында Украинаға жіберілуі мүмкін ең озық "жер-әуе" зымырандық жүйесі.

Дүйсенбіде өткен бейнеконференцияда Зеленский Германияға және "Жетілік" өнеркәсіптік державалар тобының басқа да жетекшілеріне  Украинаға алыс қашықтыққа арналған зымырандар, заманауи танктер, артиллерия, ракеталық батареялар және басқа да жоғары технологиялық әуе қорғаныс жүйелері қажет екенін айтты. Соңғы айларда РФ армиясы бұл мемлекеттің азаматтық нысандарын да қиратып, миллиондаған адамды жарықсыз, жылусыз, сумен қалдырып отыр.

"Өкінішке орай, артиллерия мен зымырандарда Ресей әлі де басымдыққа ие. Украинаның энергетикалық нысандарын ресейлік ракеталардан және ирандық дрондардан қорғау - тұтас Еуропаны қорғау. Өйткені Ресей бұл соққыларымен тек Украинаны ғана емес, бүкіл Еуропа одағын гуманитарлық және миграциялық апатқа ұшыратып отыр", - дейді Зеленский.

Ақ үй мен Пентагон басшылары Украинаны қосымша әуе қорғанысымен қамтамасыз етуге басымдық бергенін және Киевке Patriot жүйесін жеткізу мәселесі біраз уақыттан бері қарастырылғанын мәлімдеп отыр. Олардың айтуынша, қыс ішінде Ресейдің азаматтық инфрақұрылымды бомбалау операциялары күшейген сайын бұл проблеманың өзектілігі тіпті арта түспек.

Дегенмен, сейсенбі күнгі брифингтерде Пентагон мен Мемлекеттік департамент өкілдері Украинаға Patriot кешені аттандырылатынын растамаған еді.

Тағы бір айта кететін жайт, АҚШ көптен бері Украинаға бұл қаруды ұсынудан бас тартып келді.  Өйткені Америка әкімшілігі мұндай шешім жағдайды одан сайын шиеленістіріп, Мәскеуді жауап беруге мәжбүрлейді деп қауіптенді. Сонымен қатар, Patriot маңызды дайындықты қажет етеді және оны қолдану үшін Құрама Штаттар армиясын тартуға тура келеді деген алаңдаушылық болды. Байден болса, Украинаға әскер жіберуге үзілді-кесілді қарсы.

Сонда Украина "Патриотты" дайындықсыз қалай пайдалануы керек? Бұл сауалға Пентагонның баспасөз хатшысы, бригада генералы Патрик Райдер жауап берді. Оның айтуынша, АҚШ Украинаға күрделі қару-жарақ жүйелерін, мысалы, HIMARS тәрізді артиллериялық арсенал бергенде де осы қажеттіліктерді ескерген. Қазіргі уақытта АҚШ күштері Украина әскерлерін Германия сияқты Еуропаның басқа елдерінде HIMARS сияқты өзге де жүйелерге жаттықтырып жатыр.

АҚШ әкімшілігі Patriot батареясын Украина үшін мақұлдағанын CNN алғаш рет хабарлады. Оның мәліметінше, бүгінгі жоспар бойынша, Украинаға бір ғана Patriot жіберіледі. Бұл батареяның жүк машинасының үстіндегі сегіз ұшыру қондырғысының әрқайсына төрт зымыран тағылады.

Сонымен қатар, радарлардан, басқару станциясынан, компьютерлер мен генераторлардан тұратын батареяны әдетте жұмыс істету үшін шамамен 90 сарбаз қажет. Бірақ, әскерилердің дерегінше, онымен атуға үш жауынгер де жеткілікті.

Patriot зымыран жүйелері мен басқа да күрделі "жер-әуе" санатындағы қарулар АҚШ-тың одақтастары арасында, соның ішінде Ресейдің келесі нысанасына айналуы мүмкін Шығыс Еуропа елдерінде үлкен сұранысқа ие. Бірақ, Құрама Штаттарда бұндай батареялардың саны шектеулі. Соңғы жылдары Вашингтон өз одақтастарын Ираннан қорғау үшін "Патриотты" Таяу Шығысқа да орналастырған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу