Якоб Фульсанг "Польша Турының" вице-чемпионы

1248

Краковта "Польша Туры" көпкүндігі мәресіне жетті. Қазақстандық "Астана Про Тим" командасының шабандозы Якоб Фульсанг бас классификация бойынша 2-орын иеленіп, көпкүндіктің вице-чемпионы атанды.

Якоб Фульсанг "Польша Турының" вице-чемпионы

Жарыстың соңғы 5-кезеңінде "Астананың" тағы бір шабандозы Уго Уль көзге түсті. Оның тобы негізгі топтан бөлініп шығып, мәреге 8 шақырым қалғанға дейін алдыңғы қатарда болды. Дегенмен көшбасшыларды пелотон қуып жеткендіктен, жарыс тағдыры спринтте шешіліп, италиялық Давиде Баллерини жеңіске жетті.

5-кезеңнің нәтижесі жалпы есептің көрсеткішіне әсер ете қоймады. Бельгиялық велошабандоз Ремко Эвенепул "Польша Турының" жеңімпазы атанса, "Астана" шабандозы Якоб Фульсанг 2-орынға ие болды. Ал ұлыбританиялық Саймон Йейтс үздік үштіктің қатарын толықтырды.

"Жалпы қол жеткізген нәтижеме көңілім толады. Жарыс жеңімпазы атану үшін тек бір ғана мүмкіндігім болды. Ол кеше өткен кезең болатын. Алайда бір шабандоз менен де мықты болып шықты. Дегенмен, жарыс жақсы өтті. Мен бұл көпкүндікке бірінші рет қатысып отырмын. Бәлкім кейбір кезеңдер менің ыңғайыма келе қоймаған шығар. Бұл мен үшін жақсы жаттығу болды. Енді Италияға аттанамын. Ол жақта "Ломбардия Турына" қатысамын", - деді Якоб Фульсанг.

"Бүгінгі кезең жаппай спринтпен аяқталды. Сол себепті ол біздің ыңғайымызға келе қойған жоқ. Бірақ командамызда Уго Уль алға озып, өзін тамаша қырынан көрсетті. Оның тобы финишке дейін жетті. Якобтың 2-орын иеленгеніне көңіліміз толады. Алдағы уақытта өтетін жарыстар алдында оның бабы жақсы", - деп қоса кетті Бруно Ченьялта.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу