Биыл атауы жаңартылып, бағыты өзгертілген бұл дода Брюгге қаласының маңында ұйымдастырылды. Жалпы қашықтығы 202,9 шақырымды құраған жарыс өте тартысты өтті. Күні бойы XDS Astana Team спортшылары пелотонның алдыңғы қатарында белсенді жұмыс істеп, жарыстың қарқынын бақылауда ұстады. Нәтижесінде жеңімпаз жаппай спринтте анықталып, дәл осы сәтте Макс Кантер үшінші болып мәре сызығын қиды.
Жарыстан кейін Кантер бәсекенің аса шиеленісті өткенін атап өтті. Оның айтуынша, жарыс басталған сәттен бастап мәреге дейінгі аралықта қарқын бір сәт те бәсеңдеген жоқ. Бірнеше рет эшелондар құрылғанымен, пелотон толықтай ыдырамай, жарыс жоғары жылдамдықта жалғасты.
Мәреге шамамен 20 шақырым қалғанда Макс Кантер құлап қалды. Соған қарамастан, командаластарының көмегімен қайтадан негізгі топқа қосылып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алған.
"Команда мені қайтадан пелотонға жеткізу үшін керемет жұмыс атқарды. Олардың көмегінсіз жарысқа қайта оралып, жүлде үшін күресу мүмкін болмас еді. Соңғы сәтте позициямды сәл жоғалтып алдым. Бірақ мықтылардың қатарында қалуға тырыстым. Нәтижесінде спринтім үшінші орын алуға жетті", – деді Макс Кантер жарыс аяқталған соң.
Осылайша, XDS Astana Team командасы маусымның маңызды жарыстарының бірінде табысты өнер көрсетті.