Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың спорттық киімі Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада музейіне ресми түрде табысталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл – Халықаралық Олимпиада музейінде ұсынылатын Қазақстанның алғашқы әрі жалғыз формасы. Аталған музей – әлемдік олимпиадалық тарихтың басты орталықтарының бірі, онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрнекті спортшылардың ұлы жеңістері мен жетістіктерінің нышандары сақталады.
Салтанатты рәсім Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) "Көпірлер орнату: инновациялар мен шығармашылық – болашақ қоғамының қозғаушы күші" тақырыбындағы бейресми министрлік саяси диалогы аясында өтті. Талқылаудың өзегінде спорт, инновация, шығармашылық және халықаралық ынтымақтастық елдерді біріктіруге, адам әлеуетін ашуға және болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға қалай ықпал ететіні туралы мәселелер болды.
Іс-шараға Қазақстан атынан Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев, сондай-ақ Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қатысты.

Александр Винокуров өз сөзінде спорт адамның мүмкіндіктер шегін кеңейтуге үйрететінін, ал жеңіс ешқашан бір адамның ғана күш-жігерінің нәтижесі болмайтынын атап өтті. Әрбір жеңістің артында команда, білім, технология, еңбек және сенім тұрады. Ол бүгінде Қазақстан білімге, инновацияға және азаматтарының әлеуетін ашуға ерекше мән беріп отырғанын атап көрсетті.
ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі алғаш рет Қазақстанның олимпиадалық формасы Халықаралық Олимпиада және әлемдік олимпиадалық қозғалыстың тарихын сақтайтын музейде өз орнын алғанын атап өтеді. Біздің еліміз үшін бұл – халықаралық мойындаудың маңызды нышаны әрі отандық спорттың, қазақ чемпиондарының және Қазақстан туының әлемдік олимпиадалық тарихта лайықты орын алатынының дәлелі.