Интернет арналары кеңейтіліп, электронды қызметтер жетілдіріледі

25205

Вице-министрлер интернет пен электронды үкіметтің жұмыс істеу мәселесін қозғады.

Интернет арналары кеңейтіліп, электронды қызметтер жетілдіріледі

Еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлері Дарын Тұяқов және Абылайхан Оспанов төтенше жағдай кезіндегі интернет желісінің тұрақтылығы мен электронды үкімет порталының жұмыс істеу мәселесі жайлы сөз қозғады.

Интернет арналарын кеңейту үшін 50 базалық станция салу жоспарланып отыр
Вице-министр Дарын Тұяқов карантин кезінде интернеттің әлсіреуіне не себеп болғанын айтып өтті.

"Бүгінгі төтенше жағдай кезінде байланыс қазметіне талап пен сұраныс күшейіп отыр. Бүкіл әлемде интернет арналарына зор салмақ түсуде. Елімізде де интернет абоненттерінің белсенді өсуі, интернет дүкендері арқылы тауарларды, тағам мен дәрі-дәрмектерді үйге жеткізуге тапсырыс берудің көбеюі, видеоконтентті қолданудың өсуі, үйден онлайн жұмыс істеуге көшу және оқушылар мен студенттердің қашықтықтан оқуы интернетке түскен салмақты арттыруда. Осы факторлар сыртқы интернет трафиктің 20%-дан асуына және ішкі арналардың жүктемесінің өсуіне әкеп соқты", – деп айтып өтті Дарын Тұяқов.

Вице-министр интернет арналарын кеңейту үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, интернет желісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін 50 базалық станция салу жоспарланған. 

"Сол себепті, өз тарапымыздан қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, байланыс сапасын жақсартудамыз. Осы орайда байланыс операторлары интернет арналарын кеңейту үшін тиісті жұмыстар атқаруда. Сыртқы арналар 20%-ға кеңейтілді әрі байланыс сапасын бақылау үздіксіз жүргізілуде. Кейбір азаматтың радио толқынынан, таралатын сәуледен қорқуы себебінен Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар тұрғын үйлерден базалық станция алынып тасталған болатын. Сол себепті кей жерде интернеттің нашарлығы байқалады. Осыған байланысты, қаланың интернет сапасы нашар жерлерінде қосымша базалық станция орнату мәселесі қала әкімшілігімен бірлесе отырып пысықталуда. Әкімшілік базалық станция орнату үшін электрмен жабдықталған жер телімін бөлуі керек. Станциялар тұрғын үйлерде орнатылмайды. Қазір қалада бес жерде антенна орнатылып, электрмен жабдықталды. Биыл елордада осындай 50 базалық станция салу жоспарда бар. Бұндай жұмыс Алматы қаласында басталып кетті. Сондай-ақ, осындай базалық станциялар басқа өңірлерде де салынады", – деді вице-министр.

Ал вице-министр Абылайхан Оспанов электронды үкімет порталы мен 1414 бірыңғай байланыс орталығының жұмысы жайлы айтып өтті. Оның сөзінше, 1414 бірыңғай байланыс орталығы бір күнде 600 мың қоңырау қабылдаған.

"Бүгінгі таңда барлық қызметтердің 80%-ын электронды түрде алуға болады. Биылғы жылдың соңына дейін электронды қызметтер үлесін 90%-ға дейін жеткіземіз. Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алушылардың саны жылдан жылға артуда. Төтенше жағдай кезінде халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылды. Сол себепті, электронды түрде алуға болатынын қызметтерді халыққа жеткізу үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеуде. Азаматтардың соққан қоңырауларына жауап беріу үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығы қызметкерлерінің санын 2 жүзден 2 мыңға дейін жедел түрде арттырдық. Байланыс орталықтары әдетте ең көп дегенде күніне 25-30 мың қоңырау қабылдаса, қазір 600 мыңға дейін қоңырау соғылатын кездер болады" – деді вице-министр. 

Сондай-ақ Абылайхан Оспанов автосалондарда сатылып алынатын жаңа көліктерді электронды түрде тіркеу іске қосылатынын айтып өтті.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамымен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесе отырып бірқатар мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіру және қолданыстағы қызметтерді жетілдіру жөнінде жұмыстар атқарып жатырмыз. Мысалы, жақында ең көп пайдаланылатын қызметтердің бірі – жаңа автокөлікті онлайн режимде тіркеуді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл қызмет автосалондарда сатылып алынатын көліктерді тіркеу кезінде пайдаланылады. Бұрын тіркелген автокөлігіңізді басқа адамға сатқыңыз келсе, электронды форматта іске асыру мүмкін екенін білесіз", – деді вице-министр.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылса да, ЭЦҚ алуға болады
Әр түрлі электронды қызметтерді алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет екені белгілі. Төтенше жағдайға байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылды. Дегенмен, бүгінгі күні электронды түрде ЭЦҚ алудың бірнеше тәсілі бар. 

Вице-министр Абылайхан Оспанов электронды цифрлық қолтаңбаны электронды үкімет порталында еш кедергісіз алу үшін бірнеше тетік қарастырылғанын айтып өтті.

"Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жабылса да, ЭЦҚ алу мәселесін шештік. Бүгінгі күні бет жүзіңізді биометрикалық сәйкестендіру және бір реттік құпиясөзді қолдану арқылы электронды түрде ЭЦҚ алуға болады. Бұл тетік қазіргі кезде жұмыс істеп тұр. Осы жолмен заңды тұлғалар да ЭЦҚ ала алады. Электронды түрде қызмет алудың екінші тетігі – бір жолғы құпиясөз арқылы сұрауларды мақұлдау. Осы тәсілмен қызмет алу үшін сіздің мобильді телефоныңыздың нөмірі азаматтарға арналған электронды үкіметтің базасында болуға тиіс. Яғни базаға тіркелу керек. Қазір базамызда 8 млн нөмір бар. Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай қызмет алудың тағы бір тетігін іске қостық. Ол – осы орталыққа жүгіну. Ол үшін 800 ХҚКО операторы жұмыс істеуде", – деді Абылайхан Оспанов.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу