"Яндекс" 8 елде істен шықты: такси, тағам, төлем тоқырады

1135

8 қазаннан бері әлемдегі бірнеше елде "Яндекс" сервистерін пайдаланушылар ауқымды техникалық ақауларға тап болды.

"Яндекс" 8 елде істен шықты: такси, тағам, төлем тоқырады Фото: yandextaxi

"Яндекс Go", тағам мен тауар жеткізу қызметтері, қалалар көшелерінің карталары, төлем сервистері және компанияның өзге де қосымшалары қалыпты жұмыс істей алмай тұр. Жолаушылар такси шақыра алмаса, жүргізушілер тапсырыстарға қол жеткізе алмаған. Сатып алушылар болса, тауарларды жеткізуге тапсырыс бере алмады, деп жазды inbusiness.kz.

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, ақаулар кемінде сегіз елді қамтыған. Олардың арасында – Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Беларусь, Армения және Сербия бар. Халықаралық ауқымға ұласқан іркілістерге "Яндекстің" деректер орталықтары инфрақұрылымындағы проблемалар себеп болған. Сарапшылар ондаған сервистің шектеулі ғана есептеу қуаттарына тәуелді болуы елеулі қауіп екенін ескертеді.

Жаппай ақау Ресей мен Қазақстанның қалыпты тіршілігін бұзды

Қазақстанда да жағдай біршама күрделі болды. Адамдар жұмысқа немесе алдын ала жоспарланған іс-шараларға жету үшін қанша жерден осы агрегатордан такси шақыруға тырысқанымен, сервистің дұрыс жұмыс істемеуінен діттеген жеріне дер кезінде жете алмай қалу қаупі төнді. Бірақ елде басқа такси қызметтерінің болуы тығырықтан құтқарған.

"Бір қарағанда, таксиді іздеу функциясы жұмыс істейтін де сияқты. Бірақ тапсырысты рәсімдей бастасаң, қосымша "қатып" қалады. Іздеу басталуын басталғанымен, нәтижесін көрсетпей, шексіз жалғаса береді: не көлік ұсынылмайды, не картадан бірде-бір машина көрінбейді. Мен бұл жолы Ресейде емес, Қазақстандамын. Мұнда да сервистер жұмыс істемей тұр", – деп шағымданды Галина.

Қазақстандық Threads қолданушылары да компанияның бірнеше өнімінде бір мезгілде ақау пайда болғанын айтып, дабыл қақты.

"Қазақстандағы “Яндекске” не болды? Ақылды үй жұмыс істемейді, қосымша ашылмайды, адамдар тіпті такси де шақыра алмай жатыр", – деп жазды пайдаланушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы таңғы сағат тоғызда басталатын іс-шараға баруы керек болғанын, алайда такси шақыра алмағанын хабарлады. Мұндай жағдайлар техникалық ақаудың қарапайым адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін түйткілге айналғанын көрсетті.

Кеше, 11 қазанның кешіне қарай Қазақстандағы "Яндекс" сервистері қайтадан жұмыс істей бастады. Алайда көршілес Ресейде жағдай өзгеше. Онда пайдаланушылар ұқсас қиындықтар жалғасқанын әлі де хабарлауда.

"Фонтанка" басылымының мәліметінше, шағымдар саны түнгі сағат үштен кейін күрт өскен. Қолданушылар "Қала таксисіз қалды", "Көлік жоқ", "Бос машиналар жоқ деп көрсетіп тұр" деген мазмұндағы хабарламаларды қаптатты. Біреулер қосымшаның ұзақ жүктелетініне шағымданса, енді бірі жүргізушіге тапсырыс жетпейтінін нұсқады.

Reddit әлеужелісінің Николай есімді пайдаланушысы такси шақыру әрекетінен нәтиже шығара алмауы неге соқтырғанын баяндады.

"Яндекс Карталарында” көліктер мүлде көрінбейді. Бір сағат бойы такси шақыруға тырыстым, кейін тапсырыстан бас тарта алмадым. Қолымнан келгеннің бәрін жасап көрдім. Техқолдау жауап бермейді. Қасымда дәл сондай мәселеге душар болған әкелі-балалы тұрды. Олар соның кесірінен ұшаққа кешігіп қалды. Қысқасы, енді такси қызметіне тікелей қоңырау шалған оңай әрі жылдамырақ. Болмаса, бұрынғыдай жол жиегіне шығып, көлік тоқтатуға тура келеді", – деп кеңес берді мәскеулік Николай.

"Бүгін таксиге тапсырыс бере алмай ығыр болдым. Іздеу шексіз жалғасады, сервер жағында қате бар деген хабарлама шығады", – деп жазды KafkaF лақап аты бар тағы бір пайдаланушы.

Ақау осы платформа арқылы кәсібін жүргізетін адамдарға да соққы болды. Жүргізушілер мен курьерлер тапсырыстарды әлі күнге толыққанды қабылдай алмауда. Жолаушылар сапарға берген тапсырысының рәсімделген-рәсімделмегенін түсінбей дал.

Оның үстіне Яндекс қосымшасы ашылғанымен, бұл сервистің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын білдірмеді. Өйткені негізгі функция – көлікке тапсырыс беру қолжетімсіз күйде қалуы мүмкін.

Мәселе "Яндекстің" өз сервистерімен ғана шектелген жоқ. "Додо Пицца", "М.Видео", "Магнит", "Лента" және басқа да компаниялар жұмыстағы іркілістер туралы хабарлады. Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, ақаудан зардап шеккен компаниялардың ұзын саны екі жүзге дейін жетуі мүмкін.

Өзбекстаннан Сербияға дейін: ақаулар жаңа елдерге тарады

The Insider басылымының дерегінше, сервистердің жұмысына қатысты шағымдар Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Беларустен, Армениядан және тіпті Сербиядан түскен. Дегенмен ақаулардың ауқымы мен қызметтер жұмысының бұзылу деңгейі әр елде және әр қосымшада әртүрлі болған.

Өзбекстанда Ташкент пен басқа қалалардың тұрғындары такси шақыра алмады. Сондай-ақ жол жүру құнын білу және қоғамдық көліктің, автобустардың қозғалысын тексеру мүмкіндігінен айырылғанын хабарлады. Жүргізушілер және курьерлер қиындықтарға тап болды.

Gazeta.uz басылымының жазуынша, Yandex Uzbekistan компаниясы өз түсініктемесінде "цифрлық өнімдердің бытыраңқы есептеу инфрақұрылымын пайдаланатынын" жеткізген. Мұндай жүйенің құрамдас бөліктері әртүрлі елдерде орналасуы мүмкін. Сондықтан инфрақұрылымның бір буынындағы ақау РФ шекарасынан тыс жерлердегі сервистердің жұмысына да әсер етеді.

Қырғызстанда іркілістер жолаушыларға, жүргізушілерге, курьерлерге, мейрамханалар мен дүкендерге залалын келтірген. Kaktus.media басылымы сервистің пайдаланушылардан кешірім сұраған мәлімдемесін жариялады.

"Бұлай болғанына қатты өкінеміз. Әсіресе тапсырысыңызды рәсімдеп қойып, енді онымен не болып жатқанын уайымдап отырсаңыз, жағдайдың қаншалықты жағымсыз екенін түсінеміз. Жүргізушілерге, курьерлерге, мейрамханаларға және дүкендерге де оңай тимеді", – деп хабарлады "Яндекс" өкілдері.

Платформаның әртүрлі құрамдас бөліктері арасындағы байланыс бұзылғанда, пайдаланушы тапсырыстың расталғаны туралы хабарламаны уақытында алмауы мүмкін. Ал қызмет көрсетуші тарап тапсырыс жөніндегі өзекті ақпаратты таба алмайды. Салдарынан бизнес өкілдері қызмет көрсету үдерісінің бұзылуынан зардап шекті және қосымша шығындарға ұшырады.

Беларусте қолданушылар "Яндекс Go" және "Яндекс Еды" сервистерінің жұмысына шағымданды. Армения мен Грузияда такси шақыру және қосымшадағы карталарды пайдалану кезінде қиындықтар туындапты.

Бұдан бөлек, "Яндекс Пэй", "Яндекс Музыка", "Кинопоиск", "Яндекс Лавка" және "Алисамен бірге ақылды үй" жүйесінің жұмысында да ақаулар байқалған.

"Яндекс" қосымшалары қашан толық қалпына келеді?

Компания 11 қазанда, Владимир қаласындағы деректер орталығына дрондар шабуылынан кейін инфрақұрылымына зақым келгенін, оның жұмысы толық тоқтағанын растады.

Компанияның түсіндіруінше, Украина дрондарының шабуылдары салдарынан электрмен жабдықтау жүйесінде ақаулар туындап, Yandex Cloud бұлттық инфрақұрылымының жұмысы бұзылған. Бұған дейін, 8 қазанда Рязань облысының Сасово қаласындағы дата-орталығына шабуыл жасалған еді. Ізінше 9 қазанда ұшқышсыз аппараттар Калугадағы деректер орталығының бірнеше модулін жарып жіберді. Соның кесірінен бұл нысандардың да жұмысы тоқтаған.

Жекелеген нысандардағы ақаулар неліктен соншалықты ауқымды, халықаралық деңгейдегі салдарларға әкелді? Бұл сұраққа Mobile Research Group компаниясының жетекші сарапшысы Эльдар Муртазин жауап берді. Ол "Фонтанка" басылымына берген сұхбатында көркем теңеу келтірді.

"Қалыптасқан жағдайды көлік ағынын кең даңғылдан өткізу қабілеті әлдеқайда төмен жолға бағыттаумен салыстыруға болады. Егер "Яндекс" бұрын үлкен көшемен емін-еркін қозғалып келген болса, енді өзінің көлік ағынын тап-тар, тұйық көшеге сыйғызуға тырысып жатыр", – деп түсіндірді сарапшы.

Оның бағалауынша, компанияда жүктемені толық көлемде басқа қуаттарға көшіруге қажетті резервтік есептеу ресурстары жеткіліксіз болуы мүмкін.

TelecomDaily басшысы Денис Кусков қосымшалардың бұлттық платформаларға тәуелділігіне назар аудартты. Инфрақұрылым провайдерінің жұмысы тоқтаса, оның салдарын бір мезгілде көптеген клиент сезінуі мүмкін. Сервистерді басқа инфрақұрылымдық алаңдарға көшіру ағымдағы мәселені шешуге көмектескенімен, бұл үдеріс біразға созылады әрі елеулі техникалық ресурстарды талап етеді.

Сонымен қатар "Яндекс" ұлттық заңнама талаптарына сәйкес, қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері Қазақстан аумағындағы серверлерде сақталатынын нықтады.

Алайда дербес деректерді сақтау мен қосымшаның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету – екі бөлек міндет. Тапсырыстарды өңдеу және өзге де операцияларды орындау үшін сервистер бірнеше жерде орналасқан, шашыраңқы есептеу қуаттарын пайдаланады. Сондықтан инфрақұрылымның бір ғана құрамдас бөлігіндегі ақау бірнеше елдегі қызметтердің қолжетімділігіне қатар кесірін тигізуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу