WBO Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми шешім шығарды

295

WBO қазақстандық боксшының чемпиондық титулдан өз еркімен бас тарту туралы өтінішін қабылдап, жаңа чемпионды жариялады.

WBO Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми шешім шығарды  Фото: kaz.inform.kz

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Комитет Жәнібек Әлімханұлының WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан өз еркімен бас тартуын ресми түрде қабылдайды. Уақытша чемпион Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне көтеріліп, осы атаққа тиесілі барлық құқықтар мен міндеттерді иеленеді. Әлімханұлы бұған дейінгі тәртіптік шешімде көрсетілген барлық талаптарды орындады. Оның екінші орта салмақ дәрежесіндегі әлемдік рейтингке енгізу туралы өтініші WBO рейтинг комитетінің қарауына жолданды. Комитет бұрынғы чемпиондық мәртебесі мен жетістіктерін ескеруі мүмкін. Сонымен қатар ұйым Бентлидің алғашқы титулдық жекпе-жегі міндетті қорғаныс па әлде ерікті қорғаныс бола ма, оны кейін анықтайды. Бұл шешім түпкілікті болып саналады және оған 14 күн ішінде жазбаша түрде шағым беруге болады, – делінген WBO мәлімдемесінде.

Сондай-ақ ұйым кубалық Йоэнли Эрнандесті орта салмақтағы міндетті үміткер ретінде жариялады.

Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы 2025 жылғы 2 желтоқсанда басталды. VADA ұйымы 15 қарашада алынған сынамадан тыйым салынған мельдоний препаратын анықтаған. Соның салдарынан WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жоспарланған біріктіруші жекпе-жек өтпей қалған.

Боксшы тыйым салынған препаратты әдейі қолданбағанын айтып, "Б" сынамасын ашуды талап етті. Алайда қаңтар айында бұл сынама да мельдонийдің бар екенін растаған.

Командасының мәліметінше, 2025 жылғы 7 мамырда Жәнібек Әлімханұлы денсаулығына байланысты ем қабылдап, құрамында мельдоний бар "Рипронат" препаратын қолданған.

Қазақстан кәсіби бокс федерациясы спортшының әрекетін жеңіл дәрежедегі абайсыздық деп бағалап, оны 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап алты айға жарыстардан шеттеткен.

2026 жылғы наурызда IBF Әлімханұлын міндетті титул қорғауын өткізе алмағаны үшін орта салмақтағы чемпиондық белбеуінен айырған еді. Ал WBO оның чемпиондық атағын сақтап қалғанымен, 2026 жылдың желтоқсанына дейін жекпе-жек өткізуге тыйым салған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу