Ян Вороговский: Литва - мығым қарсылас

1555

Литва және Қазақстан құрамаларының бас бапкерлері мен ойыншыларының қатысуымен матч алдындағы баспасөз мәслихаты өтті.

Ян Вороговский: Литва - мығым қарсылас

Ұлттар Лигасының екінші маусымын Қазақстан құрамасы С дивизионында бастайды. Ал алғашқы ойынды Литва командасына қарсы өткізеді. Қазақстандық футболшылардың ойын тәжірибесінің аздығына байланысты бапкерлік құрам алаңдатушылық білдірді. Себебі Қазақстан чемпионаты тек тамыз айында ғана жалғасты. Дегенмен матч алдында өткен баспасөз мәслихатында қазақстандық команданың бас бапкері жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенеді.

"Қазақстан құрамасы биыл бірде-бір ойын өткізген жоқ. Футболшылар чемпионатта аз ойнады. Алайда, команданың көңіл-күйі жақсы. Ойыншылар жақсылап жаттығу жүргізді. Жақсы ойын көрсетеміз деп үміттенемін. Өткен маусымда Қазақстан құрамасы Бельгия, Шотландия және Ресейге лайықты қарсылық көрсетті. Сол ойындарды қайталау керек. Екі команда да жеңіске жетуді қалайды", - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек,

Сонымен қатар Ұлттық құрама қорғаушысы Ян Вороговский ойыншылардың тактикалық және физикалық тұрғыдан жақсы дайындық жүргізгендерін атап өтті.

"Литва - мығым қарсылас. Жақсы чемпионаттарда ойнаған футболшылары бар. Қазақстан чемпионатында да доп тебетін ойыншылар бар. Қарсыласқа қарсы тактикалық және физикалық дайындық жүргіздік. Жақсы ойын көрсетуге дайынбыз" - деді Вороговский.

Ал бүгінгі өтетін кездесудегі Литва құрамасының басты мақсаты жеңіске жетіп, топта бірінші орын алу.

"Ойынды асыға күтіп жүрміз. Жиынның үш күнін қарқынды өткіздік. Жеңіске жетуді қалаймыз. Алайда, қарсыласты құрметтейміз. Ең жоғары міндет - топтан бірінші орын алу. ал, төменгі тапсырма - С дивизионында қалу. Жанкүйерлерді жоқтығы алғашқы бес минутта байқалуы мүмкін. Әрі қарай ойымыз ойынға ауысады. Футболшыларым жанкүйерлерге қуаныш сыйлауға дайын", - деді Литва құрамасының бас бапкері Валдас Урбонас.

Қазақстандық команданың қарсыластары жеңіске жетуді көздеп отыр. Бұл туралы матч алдында өткен жиында Литва құрамасының қорғаушысы Саулюс Миколюнас мәлімдеді.

"Өз алаңымызда жол бергіміз келмейді. Біздің топтағы қарсыластардың деңгейі бірдей деп ойлаймын. Ойын кімнің мықты екенін айтады. "Жальгирис" сапында жүріп еурокубок ойынында "Астанаға" қарсы ойнадық.  Сол ойыннан бастап қазақ футболымен таныспын", - деді Миколюнас.

Литва - Қазақстан матчы 4-қыркүйек күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 22:00-де басталады. Кездесуді "Qazsport" телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу