Вице-министр: Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа келісімшартқа қол қойды

545

Спортшы таяуда АҚШ-қа барады. 

Вице-министр: Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа келісімшартқа қол қойды Фото: РИА Новости

Туризм және спорт министрлігі мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровпен келісімшартқа қол қойылып, мәселе шешілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Құрметті отандастар, қазақ спортының жанашырлары! Сіздерге Туризм және спорт министрлігі атынан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың мәселесіне байланысты ресми мәлімдеме жасағым келеді. Михаил Шайдоров – отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ. Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз.

Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан келісімшарт мәселесіне тоқталсам, бүгінгі күні келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді", – деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанады. 

"Сондай-ақ бірер күннен соң Михаил Шайдоров өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келеді. Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз", – деді вице-министр.

Айта кету керек, бұған дейін Михаил Шайдоров 5 айдан бері кешіктірілген жалақысы толық төленcе, қаражатты түгелдей қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлімдеген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу