Вице-министр мен депутат келіспей қалды

6596

Мал шаруашылығына бөлінген 36,5 млрд теңге субсидия қысқартылды.   

Вице-министр мен депутат келіспей қалды

Түсініспеушілік бюджет қаражатын үлестіруден туды. Қаржы министрлігі 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке толықтыру мен өзгеріс енгізу барысында ауыл шаруашылығы министрлігінің жобаларын субсидиялауға бөлінуге тиісті 36,5 млрд теңгені қысқартып тастаған. Бұл дұрыс шешім емес екенін алға тартқан мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловқа ауыл шаруашылығын неге жақсы көрмейсіздер деп сауал қойды. 

"Қазіргі бюджеттен қаржы министрлігінің асыл тұқымды мал шаруашылығына бөлінуге тиісті 36,5 млрд теңге субсидияны қолдамағанын көріп отырмыз. Сіздер, қаржыгерлер, мал шаруашылығына субсидия бөлінбесе дүкен сөрелерінде ет болмайтынын қалайша түсінбейсіздер? Бұл тізбек бір-бірімен тығыз байланыста ғой", –  деді депутат.

Оның сөзінше, тиімсіз субсидиядан бас тартқан дұрыс. Алайда бұл барлық субсидияны қысқарту керек дегенді білдірмейді. 

"Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жағдайы мәз емес. Табиғаттың тосын мінезінің салдарынан, оның ішінде қуаңшылықтан егін ору, бидай бастыру ісі ойдағыдай жүзеге аспады. Бұған қоса сіздер экономиканың нақты секторын қолдаудан бас тартып отырсыздар. Мен мұндайды түсінбеймін. Бюджет дәл осы қалпында қабылданбауға тиіс", – деп қынжылды Мұрат Теміржанов.

Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов қабылданған шешімге қатысты түсініктеме берді. 

"Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсыныс жасады. Олар бізге бөлінетін қаржының қайда, қалай жұмсалатынына қатысты есептерін көрсетуге тиіс еді. Сонымен қатар қай субсидия тиімді екенін дәлелдеу қажет болды. Бұдан кейін қаржы министрлігі субсидия бөлу бойынша нақты шешім шығарар еді. Өкінішке қарай, бюджетті нақтылау және сараптау кезінде ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті құжаттарды тапсырған жоқ", – деді Берік Шолпанқұлов.

Вице-министрдің ескертуін елегісі келмеген депутат оған қарсы уәж айтты.

"Сіз түсінесіз бе, мәселе министрлікте емес, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде. Олар мемлекетке сеніп, трактор паркін жаңартты, мал сатып алды. Осының барлығы іске асқан кезде сіз "тоқтай тұрыңыздар!" дейсіз. Бұлай болмайды. Бағдарламаны бастағаннан кейін, соңына дейін жеткізу керек", – деді Мұрат Теміржанов.

Бұдан кейін халық қалаулысы қаржы министрлігі неліктен сыйақы купонына қатысты 17 млрд теңгені ауыл шаруашылығы министрлігінен қайтарып алғанын сұрады. 

"Заң жобасының қазіргі уақытта Сенат қарауында жатқанына және оның таяу аралықта қабылданатынына қандай кепіл бар? Ауыл шаруашылығы министрлігі, бағдарлама әкімшісі одан кейін бұл ақшаны қалай алады. Бұл қаражаттың бюджетке қайтарылуына кім бастамашы болды?", – деді мәжіліс депутаты.

Депутаттың сауалына вице-министр: "Сыйақыға купон бойынша субсидия төлеуге көзделген 16,7 млрд теңге қысқартылды. Бұл сома резервте тұр", – деп жауап берді. 

Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде мал және құс шаруашылығын субсидиялау 7,4%-ға қысқарды. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу