World Boxing құрамына жаңа елдер қосылды

92

World Boxing ұйымына енген елдер саны 168-ге жетті.

World Boxing құрамына жаңа елдер қосылды

World Boxing Атқарушы комитеті Беларусь, Кипр, Мозамбик, Ниуэ, Папуа - Жаңа Гвинея, Ресей, Танзания, Тонга және Замбия елдерінің ұлттық бокс федерацияларын ұйым құрамына қабылдауды мақұлдады. Осы шешімнен кейін ұйымға мүше елдер саны 168-ге жетті. Бұл туралы World Boxing баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Қазіргі таңда World Boxing құрамында 123 толыққанды мүше, бір қауымдастырылған мүше және 44 "мақұлданған мүше" бар.

Жаңа мүшелікке өтініш берген тоғыз федерация қатаң іріктеу процесінен өтті. Олар басқару жүйесінде ашық әрі әділ сайлау өткізетінін дәлелдеп, WADA талаптарына сай антидопингтік саясатты ұстанатынын көрсетті. Сонымен қатар, дауларды шешу және апелляция беру жүйесінің тәуелсіз немесе сыртқы бақылаумен жүзеге асатыны расталды.

Ресей мен Беларусь федерацияларының өтініштері мақұлданғанымен, World Boxing олардың жарыстарға қатысу шарттарын анықтау үшін Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан қосымша нұсқаулық күтеді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл елдердің спортшылары бейтарап жеке спортшылар мәртебесімен өнер көрсетуі мүмкін. Яғни, олар жарыстарға ту мен әнұрансыз қатысады.

Сонымен қатар, ұйым Ресей мен Беларусь боксшыларының Украинадағы соғысты қолдамағанын және әскери немесе құқық қорғау құрылымдарымен байланысы жоқ екенін тексеретін болады.

Ал Кипр, Мозамбик, Ниуэ, Папуа - Жаңа Гвинея, Танзания, Тонга және Замбия елдерінің қосылуы олардың 2026 жылы Глазгода өтетін Достастық ойындары 2026 аясындағы бокс турниріне қатысуына мүмкіндік береді. Бұл жарыс World Boxing ережелері бойынша өтеді.

Жаңа қабылданған федерациялар әзірге "мақұлданған мүше" мәртебесіне ие. Бұл оларға жарыстарға қатысуға мүмкіндік бергенімен, 2026 жылғы Конгресте дауыс беру құқығын бермейді. Толыққанды мүше мәртебесі тек Конгресте бекітіледі. Егер олардың өтініштері мақұлданса, 2027 жылдан бастап дауыс беру құқығына ие болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу