Осы мақсатта ел астанасы Ханой қаласында сыйымдылығы 135 мың адамды құрайтын алып стадионның құрылысы жүргізілуде.
Жоба толық жүзеге асқан жағдайда, бұл спорт нысаны әлемдегі ең ірі стадиондардың ішінде 2-орынға шығады. Қазіргі уақытта ең үлкен стадион Солтүстік Кореядағы 150 мың адам сыятын "1 мамыр стадионы" болып саналады.
Жаңа арена "Trong Dong" деп аталады және ауқымды Олимпиадалық спорт кешенінің негізгі нысаны болмақ. Vietnam Express басылымының хабарлауынша, жобаның басты мақсаты – болашақта Азия ойындарын, сондай-ақ Олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндік жасау.
Жоспарға сәйкес, негізгі стадион 2030 жылға дейін пайдалануға беріледі. Ал кешен құрамындағы өзге спорт нысандарының құрылысы 2035 жылға қарай толық аяқталады. Жобаның жалпы құны шамамен 38 миллиард АҚШ долларына бағаланған.
Стадионның сәулеттік шешімі Вьетнам мәдениетінің көне нышандарының бірі – донг сон барабандарынан шабыт алған. Бұл ұлттық мұраны заманауи архитектурамен ұштастырған ерекше жоба ретінде бағаланып отыр.
"Trong Dong" стадионы ұлттық деңгейдегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды қабылдауға лайықталып салынып жатыр. Кешен инфрақұрылымы халықаралық спорт федерациялары мен беделді турнир ұйымдастырушыларының талаптарына сай жобаланған.