"XXXI MEMORIAL QOSANOV" халықаралық турнирі өтеді

1537

25-26 маусымда Алматының орталық стадионында "XXXI Qosanov Memorial" халықаралық турнирі өтеді.⠀

"XXXI MEMORIAL QOSANOV" халықаралық турнирі өтеді

Жеңіл атлетика – ең көне спорт түрлерінің бірі. Өйткені жүру, жүгіру, секіру сияқты табиғи қозғалыстар адамзат пайда болған дәуірден басталады. Ұзақ жолда жүгірумен ғана шектелген алғашқы жарыстар б.з.б 776 жылы өткен екен. Ал қазіргі таңда жеңіл атлетика Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген және әлемде кең тараған спорт түрі. Көптеген қазақ спортшылары еліміздің туын әлемдік аренада көкке көтеріп келеді. Солардың бірі "тұңғыш Олимпиада медалін иеленген қазақстандық" (1960 жылы Римде өткен Олимпиадада күміс жүлде) Ғұсман Қосанов.

Даңқты қазақстандық спортшының құрметіне жыл сайын "Qosanov Memorial" халықаралық турнирі өтеді. Бұл ТМД елдері бойынша Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығының элиталық сериясына енген жалғыз еске алу турнирі. Сондай-ақ бұл жарыс Азия жеңіл атлетика қауымдастығының күнтізбесіне де енгізілген.

Дәстүрге айналған турнир биыл Алматының Орталық стадионында 31-ші мәрте өтеді. 25-26 маусым аралығында жарысқа Аустралия, Жапония, Катар, Малайзия, Таиланд, Тунис, Украина, Үндістан, Пәкістан, Иран, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның үздік спортшылары келеді. Екі күнге жоспарланған ауқымды шараға 280 спортшы қатысады. Еске алу кешінің бағдарламасына балалар арасында 100 метрге жүгіру де кіреді. Халықаралық турнирге қатысушылар биыл АҚШ-тың Орегон штатында өтетін 2022 жылғы әлем чемпионатына лицензия алу құқығын сарапқа салады.

Осы орайда жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Дмитрий Карпов жарысқа қатысты өз пікірімен бөлісті.

"Қосановты еске алу турниріне ұлттық құрама спортшылары толықтай қатысады. Біздің спортшылар оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жарысқа тыңғылықты дайындалды. Барлығы жоғары орындар үшін күреседі", – деді Карпов.

2022 жылы жабық кешенде жеңіл атлетикадан өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая қазіргі ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі. Ол бұл жарысқа қалай дайындалғанын және өзін Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковамен салыстыратындарға қатысты ойын айта кетті.

"Дайындық қызу жүріп жатыр. Наурызда Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Түрлі жарыстарға қатысамын және алдағы турнирге дайынмын. 28 шілдеде "Бриллиант лигасының" келесі кезеңіне қатысу үшін Стокгольмге жол тартамын. Ал Рыпаковамен салыстыру туралы айтар болсақ, біз бір өңірденбіз. Мен үлкен жүкті сезінбеймін. Дегенмен мәртебеңді сақтап, жеткен жетістіктеріңді ұстап тұру оңай емес", – деді Дубовицкая

Сондай-ақ алдағы уақытта Алматыда өтетін жарыстардың болашағы зор. Бұл туралы Азия жеңіл атлетика қауымдастығының бас хатшысы Шуггумаран ерекше атап өтті.

"Қазір бұл турнир әлемдік реестрде С санатында. Келесі деңгейге өтуге болады. Ол үшін көбірек жарыстар өткізіп, қатысушыларды шақырып, өзімізді жақсы жағынан көрсетуіміз керек", – дейді Шуггумаран.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу